Зерде • 28 Наурыз, 2024

«Қайран біздің шешелер...»

130 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ «Бұл жарық әлем күннің нұрлы сәулесінен, ананың ақ сүтінен жаралған» дейді аналарды ерекше құрметтеп. Аналарды қалай құрметтесек те жарасады. Аналар туралы нешебір ақындар керемет сырлы жыр жазып, сазгерлер әсем ән арнап, жазушылар сандаған қызықты роман, ­хикаят пен әңгіме жазып, қылқалам шеберлері өз сурттерінде аналар образын әсерлі өрнектеп, мүсінші­лер небір ғажайып ескерткіштер орнатты. Соның бір айғағы – біздің сүйікті Тараз шаһарының орталығына орнатыл­ған «Анаға тағзым» ескерткіші. Асыл аналар құрметі­не арналған осындай көрнекті ескерткіштер Ақтөбеде, Атыраудың Мақат пен Бейнеуінде, Қарағанды­ның Қарқаралысында және басқа да жерлерде орнатыл­ған. Бұл – көпшіліктің аналарға деген зор құрметі, халық­тың анаға деген шексіз махаббаты.

«Қайран біздің шешелер...»

Кезекті демалыс күндерімнің бірінде біраздан жиналып қал­ған газеттерімді парақ­тап отырып, «Egemen Qazaqstan» газе­тін­де журналист Бекен Қайратұлының Украи­надағы Черкасск облысының Корсунь-Шевченков ауданында Бровахи атты қыстақта өткен ғасырдың отызыншы жылдары Макар және Евдокия Лы­сенколар отбасы өмір сүргені, бұл ерлі-зайыптылардың үйелмелі-­сү­йелмелі 11 ұлы және 5 қызы болғаны тура­­лы жазған мақаласына көзім түсті.

ро

Өткен тарихтан білетініміз 30-жыл­дардың басында біздің Қазақстан сияқ­ты Украинаны да аштық жайлаған болатын. Лысенколардың он бір ұлы­ның үлкені Евтух зұлмат жылдары кәсіп іздеп Киевке аттанады. Ол сол күйі өлі-тірісі белгісіз хабарсыз жоғалады. Ал 16 баланың әкесі Макар 1933 жылы ішер асқа жарымай қиналған отбасын уайымдап, құсалықпен шейіт кетеді. Сөйтіп, жұттан аман қалған 10 ұл мен 5 қызын аналары Евдокия Даниловна әупірімдеп бағып-қағып, олар ептеп еңсе көтере бергенде, бұрқ етіп соғыс басталады. Қызық болғанда жесір кемпірдің 10 ұлы: Хтодос, Петро, Иван, Василий, Михайло, Степан, Николай, Павло, Андрей, Александр барлығы майданға аттанып, тәңірдің қалауы, тағдырдың жазуымен түгелдей қан майданнан үйлеріне, отбасына аман-есен оралады. Бұл – таңғаларлық, еш тарихта болмаған оқиға! 10 ұлын майданға аттандырып, амандығын тілеп үйдегі бес қызына пана болған Евдокия кейуананы соғыстан кейін үкімет Киевке шақырып, «Батыр ана» орденімен марапаттайды. Жарықтық, 1967 жылы 73 жасында бақилық болыпты. Сәл кейін, 1984 жылы Бровахи ауылына батыр ана Евдокия Даниловнаға арнап үкімет еңселі ескерткіш орнатады.

Бішкек-Ташкент автотрассасының бойында жол қарап тұрған – Екінші дүниежүзілік соғыста балаларынан айырылған барша аналардың құрметіне қойылған «Қара кемпір» ескерткіші тұр. Ұлы Жібек жолының бойында өмірі өкінішпен өткен ана майданға кеткен қос боздағының жолын тосып, таяғына сүйеніп әлі тұр… Майданға аман аттандырған ұлдарымен не тірі, не өлі қауыша алмай, күте-күте тасқа айналған ана!.. Бұл ескерткіш – жай ғана тарихи ескерткіш емес, ол – талайлы тағдыр, соғыс зардабының табы сақталған қасіретті белгі.

ра

...Осы өңірдегі Қызылсай ауылында Қали есімді ана болыпты. Ол Қосшықұл, Жексенқұл есімді ұлдарын өсіріп, енді келін түсіріп, қызығын көремін деп отырғанда соғыс басталып, екі ұлы бірдей Отан қорғауға аттаныпты. Жалғыз қалған Қали ана ұлдарының игілігіне деп жиған малын бағып, жол қараумен күн өткізген. Соғыс бітіп, Жеңіс туы желбіреп, ең бастысы, аман қалған азаматтар оралып, ел мәре-сәре қуанғанда Қали ананың көңіліне көктем, шаңырағына шаттық орнамапты. Өзгенің қуанышын қайтсін, өзінің өзегін жарып шыққан балапандарынан хабар болмаған соң? Сөйткен Қали ана, сол қалпында, алдында – малы, аузында – зары, өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін Қызылсайды кезіп жүріпті де қойыпты. Кейде ауылдың шетіндегі, төбеге шығып жол қарап отырады екен, ал кейде балапандарымның келгенін білмей қалдым ба деген оймен ауылды аралап, ұлдарын ұзақ іздейді екен, жарықтық. Бертінде, өзге жұрт «Жеңістің пәлен жылдығы» деп дүркіретіп тойлап жатқан бейбіт күндерде де Қали ана үшін сұрапыл жылдардың бұлты арылмапты, ұлдарының соғыстан оралуын күтіп жүріпті…

Бұл қайғы дүйім елдің басына түссе де, емші уақыт аздап ұмыттырса керек, Қали ананың қасіретін терең ұғынудан қалған жұрт оны «жынды кемпір» дейтін де болыпты. Бұл тарихты терең зерттегенше асығып, ел аузынан естігенім бо­йынша жазғандықтан қай жылы екенін дәл айта алмаймын, әйтеуір Қали әжей өзінің ескі тоқал тамында аянышты халде өмірден өтіпті.

Қали ананың тағдыры туралы әңгіме ел арасында тарап, көрнекті ақын Жақсылық Сәтібеков «Қара кемпір» атты поэма жазды, сол поэманың желісімен әнші-компазитор Алтынбек Қоразбаев жүректі сыздатып ән-толғау жазды. Сол «Қара кемпір» зарлы толғауы Жеңістің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1984 жылы жарыққа шыққан еді. Ал ескерткіш 1993 жылы орнатылыпты, оның авторы – мүсінші Болат Досжанов.

Қали ана қасына жиналған бала­лар­ға өз мұңын шағып, майданға кеткен ұлдарын күнде еске алып, бір сәт арман-қиялға беріліп өзімен-өзі сөйлеп кетеді екен, жарықтық: «Жексенқұл, Қосшықұлым – қос құлыным, сендерге арнап құрт-ірімшік жинадым. Тойларыңды әлі дүрілдетіп өткіземіз. Қойларың да көбейді. Мына жұрттан сені сұрасам, «келмейді» дейді. Өтірік, сендердің тірі жүргендеріңді мына жүрегім сезеді. Түбі мені іздеп келе-сіңдер… Ех, қарақтарым, сендер менің сағыныштан жүдеген халімді көрсең­дер ғой. Әйтеуір аман-есен оралсаңдар болды. Одан басқа менде арман жоқ, құлындарым. Беу, дүние-ай... » – деп мұңға батып күбірлеп отырады екен. Ұлдарына деген мөлдір аналық махаббаты, ішін жарып шыққан перзенттеріне деген сезім-үміті демі таусылғанша, көзі жұмылғанша Қали анаға серік болыпты.

Екінші дүниежүзілік соғыста ұл­да­рын жоғалтып, оның зардабын тартқан мыңдаған ананың бірі –Атыраудағы Қызылқоға ауданындағы Сәнді Деңгел­байқызы. Ол соғысқа аттанған жал­ғыз ұлын 30 жыл бойы күтумен болған. Оның Нәби атты ұлы мұнайшы болып еңбек етіп жүргенінде, кенеттен соғыс оты бұрқ етіп, ел азаматтары Отан қор­ғауға аттанып жатты. 30 жастағы Нәби Махамбетұлы қолында мұнай­шы ре­тінде броны бола тұра майдан­ға сұранып, өз еркімен 1942 жылдың 11 қыр­күйегінде жаумен күресуге аттанады. Көп уақыт одан хабар болмай, тек 1943 жылдың соңына қарай анасының қолына «қара қағаз» тиеді. Жарықтық, асыл ана жүрегі қайғылы бұл хабарға сенбей, 30 жыл бойы күн жібермей таяу Мақат стансасындағы теміржол вокзалына барып, «әне-міне, жалғызым келіп қалар» деп бүкіл қалған өмірін бауыр еті баласын зарыға күтумен өткіз­ген екен (1973 жылы 94 жасында көз жұм­­­ған). Жерлестерін бұл оқи­ға қатты толғандыра­ды. Сөйтіп, 2020 жы­лы боз­дағын күт­кен ана­ға Мақат стан­са­сының вок­залы ал­дына таяғына сүйе­ніп, көзін күннен көле­гейлеп, теміржол бо­йына үмітпен қараған ескерткіш орнатылды (ана бейнесін мүсін­ші Серік Мәтениязов жа­саған).

про

...Қарағанды өңіріндегі Қарқара­лы тас жолы бойында Арқаның қатал қысы мен аңызақ жазына, ақ қар, көк мұзына, ақ жауынына төтеп беріп қа­зақ аналарының ұлығы – Қарқабат анаға қойылған ескерткіш тұр. Ол – қа­зақ даласындағы аналардың бар асыл қасиет­терін бір арнаға тоғыстырған тау тұлға. Аңыз бойынша, Қарқабат ананың кенже ұлы Болатқожа Қаракесек деп аталып кеткен.

Ұлысты ұйыстырып, руды ұйытқан ұлт анасы Қарқабатты білмейтін бірен-саран шығар бұл өңірде? Кешегі Қаз­дауысты Қазыбек бидің арғы әжесі, әйел де болса, ел анасы атанған ер жүрек батыр анаға осыдан біраз жыл бұрын қо­йылған көрнекті ескерткіш. Тастұғыр тоғыз жолдың торабында тоғысар қанша қазақ баласына рух беріп һәм шежіре қуғызып, ұрпақ сабақтасты­ра­ры сөзсіз. Қарқабат ананың даналы­ғы, өмір жолы мен бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болып ұзақ жылдар қала бермек. Себебі, ол – халық бірлігін, патриотизмді және парасаттылықты біл­діретін нышандарының бірі. Атағы атан түйе шөктірер аруақты ана бұл күнде тек шежіре. Ел анасын көпшілік аса құр­меттеп, тастан тұғыр қойды. Бұл да бір рухани баюдың белесі, әрине.

 Өткен жылдардың сұрапыл сәті, қасіретті кезеңі, қайғыға бөккен аналар мұңы ұлт жадында. Болмаған балалық шақ, орындалмаған арман, үзілген үміт, жарсыз өткен ғұмыр да соғыс дейтін зұлматтың еншісінде. Өткен күн із-түзсіз кетпек емес, одан қалған белгі бар. Бір-біріне ұқсас тағдырлар қай қиырда да қайталанып жатты. Ал тағдыр өлмес өнерге де, ерекше естелікке де өзек. Адам жанын от жылуымен жылытатын анаға арналған ән-жырлар, ескерткіштер кез келген жанның анаға деген құрметін асыра бермек.

 

* * *

...Ұлы Жібек жолының бойында, Меркенің Мыңқазан-Қызылсай ауы­лы­ның тұсында өмірі өкінішпен өткен ана майданға кеткен қос боз­дағының жолын тосып әлі тұр… Май­данға, аман аттандырған ұлдарымен не тірі, не өлі қауыша алмай, күте-күте тасқа айналған Қали ана!

«О-о-ой, дүние-ай!

Қараймын батыс жаққа келе ме деп,

Анасын қайғы шеккен көре ме деп.

Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де

Хабарын қос қозымның бере ме деп»,

– деген бір шумақ өлең қызыл тасқа қашалып жазылған. Қартайып, қажыған ана үмітін үзбей қос боздағын күтіп ауыл сыртындағы төбеде бүгін де тұр. Екі перзентін тоса-тоса тасқа айналған ана. Қасірет жұтқан мұңлы ананың бұл бейнесін көргенде «соғыс» дейтін тажалдың қандай алапат күш екенін, соғыстың салдарынан миллионда­ған тағдырлардың осы Қали әжейдікі сияқты күл-талқан болғанын әрбір жан жүрегімен терең сезінеді.

«Қайран біздің шешелер! Арды ой­лаған, шілік шауып, ши орып, бау бай­лаған» деп ақиық ақын Мұқағали жыр­лағандай, қиындыққа қайыспаған аналар майданға кеткен ұл­дарын өлдіге қимай зарыға күткені анық!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры

 

Тараз