Пікір • 29 Наурыз, 2024

Ғылым мамандарын даярлаудың өзекті мәселесі

201 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда озық дамыған мемлекет құру үшін азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек екенін айтты. «Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», деп атап өтті Президент.

Ғылым мамандарын даярлаудың өзекті мәселесі

Ғылым мен технология­ны, инновацияны дамыту – елі­міздің бәсекеге қабілетін арт­ты­ратын негізгі саланың бірі. Бізге отандық ғылымның ба­сым­дықтарын халықаралық та­лап­­тарға және ұлттық мүд­де­мізге сәйкес айқындау керек. Құ­рылтайда Президент маңыз беріп отырған мәселе осы мін­дет­тен бастау алады.

Бүгінде Мәжіліс талқы­лауын­да «Ғылым және техно­ло­гия­­лық саясат туралы» заң жобасы жатыр. Заңға аса маңызды, оның ішінде ғалымдарды ын­таландыруға және әлеуметтік қор­ғауды қамтамасыз етуге ба­ғытталған нормалар енгізі­леді деп күтіліп отыр. Атап айт­қанда, профессор және қауым­дастырылған профессор атақтары үшін жаңа үстеме­ақылар енгізу, шығар­машылық демалыс, ғылым­ды жер­гілікті бюджеттен қаржы­лан­ды­ру мүм­­кіндігі, жас талантты ға­лым­­дарға арналған стипендия­лар және т.б. Жалпы, ұлттық ғы­лы­ми жүйенің жұмыс істеуі мен дамуының негізгі қағи­дат­тары мен тетіктерін рет­тейтін жаңа заң уақтылы қабыл­данып отыр және ғылым­ның дамуына ықпал етеді.

Кейінгі жылдары Қазақ­стан адами даму деңгейі жоға­ры елдер тобына (Human­DevelopmentIndex) еніп, рейтинг­­ке қатысқан 191 елдің іші­нен 56-орынды иеленді және Ре­сей­ден кейінгі 2-орынға тұрақ­тап, ТМД елдері арасында көш бас­тап тұр. Алайда ойландыратын тағы бір көрсеткіш бар. Ол – ин­но­вациялық қызметіне сәйкес әлемдік экономиканы саралайтын, ғылыми-техникалық және инновациялық даму деңгейін бағалайтын Жаһандық инновациялар индексі. Осы көрсеткіште еліміз 132 елдің ішінде 83-орында тұр...

Жаңа білімді қалыптастыру және енгізу үшін сапалы ғылы­ми зерттеулер қажет. Бұл тек зерт­теу­лердің мазмұнына, ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелерін енгізу әдістеріне емес, ең алдымен, ғылым мамандарын даярлау сапасымен анықталатын зерттеушілердің біліктілігіне де байланысты. Ғылым мамандарын молайту бізде білім беру ұйымдарында магистратура және докторан­­тура арқылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағ­дарламалары бойынша жүзе­ге асырылады. Осы тұрғыда біз ғылыми-педагогикалық кадр­ларды даярлаудың кей мәсе­ле­сін қарастырып, шетелдік тәжіри­бе­ні талдау негізінде бүгінгі таңдағы тиімді шешу жолдарын ұсынуды жөн көрдік.

Біріншіден, елде ғалымдар өте аз. Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндама деректеріне сәйкес 2022 жылы зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын персоналдың саны 22 456 адамды құраған, оның ішінде кәсіби түрде ғылыми зерттеу және тә­жіри­­белік-конструкторлық жұ­­­мыс­тармен айналысатын, сон­дай-ақ тікелей жаңа білім құруды жүзеге асыратын қызметкерлер – 18 014. Осыған сүйене отырып, экономикада жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққанда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге орта есеппен 20 адам тартылады, бұл Германия (233 адам), Жапония (180 адам), Қытай (81 адам) сияқты елдермен салыс­тыр­ғанда өте аз.

2022 жылы докторантураны бітірген 1 536 адамның 234-і ғана диссертация қорғап, ғалымдар қатарын толықтырды, ал 2021 жылы 642 докторант диссертация қорғаған болатын. Барлық жоғары оқу орнында кадрлар, оның ішінде ғылыммен белсенді айналысатын зерттеушілер тапшы. Бұрынырақта 600-ге жуық ғалым жұмыс істеген ғылыми зерттеу институттары қазір сол штаттың үштен бір бөлігін де қалпына келтіре алмай отыр. Егер мұндай үрдіс одан әрі жалғаса берсе, мемлекет инно­вация жасауға қабілеті бар ғы­лыми топтардың азғантай шо­­ғырынан да айырылады. Тіпті ғылым бюджетінің жыл сайынғы ұл­ғаюы да қажетті нәтиже бер­мей­ді, қарапайым себеп бұл қаражатты тиімді игеретін еш­кім жоқ. Ғылыми кадрларды өсіру­дің тиімді механизмі қа­лып­­таспаған.

