Қоғам • 30 Наурыз, 2024

Су тасқыны: Полиция қызметкерлері БҚО тұрғындарына көмектесіп жатыр

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына көмек беру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Орал қаласына және облыстың 4 ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын бұдан бұрын хабарлаған едік.

Су тасқыны: Полиция қызметкерлері БҚО тұрғындарына көмектесіп жатыр

Облыстың бірқатар өңірінде қардың қарқынды еруінен және бірнеше күн жауған жауын-шашын салдарынан елді мекендерді су тасқыны басып кетті. Осыған орай Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына арнайы іссапармен келді. Роман Скляр облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.

Қазіргі уақытта облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 1065 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерге орналастырылды.

Алғашқы күннен бастап полиция қызметкерлері тілсіз жаумен күресте алдыңғы шепте жүр. Қазір олар тұрғындары эвакуацияланған елді мекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәулік бойы кезекшілік орнатқан. Сондай-ақ, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының полиция қызметкерлері қайырымдылық көмек көрсетіп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды азық-түлікпен, қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге де қол ұшын созған.

 Қ.Құттымұратұлы

Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды тазарту, адамдарды құтқару бойынша жан-жақты шара қолданды. 

Қазір Батыс Қазақстан облысында 17 елді мекенге баратын жолды су басты. Оның ішінде 3 облыстық және 16 жергілікті маңызы бар автожолдар бүлінді. Бұл аймақтарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері стационарлық бекеттер орнатып, күні-түні кезекшілікте тұр.

«Жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 88 полиция қызметкері мен 40 қызметтік техника жұмылдырылды», деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарлағандай, өңірге Маңғыстау облысынан, Төтенше жағдайлар министрлігінен әскери бөлім күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен «МИ-8» тікұшақтары көмекте жүр.

 

Батыс Қазақстан облысы