Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Абай облысында эвакуацияланғандар үйлеріне оралды

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде еріген қар суы салдарынан бөгеттер мен елді мекендерді су басқаны мәлім. Қызыл су жүрген Аягөз, Ақсуат аудандарының тұрғындары арнайы эвакуациялау пунктеріне орналастырылған еді. Бүгін аудан халқы үйлеріне оралды. Жарма және Аягөз ауданындағы су басқан ауылдарға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы барды, деп хабарлайды Egemen.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысында эвакуацияланғандар үйлеріне оралды

Фото: Абай облысы әкімдігі

Өңір басшысы Жарма және Аягөз аудандарында су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысты. Қазіргі уақытта ЖАО мен облыстың ТЖД мамандары тарапынан еріген суды бұруға барлық шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді.

Сонымен қатар Аягөз қаласында облыс әкімі аппараттық кеңес өткізіп, жауапты органдар мен бөлімдерге бірқатар тиісті тапсырма берді.

 Абай облысы әкімдігі

Еске салайық, 28 наурызда Тарбағатай ауданының Аягөз өзенінде су деңгейі 365 см-ге дейін көтеріліп, Семей қаласынан көмек көрсету үшін облыстық ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Тұрғын үйлерді су басудың алдын алуға, сондай-ақ халықты эвакуациялауға Аягөз қаласының арнайы күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Кеше эвакуацияланған Ақсуат ауданындағы Уаң ауылы тұрғындары да үйлеріне оралды. Олар Боғас өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіпсіз жерге жеткізілген болатын.

Қазіргі уақытта аудандардағы ахуал тұрақты.