2010 жылы аспирантура мен докторантура арқылы ғылыми кадрларды даярлаудың екі сатылы нысанын бір сатылы PhD-ға ауыстырған ал­ғаш­қы рефор­маторлардың табан­ды­лы­ғын атап өту қажет. Ерте ме, кеш пе, біз бұған келетін едік. Алайда Болон үдерісі бағы­тындағы жоғары білім мен ғы­лым реформаларының негізгі қателігі белгілі бір институттарды құру идеяларын терең түсінбестен, іске асырудың ішкі тетіктерін зерделемей, тиісті инфрақұрылымдарды дайын­дамай, халықаралық тәжіри­бені көшіруі болды. Біз жаңа ны­сандарға ескі мазмұнды енгіз­дік. Мысалы, PhD дәреже­сін енгізе отырып, оның не екенін түсінетін ғалымдар мен реформаторлардың өздері некен-саяқ болды. Тіпті PhD өзі бастапқыда ғылыми дәреже ретінде, содан кейін ака­де­миялық дәреже ретінде айқын­далды, бүгінде Қазақстанда бұл жай PhD дәрежесі.

Бірақ ғылыми кадрлар даярлау жағдайында ескі мазмұнды жаңа нысанға орналастыру мүмкін емес. 2010 жылға дейінгі модель бір бірыңғай органның дәреже беруді орта­лық­тандыруына не­гіз­делді, кеңес заманында бұл Жо­ғары аттестаттау комиссия­сы (КСРО ЖАК), содан кейін Қазақстанда ЖАК немесе Білім және ғы­лым саласындағы бақы­лау ко­ми­теті болды. Осы модельге сәйкес жоғары оқу орын­дары мен ҒЗИ жанынан құрылған диссертациялық кеңес­тер­дің шешімдерінен кейін бар­лық материал мен диссертация ЖАК-қа жіберілді, онда аталған шешім бекітілмеуі және адам ізденген қажетті ғылыми дәрежесін ала алмауы мүмкін еді. Көп ел қа­был­­даған қазіргі еуропалық модель бойынша PhD дәрежесін университеттер жанындағы диссер­та­ция­лық кеңестер береді.

Бізде бұл модель басқаша жұ­мыс істейді. Мәселен, бастап­қы кезеңде елімізде ғылым докторы дәрежесін беру алынып тасталды, ал ғылым кандидаттарын PhD дәрежесіне теңестірді. Бұл ретте ғылым кандидаты дәрежесінің орнына PhD қарастырылған және бұрынғысынша шешімді уәкілетті орган бекітетін дис­сер­тациялық кеңестердің ескі нысаны қалды. Ұлттық жоға­ры оқу орындарына уәкі­летті органға соқпастан, дәреже беру құқығын алу үшін 10 жылға жуық уақыт қажет болды. Ерек­ше мәртебесі жоқ, яғни дайын­дықтың 19 бағытында докторлар даярлап жатқан қал­ған барлық жоғары оқу орнында дәрежені бекіту рәсімі ескі күйінде қалып отыр. Дис­сер­тацияларды қорғау және сәй­кесінше ғалымдардың өсуі, әсіресе өңірлерде, осы­ған байланысты өте аз болуы мүмкін. Біздің ойымызша, еуропалық модельге көшу рәсі­мін соңына дейін жеткізу керек, PhD дайындауға лицензиясы бар барлық жоғары оқу орнына өздерінің дербес дис­сер­тациялық кеңестерін құру­ға және дәрежелер беруіне рұқ­сат беру керек, оның үстіне 3 жылдан бері университеттер жеке үлгідегі дипломдарын беріп ке­ле­ді. Әйтпесе логика бұзы­ла­ды. Уәкілетті орган жо­ғары оқу орнына докторан­ту­раға лицензия береді, солай бола тұра жеке дипломын беруге сенбейді. Әлемдік тәжірибеде, мысалы, Германияда кейбір жоғары оқу орындарының басынан бастап PhD даярлауға құқығы болмайды. Жоғары оқу орындарының осындай градациясын бізде де енгізуге болады. Бірақ жоғары оқу орындарының көпшілігі ғалымдарға дербес шешімдері негізінде дәреже беру туралы дипломдар беруі керек.

