Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Әрбір қоғамның даму қарқынын ғылым мен білімнің даму деңгейі анықтайды. Оны біз алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибесінен анық көріп отырмыз. Олай болса, біз бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы ғылым мен білім саласына деген қалыптасып қалған көзқарасымызды түбегейлі түрде өзгертуіміз керек. Қазір ғылыми жобаларды қаржыландыру жылдан-жылға артып, ғалымдарға мемлекеттік қолдау күшейіп келе жатқандықтан, ғылымның нәтижелілігін арттыру, оны бизнес-қоғамдастықтың сенімді серіктесі ету маңызды. Сондықтан қазіргі тәсілдерді түбегейлі қайта қарап, отандық ғылымды дамытудың жаңа стратегиясын құруымыз керек. Біздің басты міндетіміз – ғылымды қолданбалы ету. Бұл өндірісті сұранысқа ие инновациялармен жасақтауға және елдің экономикалық дамуында елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы өзгерістердің барлығы ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, экономиканың нақты секторының да пікірлерін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Осы тұста Ұлттық ғылым академиясы маңызды рөл атқарады. Ол ғылыми мекемелерді қайта бағындырып, ғалымдарға арналған тағы бір әкімшілік құрылым болмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар. Ол автономды, тәуелсіз ұсыныстарды беретін, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру, форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде отандық бизнеспен бірге ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Ғылым саласындағы зерттеулер мен қолға алынған жобалардың нәтижесі қағаз бетінде емес, экономикаға серпін беретін өндірісте көрінуі керек. Ал ол үшін ғылымды қаржыландыру мен бизнеске икемдеу мәселелері аса маңызды. Осы ынтымақтастыққа негізделген дөңгелек үстелде Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы міндетін атқарушы Райымбек Баталов бизнес өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуге, ғылымды қолдауға мүдделі екенін жеткізді.
– Бізге нәтиже маңызды. Осы салада 30 жылдан артық тәжірибеміз бар. Ғалымдар мен бизнес өкілдері арасында меморандум қабылданып жатқаны – қуантарлық бастама. Бірақ бұл сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс екенін баса айтқым келеді. Өткен жылдың мамыр айында отандық кәсіпкерлер кеңесі өтіп, Кәсіпкерлер палатасы ғылымды дамытудағы ұсыныстарын айтқан. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстардың бір бөлігі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасында көрініс тапты және қабылданды. Атап айтқанда, ғылымға қосқан үлесі үшін бизнеске салықтық жеңілдіктер беру, жеке секторды тарту арқылы технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар қызметін күшейту ұсыныстары болды. Одан бөлек, біздің палата «Ғылым қорымен» бірлесіп, ғалымдар мен кәсіпкерлер үшін бірнеше коммерцияландыру реакторын өткізді, онда инновациялық жобалармен танысып, жобаларды бірлесіп коммерцияландыру туралы келісімдерге қол қойды. Барлық өткізілетін іс-шараның басты міндеті – ғылым мен бизнестің тұрақты кооперациясын әзірлеу. Ғалымдар мен бизнес бір даму жоспарымен жүруі керек. Бүгінгі меморандум да біздің ғылыми зерттеулерге, инновацияларға және дамуға деген ортақ ұмтылысымыздың символы болады және ұйымдарымыз арасындағы серіктестікті нығайтуға күш салуымыздың дәлелі болады, – деді Райымбек Баталов.
Ұлттық ғылым академиясының мақсаты – ғылыми-технологиялық саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруға қолдау көрсету, ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтау. Сондай-ақ экономика мен қоғамның ең өзекті мәселелерін шешу үшін ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізу мақсатында жетекші ғалымдарды біріктіру.
ҰҒА бас ғылыми хатшысы Исмаил Тоқбергеновтің айтуынша, 2024 жылы форсайт зерттеулерінің жоспарланған нәтижесінде 2027 жылға дейін қысқамерзімді келешекте ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттары мен ұлттық деңгейдегі ғылыми-техникалық міндеттер айқындалатын болады.
– Қазіргі кезде біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Соған байланысты әлемдік ғылыми өндіріске қол жеткізе отырып, өндірістік және өнеркәсіптік секторға отандық ғылымның озық техникалық шешімдерін енгізуге ықпал ете отырып, ғылым мен өндіріс арасындағы іскерлік байланыстарды орнату қажет. Халықаралық тәжірибені талдау негізінде ғылыми инфрақұрылымды дамыту және ғылыми объектілерді үздік халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықтармен қамтамасыз етуде және бизнес секторының ғылымға инвестицияны ұлғайтуды ынталандыру шаралары бойынша ұсыныстар керек, – деді ғалым.
Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеу жұмыстары басталып кеткенін айтты. Оның айтуынша, біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз, ғылымдағы басым бағыттар көбінесе елдің қажеттілігіне емес, ғалымдардың мүмкіндігіне негізделген. Осыған байланысты Академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілетін болады. Екіншіден, іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматы түбегейлі өзгереді. Өйткені конкурстық негізде қаржыландырудың үшжылдық кезеңімен ғылымның барлық бағытына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында нәтижеліліктің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін елімізде заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиімділігін арттыруға негіз болатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі ғылым үшін тиісті жағдай жасалған жоқ. Сонымен қатар Академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, іргелі негіздерді қалыптастырудан бастап практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектіні қамтитын тігінен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифрлық және геномдық технологияларды пайдалана отырып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды іске асыруға ұсыныстар енгізетін болады.
Олардың бірі – ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту бағдарламасы. Бұл жоба ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Ақылбек Қажығұлұлы өңірдегі ғылымды дамыту жобасына егжей-тегжей тоқталып өтті.
– Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды. Технологиялық дамыған елдер табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар. Олар – сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы». Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады. Ал бізде жағдай мүлдем басқа. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндігінен хабарсыз. Тіпті көптеген әкімдікте ғылыми салаға жауапты мамандар жоқ. Ал егер әр өңір осы салада мықты жұмыс істейтін болса, еліміздің экономикасы нығая түседі. Бұл мәселені шешу үшін Академия өңірлік университеттер мен ғылыми зерттеу институттарын жан-жақты қолдайтын болады. Қажет болған жағдайда Академия мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі кеңес құрудан бастауды ұсынамыз. Сондай-ақ осы тұста бизнес өкілдерінің қолдауы ғылым үшін аса маңызды.
Айта кететін тағы бір жайт, Академия талантты жастарды ғылым саласына тарту орталығына айналады. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды, Академия жанынан тұңғыш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Қазір жас таланттарды қолдау тетіктері әзірленіп жатыр. Осы орайда бизнес өкілдеріне осы бастаманы құптауды және еліміздің үздік жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құруды ұсынамын. Бизнес-қоғамдастықпен кездесу Академия үшін өте маңызды. Бизнес өкілдері ғылымды өндіріспен тығыз интеграциялауға бағытталған тәжірибелік қадамдардың дәлелденген алгоритмін жасауға көмектеседі. Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз. Сондықтан алда қыруар жұмыс күтіп тұр, – деді ҰҒА президенті.
Алқалы отырыстың соңында Ұлттық ғылым академиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.