Таным • 31 Наурыз, 2024

Ғалам ғажайыптары: Робот-немере

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Естімеген елде көп. Немере дегенді білеміз. Робот де­генді ес­тіп жүрміз. Енді жа­қын күн­дері робот-немере дегенге де құ­ла­ғымыз үйре­нетін болады.

Ғалам ғажайыптары: Робот-немере

Мюнхендік «Navel Robotics» стартабы қарттар үйінде пайдалануға арналған робот-немерелерді ойлап тапты. Бұл жасанды интеллектінің ерекшелігі – егде жастағы адамдарға қолғабыс жасайтынында. Яғни қариялармен кәдімгі құрдасындай сырласады, дәрі-дәрмектің уақтылы қабылдануын қадағалайды, тіпті әңгімеге сай әзіл айтып, ата-әжелердің көңілін көтереді. 70 сан­тиметрлік елгезек «немере» аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз қызмет еді. Бірақ сонда да жұмысынан кешікпейді, еш­қашан ренжімейді және ешкімнен алғыс дәметпейді. Жобаның негізін қалаушы Клод Туссен жаңа роботтың егде жастағы адамдар арасында тез танымал бола баста­ғанын, оған тұрғындар үлкен қы­зығушылық танытып жатқанын атап өтті. Ертегідегі Джепетто ақсақалдың ағаш­тан қуыршақ-бала жасап алатыны есіңізде шығар? Артынша Пиноккио деп ат қой­ған қуыршағы шынайы балаға айналып, әкесінің көмекшісі болады. Ертегінің шынға айналғанына көзіміз жетіп отыр.

 

Кездейсоқтық па, әлде...

кнвг

Адамзат тарихында таң­дай қақтырарлық талай оқиға болған. Соның бірі – 1966 жылы жағажайда бол­ған жағдай.

Роджер Лозьер есімді төрт жасар бала Американың Салем қаласының маңайындағы теңізде шомылып жүргенде, кенет суға кетіп қала жаздаған. Бірақ кетпеді. Бақытына орай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Енді мына қызыққа қараңызшы. Арада сегіз жыл өтеді. Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы Салем қаласына қайтадан жолы түсіп, теңіз жағасында жүргенде, суға батып бара жатқан бір ер кісіні көзі шалып, жағаға алып шығады. Кейін сұраса келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан екен.

 

Ең алып ұшақ

о

Америкалық «Radia» компаниясы жүк тасымалдайтын әлемдегі ең үлкен ұшақ жасап жатыр.

Колорадо штатындағы стартап жобаны «WindRunner» деп атады. Қазақшаласақ, «желмен жарысатын» алып ұшақтың ұзындығы – 109 метр ( футбол алаңының ұзындығындай), қанатының кеңдігі – 79,6 метр болмақ. Сонымен қатар ол 80 тоннаға дейінгі жүкті тасымалдай алатын мүмкіндікке ие. Бұл дегеніміз үш олимпиадалық жүзу бассейні сыйып кететіндей жеткілікті көлем. Салыстырып айтсақ, әзірше ең алып деген «Боинг 747» ұшағынан 12 есе көп көрсеткіш.