Президент • 29 Наурыз, 2024

Азиялық ренессанс және Қазақстан амбициясы. Тоқаевтың Қытайға сапары туралы

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саясаттанушы, шығыстанушы Әділ Кәукенов Қазақстан Орталық Азия аймағының үнін бүкіл Азияға естілуін қамтамасыз етуге аса мүдделі деген пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Азиялық ренессанс және Қазақстан амбициясы. Тоқаевтың Қытайға сапары туралы

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың әсем Хайнань аралында өтіп жатқан Боао форумына келіп, пленарлық отырыста құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі. Форумның тақырыбы – «Азия және әлем: ортақ міндеттер, ортақ жауапкершілік».

Әділ Кәукенов атап өткендей, 2001 жылы Азия дағдарысының салдарларымен күресу үшін құрылған Боао форумы 2010 жылдардың ортасынан бастап аймақтық оқиғадан жаһандық құбылысқа жылдам ауыса бастады, сондай-ақ оған бейресми «Шығыс Давосы» деген атау берілді.

«Сонымен қатар бүгінде Азия экономикалық өсу мен ғылыми-техникалық прогрестің негізгі драйвері, сондықтан мынадай сұрақ туындайды: болашақта әлемдік даму күн тәртібін кім анықтайды - Давос па әлде Боао ма? Расында, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Азияның жай ғана өсу емес, нағыз ренессанс дәуірін бастан кешіріп жатқанын атап өтті», деп жазды саясаттанушы Facebook парақшасында.

Кәукенов Қазақстанның сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарында азиялық бағыттың  басым болуын таңғаларлық жайт деп санамайды.

«Әйгілі «Алиса ғажайыптар елінде» шығармасында орынды сөз бар: «Тіпті бір орында тұру үшін бар күшіңді салып жүгіру керек, ал бір жерге жету үшін екі есе жылдам жүгіру керек». Кем дегенде кейбір амбициялары бар кез келген дамушы мемлекеттің жағдайын дәл осылай сипаттауға болады. Ал Азия – өте құнды бағдар және бағыт, онымен байланыстарды нығайту барлық әлем мемлекеттері үшін маңызды міндет», деп қосты ол.

Кәукеновтың пайымынша, Қазақстанның Боао форумына қатысуы жалпыазиялық дамудағы амбициялары мен мүмкіндіктерін көрсетуге септігін тигізбек.

«Ақырында, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның басты мәселелерінің  бірі – біздің елдің әлемнің көптеген елдері үшін, соның ішінде Азия үшін әлі күнге дейін терра инкогнита болып қалуы. Бұл инвестиция тартуды, технологиялар трансфертін,  тауарларды сыртқы нарыққа шығаруды және Қазақстанда жаңа жоғары технологиялық өндірістерді құруды қиындатады.

Сондықтан Боао форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «құрметті қонақ» мәртебесі Қазақстанның және жалпы Орталық Азияның күн тәртібін ілгерілетуге, Қазақстанның жалпыазиялық дамудағы амбициялары мен мүмкіндіктерін көрсетуге септігін тигізеді», деп қорытындылады саясаттанушы.

Еске салайық, Мемлекет басшысы  Қытайға жұмыс сапарымен барды. Онда ол Боао Азия форумының сессиясына қатысты. Сапар бағдарламасына Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасы басшылығының, халықаралық ұйымдар мен ірі қытайлық компаниялар басшыларының бірқатар кездесуі кіреді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті