Төтенше жағдай • 28 Наурыз, 2024

Сәуір тәуір болмайын деп тұр

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елді мекен ішіндегі қар еріп жатқанымен, үй-жайларға аса үлкен қауіп төндіре қоймайды. Сәуір туып, түн жылығанда ғана тау басындағы қардың көбесі сөгіледі. Негізгі қауіп сол кезде болуы мүмкін. Жер­гілікті билік өкілдері мен төтенше жағ­дай­лар департаментінің мамандары болуы ықтимал қарғын судың алдын алуға дайын. Көше-көшеге жайылған азды-көп­ті қарғын суды бұруға да атсалысып жүр.

Сәуір тәуір болмайын деп тұр

Жергілікті атқарушы орган өкілдері Шығыс Қа­зақстанның аудандарында алдын алу іс-шаралары жұмыстарын күшейтті. Жал­пы ұзындығы 365,8 км 427 арық, 133,4 км 71 су каналы, автомобиль жол­дарында 3 552 және темір­жол жолдарында 90 су өткізу құрылысы, сон­­дай-ақ 447 көпірдің асты қар­дан тазартылды. Көлемі 365 мың текше метрден аса қар шығарылды.

Десе де, Тарбағатай ауда­нында еріген қар суы жол үстіне шығып кетіп, көлік­тердің қатынауына қиын­дық туғызып жатыр. Дәлірек айтсақ, Қал­ба­тау – Майқапшағай респуб­ликалық тасжолының 1 113-ша­қырымында қар­ғын су жолға жайыл­ған. Ені 300 м-ді басса, тереңдігі 5-10 см. «Қазавтожол» қызметкерлерінің айтуынша, бұл учаскеде бір ғана су өткізгіш құбыр бар. Қазіргі уақытта жолды жа­уып, суды бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 10 шақты жұмысшы, 8 бірлік арнайы техника қауіптің бетін қайтарып жүр.

Көбінесе өзен арнала­рын­да мұз кептеліп, су көте­ріліп кетіп, маңайындағы ауылдарға жайылады. Сол үшін де өңірдегі өзен­дер­де 201 796 шаршы метр аумақ­та мұз жару жұмыс­тары жүргізілді. Мұзы тал­қандалып, арнасы ашыл­ған өзендердің суы көк­тем­де көтерілгенімен, кеңір­де­гінен шығып, тасымау­ға тиіс. Ал Күршім ауданы­ның Топтерек аулына жете берістегі көпірді тосын­нан келген тасқын су бұ­зып кетіп, ауыл тұрғында­ры­мен жол байланысы үзі­ліп қалған. Жергілікті тұр­ғын­дардың айтуынша, бұл көпірді екі жылда бір су шайып кететін көрінеді. Аудан басшылығы бұл мә­се­лені шешу үшін жаңа әрі берік көпір салу керек­тігін айтты.

«Мұндай үш көпір бар. Күн күрт жылып, қарғын су бір көпірді бүлдіріп кетті. Су ағызып кеткен көпір 2020 жылы жөнделген. Енді ауыл адамдарын қайықпен тасымалдаймыз. Кейін су азайған соң, айналма жол жасаймыз. Қалай дегенмен көпірлерді жаңартуы­мыз керек», дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев.

ШҚО ТЖД қызметкер­лері халықты су тасқыны кезеңіне дайындау мақса­тын­да 149 елді мекенде 270-тен аса рейд жүргізді. Нәтижесінде, 20 мыңнан аса халыққа түсіндіру жұ­мыс­ы жүргізілді. Алда-жалда қарғын су үй-жай­ларға жайылып кетсе, тұр­ғындарды эвакуациялау жоспары да пысықталған. Мамандардың айтуынша, жалпы сыйымдылығы 17 мың адамнан асатын 153 азаматты уақытша орналас­тыру пункттері белгіленіп қойды.

Қауіп бар-ау деген аудан­­дарға қосымша күш­тер де жұмылдырылды. Мәсе­лен, су тасқынына қар­сы жұмыстарға Семей қала­сынан арнайы келген ТЖМ №68303 әскери бөлімінің қызметкерлері қарғын судың алдын алу үшін Алтай ауданында жұмыстар жүргізіп жүр. Ұсақ өзендерді айтпағанда, Алтай ауданын тіліп ағып жатқан Бұқтырма, Тұрғы­сын өзендері бар. Оның үстіне қар қалың түскен өңір. Сол үшін де қосымша күш салынып отыр. Алтай ауданы ғана емес, өзен-көл­дер бойындағы аудан­­дардың барлығында жұ­мыс күшейтілген.

 

Шығыс Қазақстан облысы