Қарсы дәлелдерді болжауға болады: егер бақылау болмаса, онда қорғаныс сапасы төмен­дейді, ғылымға қатысы жоқ адамдар, мысалы, шенеу­ніктер, кәсіпкерлер диссертация қорғайды. Алайда біріншіден, мұны докторлар даярлау сапасына мониторинг жүргізу арқылы реттеуге және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге лицензияның елеулі бұзушы­лық­тары болған кезде ұзартпауға немесе қайтарып алуға болады. Бұл лицензия берген уәкілетті органның функциясы болуы керек. Екіншіден, егер бұл теріс болжам орындалса да, мем­ле­кет­тік қызметшілер мен бизнесмендер арасында дәреже алғысы келетіндер пайда болса, онда олар үшін бейінді докторантура сай келеді.

Ғалымдар санын көбейтудің келесі жолы – докторантураға «бүйірінен кіру». Студенттік кезінен бастап ғылыммен айналысатын және жоғары дәрежелі ғылыми басылымдардағы жария­ла­нымдары бар адамдар док­торан­тураға жеңілдетілген ере­­желер бойынша, тіпті қыс­қар­­­­тылған бағдарлама бойын­ша түсуі керек. Мысалы, Ұлыбританияда бакалавр дәре­же­сімен сіз магистр дәреже­сін алу қажеттілігін айналып өтіп, бірден докторға оқуды жал­ғастыра аласыз және т.б. көп­теген мысал бар, соның ең оңтайлысын таңдау керек.

Жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санын арттырудың тағы бір мүмкіндігі – адам докторантурада оқып, өндірістен қол үзбей, мысалы, оқытушы ретінде жұмысын жалғастыра оты­рып, ғылыми дәреже алуға мүмкіндігі бар. Кейбір елдер үшін бұл – докторлар даярлаудың негізгі жолы. Мысалы, Германияда немесе Ұлы­бри­танияда университеттің аға оқы­тушылары оқытушылық қыз­метті диссертация жазумен бірік­тіреді. Бұл сондай-ақ мемле­кет­тің PhD даярлауға жұм­­сайтын шығындарын қыс­қартады.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орны магистратураға қабылдаудан шеттетілді, түсу емтихандары уә­кілетті орган бекіткен ұйым­­да ҰБТ қағидаты бойынша тап­­сырылады, болашақта докторантура да осындай ауырт­пашылыққа тап болуы мүм­кін. Мұндай жағ­дайда адам­ның зерттеу қыз­ме­тіне дайын­дығын кім немесе не анық­тайды? Мұны тек емтихан немесе тест нәтижелері бойынша анықтау мүмкін емес, өйткені ғалымды цифрландыруға болмайды. Жастардың зерттеушілік талантын тек тәжірибелі ғалым ғана байқай алады. Сондықтан магистратура мен докто­ран­ту­раға түсу кезінде, ең алдымен, же­тек­ші ғалымдардың ұсыныс­та­рын бас­шылыққа алу керек.

Қазір бізде магистратураның екі бағыты бар: ғылыми-педаго­ги­калық және бейіндік. Біріншісі, болашақ оқытушыларға немесе ғалымдарға, екіншісі, эко­но­ми­каның нақты секторы­на ар­нал­ған. Бейіндік магис­тратура тереңдетілген кәсіби білім береді. Оқыту қолданбалы сипатқа ие және кәсіби менеджерлер мен басшыларды даярлауға бағытталған. Бірақ біздің бүгінгі өндірісімізге ғы­лым магистрлері қажет пе? Бұған бейіндік магистратураға мемлекеттік тапсырысты және оның игерілуін білсеңіз жа­уап ала аласыз. Біздің ойымыз­ша, магистрлерді бөлінген бюд­жет­тік орындар санының аз­ды­­ғына байланысты зерттеу ісіне ұтымды бағыттаған жөн. Мысалы, Ұлыбританияда магистр дәрежесін оқыту немесе зерттеу арқылы алуға болады. Оларда ғылыми зерттеулер магистрі дәрежесі бар. Зерттеу магистратурасының түлектері біздіңше, докторантурадағы зерт­теулерді жалғастыруға барынша дайын болады.

Магистратурадан бастап док­­­­торантураға түсу және оқу, дис­сертация қорғау және PhD дәрежесін беруге дейінгі ғылым үшін кадрлар даярлауға назар ауда­ратын кез келді. Бүгін жібе­ріп алған уақыт ертеңгі ғылым мен экономиканың дамуына әсер етпей қоймайды.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор