15 Маусым, 2010

“ЫНТЫМАҚ КЕТКЕН ЖЕРДЕ ЫРЫС ТҰРМАЙДЫ”

1124 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қырғызстандағы қанды қырғын Елбасының осы сөзінің ақиқаттығын тағы да танытты УАҚЫТША ҮКІМЕТ ЖАҒДАЙДЫ УЫСЫНАН ШЫҒАРЫП АЛЫП ОТЫР Бұл қақтығыс Ош об­­лы­сында 10 маусымнан 11 мау­сымға қараған тү­ні бас­талған болатын. Қазіргі кез­де ол Ош облысымен қатар, Жалалабад аумағын да шар­пып отыр. Кешегі күнгі деректер бой­ынша, Қыр­ғыз­­станның оңтүс­ті­гіндегі тәртіпсіз­дік­тер сал­да­рынан қаза болған адам­дар­дың са­ны 113-ке жеткен. Сон­дай-ақ 1500-дей адам медици­на­лық мекемелерден көмек сұраған, олар­дың 742-сі ау­ру­­ханаларға жатқы­зы­лыпты. Қырғызстанның уақыт­ша үкіметі және елдің құ­қық қор­ғау органдары орын алған тәр­тіпсіздікті тоқтата алмай отыр. Уақытша үкі­мет­тің басшысы Роза Отун­баева кеше Ресей Феде­ра­циясының Президенті Дмит­рий Медведевтен “ыс­тық нүкте­лерге” әскер кір­гізуді сұрады. Ресей бас­шы­сы Роза Отунбаеваның өті­нішіне әзірге жауап берген жоқ. Тәртіпсіздіктің әрі қа­рай ұлғаюы­на жол бермеу үшін Қыр­ғызстанның уа­қыт­ша үкі­меті еріктілерді жұ­­мыл­дыруға шақырған еді. Қыр­ғызстан Қор­ғаныс ми­нис­тр­лігі жұмыл­дыру бас­қарма­сының бастығы Э.Юлда­шевтің мәлімдеуінше, қазіргі кезде 700-ден астам ерікті тіркеуден өт­кен. Олар елдегі тәртіпсіздікті тұ­рақ­тан­дырып, заңдылықты орнық­ты­руға қызмет ететін болады. Со­ны­мен қа­тар, олар азамат­тар­дың қау­іп­сіздігін қамта­­ма­сыз етеді және ерекше маңыз­­ды нысандарды күзетеді. Кейбір деректерге қара­ғанда, Ош қаласында милиция қыз­мет­кер­­лері мен әскери қызметшілер мәшинелерді тексеріп, азаматтар­дан қару түрлерін ала бастаған. Елдің қауіпсіздік кеңесі құрылып, ол жұмыс істеуге кірісіпті. Ош қа­­­ласында 11 маусымнан бас­тап газ беру мүлде тоқта­тыл­ған. Жекелеген аудандарда жа­рық және ыстық су жоқ. Тұр­ғындар азық-түлік түрле­рінен тапшылық көруде. Қа­ладағы негізгі сауда нүктелері, ба­зар­лар өртелген және тоналған. “Интерфакс” агенттігінің хабар­лауынша, жанжалдасушы тарап­тардың арасында келісім шаралары жүргізілуде. Оларға жергілікті ке­ңес­­тердің депутат­тары, қырғыз және өзбек ұлттарының ақсақал­да­ры тартылған. Бұлар елді ме­кен­дерде жастарды тәр­тіп­­сіз­дікке бой алдыр­мауға, ұлтаралық қақты­ғыс­тарға жол бермеуге шақыруда. Қа­зіргі кезде Қырғызстан Өзбек­стан­мен шека­расын ашып, шекарадан этностық өзбектердің өтуіне жағдай жасап отыр. Қыр­ғыз­­стан шекара қыз­меті тө­ра­ға­сының орынбасары Ч.Ту­русбековтің мәлім­де­уін­ше, қырғыз-өзбек ше­ка­расында шекара тәртібін бұзу фактілері байқалған жоқ. Маусымның 13-інде Қыр­ғыз­стан­ның уақытша үкі­меті Жала­ла­бад облы­сы­ның аумағында да төтенше жағдай енгізді. Бұл аза­мат­­тардың қауіпсіздігін қорғау және қоғамдық тәртіпті сақ­­тау үшін қа­жетті шара көрінеді. Аталған агент­тіктің ақпараттарына қара­ған­да, Қырғызстандағы жағ­дайды тұрақ­тан­дыру мақ­сатында Мәскеуде Ұж­ымдық қауіпсіздік шарты ұйы­мына мүше мем­­­ле­кет­тердің қауіпсіздік кеңестері шұғыл жиын өткізген. Осы жиында Ұжымдық қауіп­сіз­дік шарты ұйымының жар­ғысына сәйкес Қырғыз­стан­да бейбітшілік орна­ту­ға бағытталған механизм­дер талқыланғанға ұқсайды. “Егемен-ақпарат”. КӨШ БАСЫНДА ЖҮРЕ БІЛУДІҢ ӨЗІ КӨСЕМДІК Халқымызда “Ата тұрып ұлы сөйлегеннен без, ана тұ­рып қызы сөйлегеннен без” де­ген қастерлі сөз бар. Бүгінде де­мократия, сөз бос­тан­дығы де­генді желеулетіп не­мере-шө­береңмен жасты балалар ақ шаш­ты әзіз ағаларына, ақ са­қал­ды абыз аталарына тілін безеп, тесі­рейе қарап тұратын оқиғалар ара­гідік болса да кездесіп қалады. Бұл – біздің халықтың дәстүрінде жоқ теріс тәрбие, сырттың әсері. Келе-келе мұндай жағдайлар мемле­кет­тік, ұлттық әрекеттерге кері ық­палын тигізуі ықтимал. Сондықтан ондай жәйттердің алдын кесіп отыру керек, ба­ла­ны әу бастан ұлт­тық тәрбие­нің уызымен ауыз­дан­дыра білген жөн. Менің ұғымымда халқы бір-бі­рін сыйлай білмеген ел ешқашан оң­байды. Оның ішінде, әсіресе, Мемлекет бас­шысына деген құрмет ерекше болуы тиіс. Өйткені, Елбасы Қазақ елінің атынан тәуекелге бел байлайды. Қазақ елінің аты­нан сөз сөйлейді. Біз қи­ын-қыстау кезеңде тілі мен діліне және дініне адал ос­ын­дай Елбасын таңдағанымызға Құдайға мың мәрте құлшылық етуіміз қажет. Елбасын құр­­меттей білген елдің бола­шағы зор. Оған тарихтан талай-талай мысал­дарды келтіруге болады. Себебі, халық ел игі­лігіне қызмет еткен тұл­ғасын қашанда төбесіне көте­рген. Соның нәтижесінде ел­дің де қабырғасы беки түскен. Бұған ке­рі­сінше мысалдар да жетіп арты­лады. Ол үшін тым алыс­қа бармай-ақ мына көрші Қыр­ғызстанда бо­лып жатқан оқиғаларға жүгінсек те жеткі­лікті. Көршілеріміз осы­мен екін­ші рет өз президент­те­рін заң­­сыз түрде тағынан тайды­рып, елін тастап шығуға мәж­бүр етті. Соның салдары­нан ел іші де береке-бір­ліктен айырыл­ды. Осы тұрғыдан ал­ған­­да, Қазақстанда жүрегінде Ел­басына деген ыстық сезімі мол жандардың мол болуы қуан­тады. Лайым осылай бола берсін. Дегенмен, “Ханда қырық кісінің ақылы бар” деген рас сөз. Елбасы қағаз жүзіндегі мадақ пен мансаптан биік екенін көрсетіп, өзін сыйлаған  парламентшілер мен ха­лық­қа деген шексіз ал­ғы­сын шынайы сөзімен жет­кізе отырып, “Ел Басы” де­ген мәртебеден бас тарт­қанды жөн көрді. Өйт­кені, біздің Президентіміз “Ұлық болсаң, кішік бол” деген қағи­даны қастерлеген дана халық­тың перзенті. Бүгінде Қазақ елін де, қа­­зақ халқын да, оның Тұң­­­­ғыш Президентін де әлем танып отыр. Қалың елі – қазағының қам-қа­реке­ті­мен Жер шары­ның қай құр­­лы­ғына барса да мерейі үстем болып қайтып жүр. Әлем­дік деңгейде ой қоз­ғай­тын сая­сат­шылар сөзі­нен де, ісінен де мін таппауда. Президент Нұрсұлтан На­зарбаев – жаңа тұрпат­ты қа­зақ мемлекетін құру­шы жа­сам­паз тұлға. Оның есімі қазақ тарихында қай уа­қыт­та да алтын әріптер­мен жа­зылатынына сенген халқы тәубе дейді. “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сон­­да сіздердің нақты қолдау­лары­ңызды, ын­та-жігерле­рі­ңізді, қа­жыр-қай­раттары­ңызды әрайым айқын се­зін­дім. Бұл – орасан бақыт. Бұдан өзге ма­ған еш­те­ңе қажет емес. Бой­дағы қуат, бі­лік пен тәжірибе мүм­кін­дік бер­се, мен халқым жүк­теген қас­терлі міндетті ор­ын­дау мақ­са­тында әлі де қа­жымай қызмет ете бе­ре­мін”, деуі де осы ел құрметі мен се­німінің арқасы. Бұ­дан артық не деуге болады. Батыс пен Шығыстағы дамыған елдің даңғыл жолына түскенше, қазақы тіркеспен тәпсірлесек, еліміздің “қабыр­ғасы қатып, бұғанасы бекі­ген­ше” Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың көш басында болға­нын тілейік, ағайын. Сөз орайында тағы бір атап көр­сететін жәйт – Қа­зақстан басшысы таяуда “Ел Басы” деген мәртебеден са­налы түр­де бас тартқанын қайталап айтайық. Мұны бір жағы­нан өте пара­сатты шешім болды деп қабыл­дауға болады. Бірақ екін­ші жағынан мына көрші Қыр­ғыз­станда орын алып жат­қан қайғылы оқи­ғалар, прези­денттің елден қа­шып шығуы кейбір ұста­ным­дарға басқаша қа­рауға итер­мелей­тіндей. Менің айт­пағым – Ұлт көш­бас­шы­сы атауы­ның қажет­тілігін осын­дай оқиғалар тағы да көрсетіп беріп отыр. Сон­дықтан Елба­сы аталған заң­ға қол қойғанда, оның елдің ер­теңі үшін керек болатыны да ақиқат жәйт еді. Баттал ЖАҢАБАЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы. ТАРАЗ. БІРЛІК ЖОҚ ЖЕРДЕ... Түбі бір туысқан қырғыз елі жағынан әлсін әлі естіліп жатқан суық хабарлар жанымызды түр­шіктіруде. Өткен мамыр айындағы “кезекті” төң­керіс салдарынан бұрынғы билік орнынан кетуге мәжбүр болғаны мәлім. Бұл арада кім кінәлі деген сауалға сыртта отырып біз төрелік айтпай-ақ қоя­лық. Бірақ сонда ондаған адамдардың өмірі қиыл­ғаны баршамыздың жүрегімізді сыздатқаны рас. Енді, міне, ол жақтағы жағдай басқаша сипат алып ба­рады. Яғни, Оштағы соңғы күндердегі оқыс оқи­­­ғалар ешқандай ақылға сыймайды. Бұл оқиғалар бір бізді ғана емес, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, “Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды”. Бүгінгі күні шын мәнінде Қырғызстан халқынан ынтымақ қашқандай. Есесіне “Бірлік бар жерде тірлік бар” дейді қазақ халқы. Осы бірлік арқасында іргелі елге айнала түсіп келе жатқанымыз да шындық. Ырыс алды – ынтымақ деген халық даналығы тағы бар. Ал соның қай-қайсысы болсын, Елбасымыздың аузынан бір сәтке де түскен емес. Яғни, Н.Ә.На­зарбаев Қазақстан Рес­публикасының Президенті болып сайланған беттен ұлттар достығын ұлық­тау­дан танған емес. Жер-жерде этномәдени орталық­тардың ашылуы, Елбасы бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, іске кірісуі көре­гендік емей немене! Зульфия ЖАМАЛЕТДИНОВА, “Нұр Отан” ХДП Семей қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары. РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ЖОЛ ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЙДІ Бұл күндері бүкіл әлем жұртшы­лығының назары қырғыз еліне ауып отыр десе де болады. Айтып-айтпай не керек, бұл ел бұрын-соңды болып көрмеген келеңсіз оқиғаларды бастан кешуде. Ең бастысы – мұнда қантөгіс тоқтамай, әлі де жалғасуда. Өркениетке ұмтылып отыр­ған мемлекет ретінде осы мәселеге Қазақ­стан тек сырттай бақылаушы бола алмайтыны да, сонымен бірге, оған бей-жай қарай алмайтыны да анық. Біріншіден, ол – көрші мемлекет. Екіншіден, Қырғызстан түркі жұртының бір бөлігі. Қазақ халқына ең бір жақын туыс, бауырлас елдердің бірі де бірегейі. Қырғыздар мен қазақтарды тек қана қомуз бен қобыз деген саз аспабы жақындастырып отырған жоқ. Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі тарихқа үңілсек, Шыңғыс Айтматов бірден есімізге түседі. Бүгінде Қазақстан ағайын елге өз көмегін тек материалдық тұрғыдан ғана көрсетіп отырған жоқ, сонымен бірге, рухани тұрғыдан да қолдау көрсетуде. Бауырлас елдің халқын сабырлылық пен парасатты көңіл-күй ауанына шақыруда. Себебі, жемісті, өркениетті мемлекет құру үшін революциялық емес, эволюциялық амалдар іздестіру ләзім. Келешекте тұрақ­­­­ты даму үшін алғашқы айтылған жолды таңдау – тұйыққа тірейтін болашағы жоқ жол іздеумен тең. Қалай болғанда да, бұл даму жолы емес. Даму жолы тұрмақ кері кетіретін үдеріс десе де болғандай. Виктор Гюго “Төңкеріс қай­ыршылыққа, ал қайыршылық қайтадан төңкеріске әкелді” деген екен. Сондықтан да қазақстан­дық­тар әлемге әйгілі Манас эпосын тудырған талантты халық осының бәрін түсіне бі­леді, түйсіне біледі деп есептейді. Бүгінгі оқиғалардың барлығын уақытша құбылыс деп санайды. Мәжит ҚАЙЫРБАЕВ, Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім меңгерушісі. ОРАЛ. ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ  ДАМУ – ҚАЗАҚСТАН  ЖОЛЫ Уақыт “Ынтымақты елде бақ тұрар” деген даналық­тың қаншалықты маңызды екен­дігін күн сайын дәлел­деп келеді. Халық пен елдің басты ұстанымы осы болуға тиісті. Мұнда ұлт пен ұлыстың өзара татулығы мен қол ұстасып жүруінен жоғары тұрған жауапкершілік бар. Себебі, баршамыздың түпкі мақсаты­мыз ортақ ұямыз – Отаны­мыздың, тіршіліктің тұтқасы – мемлекетіміздің гүлденуі мен өркен жаюына сүбелі үлес қосып, салиқалы мақтаныш сезімін ұялату. Кез келген халық көптеген қиындықтарды бастан кешіп шыңдалған. Соның ішінде біздің чешен-ингуш халқы да бар. Әсіресе, Ұлы Отан соғы­сы жылдарындағы зұлмат, ең бастысы, тұтастай халыққа сенімсіздік жасалуы, бұл шын мәніндегі кемсіту және қор­лық саналады. Тағдыры қыл үстіндегі халық Қазақстанға зорлықпен тоғытылды. Бұл екін­ші жағынан өзге аз халық­тар сияқты шетқақпайға түс­кен біздердің бағымызды аш­ты деуімізге болады. Себебі, кең жүректі Қазақстан жерінде ұлт пен ұлыс арасындағы түсіністік пен бауырмал­дық­тың тартылыс күшін, болашақ күндеріміздің алаңсыз сәулесін сезіндік. Үрім-бұтағымыз өсіп, той-томалағымыз тарқамай келеді. Мұндай жағдай өз ішінің мығымдығымен, алға қойған мақсатының айқындығымен, жақсылыққа жақын дәстүрле­рі­мен, экономикалық, әлеу­мет­тік-саяси тұрақтылығымен ерекшеленетін мемлекетке тән екендігі мәлім. Осындай мем­лекетте ұрпақ өсіріп, ертеңгі күнімізге үміт артып отырған біздер мемлекетіміздің абы­ройын асыруға күш саламыз, перзентімізге ең үлкен парыз ретінде ұғындырамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дау­ында айтқанындай, біз “тәуел­сіз, өркендеген, саяси тұрақты Қазақстанды құру­дамыз”. Біздің Бұланды ауданында 30-ға жуық ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп, бейбіт қатар еңбектенуде. Оның үстіне әлем­нің 5 мемлекетінен мың­нан астам оралман бауырла­рымыздың отбасы көшіп келді. Ауданымызда демогра­фия­лық жағдайдың түзелген­дігін орташа еңбекақының 37 мың теңгеге жеткенінен-ақ көруге болады. Соңғы үш айда жаңа туған 118 сәбиге бауы берік болсын айттық. Бұл “эволюциялық даму – қазақстандық жол” екендігін айқындай түседі. Жаны­мыз­дағы қырғыз бауырлар осыны көре білуі тиіс. Кикілжіңмен, ашу-араздықпен, неше түрлі атаудағы революциямен ха­лық­тың көсегесі көгермейді. Осыны түсініңіздер, ақылға келіңіздер, ағайындар! Якуб КУСИЕВ, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Бұланды ауданы. КҮШ ҚАШАНДА ЫНТЫМАҚТА Отан – оттан да ыстық се­зім. Ортақ шаңырақтағы бей­біт өмір, тыныштық, этнос­аралық келісімнің қанат жаюы бір-бірімізге деген қалтқысыз көңіл мен сыйластыққа байла­нысты. Қазақстандағы бүгінгі қол жеткізілген өрелі істерді қалт жібермей, жақсысына жаным жа­­дыраса, кейбір орынсыз айтылған, не жазыл­ған­дарды оқығанда “әтте­ген-ай” деп көңілім құла­зиды. Өйткені, оған еш не­гіз жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған он тоғыз жылда ға­сыр­ға баларлық қыруар жұ­мыс ат­қарылды. Ел мерейі өсті. Жері­міз­дің байлығы игерілуде. Осылай­ша қоғам даму­­ын­дағы өріс алған жұмыстар ұшан-теңіз деуге болады. Елді мекендер көр­кейіп, халықтың әл-ау­қаты, мәде­ни-тұрмыстық жағдайла­ры­на оң өзгерістер әкелді. Құ­­ры­лыс қарқынды дамып, қа­зақстандықтар­­дың баспа­на­ға деген сұра­нысы қана­ғат­тандырылса, серпінді жобалардың жү­зеге асу­ы­­на мүмкіндік ту­ғызылған. Жетісу жеріндегі этнос­­тар бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, дос­тық пен бірліктің туын жо­ғары ұстап, тәуелсіздігі­міз­дің тұ­ғырын орнықтыруға мүм­­­­кіндіктерін жұмыл­дыр­ған. Демек, біздің ертеңге деген сеніміміз зор. Көп­те­ген ша­ңырақта қазақ пен ұй­ғыр, орыс, неміс, кә­­­ріс ұлт­­­та­ры­ның өкілдері бірімен бі­рі дос-жаран, құда-жегжат болып кет­­келі қашан. Бізде бөліп-жара­тын ештеңе жоқ. Аспан мен күн ортақ. Екі қолға бір жұ­мыс іздегенге жеткілікті. Мемлекет басшысының ел бо­лашағы үшін аттан түспей, сали­қа­лы саясат жүргізіп отырғаны да ха­лықтың алдағы күндерге деген үмі­тін нығайта түсуде. Жақында теле­арнадан көршілес Қырғызстандағы бей-берекет тәртіпсіздікті жә­не бей­­­біт өмірдегі себепсіз адам қыр­ғы­нын көрдім. Япыр-ау, үлкендер емес, қар­шадай балалар ереуілдің орта­сын­да жүр. Үлкендердің бақ­та­ласына бүлдіршіндерді араластыру­дың өзі нағыз арсыздық. Жас ұр­пақ­тың тағдырына немқұ­рай­д­ы қа­раған ағайындардың бұл әрекетіне айтуға сөз таба ал­майсың. Мұның өзі адам са­на­сын улап, ел болаша­ғы­на бал­та шабатынын, ұлт тәуел­сіз­дігіне қауіп төндіріп, қара­пайым халықтың жазықсыз жапа шегуіне әкелетінін олар түсінсе, қане. Бізге керегі – ашық аспан, ты­ныштық, ұлтаралық келі­сім­ді ны­ғайтып, егемен еліміз­дің тұғырын биіктету, халқы үшін тер төккен Елбасының жанына бұрынғыдан да тығыз топтасып, бірліктің, ынты­мақтың бесігінде тербелу. Ардақ СЫДЫҚ, облыстық мәслихаттың хатшысы. Алматы облысы. БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ Қырғызстандағы орын­сыз оқи­­ғалар кім-кімді де бей-жай қал­дырмасы анық. Ырыс-берекенің бастауы тұ­рақ­тылық десек, сол ты­ныш­тықты сақтау қай ха­лыққа да үлкен жауапкер­ші­лік жүктейді. Қай елде болса да адам үшін ең керектісі бейбіт өмір. Еңбек етуге жағдай жа­сал­са, онда адам ештеңеге алаңдамай өмір сүреді. Іс­теуге жұмысы, бала-ша­ға­сын бағуға табысы болса, қа­ра­пайым адамға сол да жет­кілікті. Ал енді осылар жоқ жерде жақсылық кү­ту­дің өзі әбестік. Қырғыз­стан­ның Ош облысында орын алып жатқан келең­сіз­діктер елдегі этнос­ара­лық және кон­фес­сияа­ра­лық татулықтың жоқты­ғы­нан деп түсіну қажет. Одан қал­­са жұмыстың жоқ­ты­ғынан орын алып отырған жәйт. Еліміз тәуелсіздік алған кезде кейбір батыстық са­рап­шылар осы елде көп­теген этнос өкілдері тұ­ра­ды, сондық­тан этносаралық қақ­ты­ғыс бо­лып, ел ретінде құриды деп сәу­егейсі­ген­дері бел­гі­лі. Осы орайда Елба­сының көре­ген­дігін, ба­тыл­дығы мен дана­лы­ғын айт­пай кет­песке болмас. 1992 жылы Ал­матыда Қазақ­стан халқы­ның бі­рін­­ші фо­ру­мы болды. Сол құрыл­тай­ға өзім де қатысып, сөз сөйле­генім бар. Сонда Елбасы Қа­зақстан дамыған мемлекет­тер­дің қа­тарына кіруі, халқының бай өмір сүруі үшін бізге ең бірінші керегі бейбітшілік, ұлтаралық және конфессия­ара­лық келісім мен қоғамдық тату­лық де­ген-ді. “Біз осыған қол жеткізсек, қалғанының бар­лығы өзі келеді”, деп айт­қаны есімде. Соның ар­тын­ша Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Аталған қоғамдық инс­титут сол этносаралық тату­лық­ты нығайтуға атсалысып келеді. Міне, ең алдымен Құдай­дың Қазақ еліне берген нығ­ме­ті, қала бер­се Елбасы саясаты­ның арқа­сын­да бейбіт өмір сүріп жатыр­мыз. Барлық этнос өкілдері Қазақстанды өзім­нің Отаным, өзімнің елім дей­ді. Осындай жағдай жа­сал­май, ор­нық­ты саясат жүргі­зілмей, еш­қашан көп этнос тұратын ел­дерде ке­­лісім орнамайды. Қа­зақ­­станда бей­біт өмір сүріп жат­­қаны­мыздың бел­гілі себеп­терінің бірі осы. Біз та­­рих­тан тағы бір нәрсені білеміз. Қазақ – пейілі кең әрі қонақжай халық. Қорыта келгенде айта­рым, қа­зақстандықтар дос­тықтың, та­ту­лық­­тың қадірін жақсы бі­леді. Біздің көр­шілерімізге жет­пей жатқаны да осы мәселе болса керек. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты. БІЗ ҚУАТТЫ ЕЛДЕ ТҰРАМЫЗ Қазіргі қоғамда сан алуан өзгерістер жиі көрініс беруде. Әсіресе, саяси тұрақтылығы мы­­ғым емес, экономикасы іл­герілемей қалған елдерде мүл­дем шиеленісе бастады. Мұны әлемнің көптеген елдерінен ұдайы байқаймыз. Іргелес көр­ші, ежелден туыс­қандық байла­нысы бар Қырғызстанда да дәл қазір осындай жағдай қалыпта­сып отыр. Ел екінші рет басшы­сыз қалды. Тұрақ­ты­­­­лық орната­мыз, елді тығы­рық­тан шығара­мыз деп уәде берген саясаткер­лер халықты ұйыстыра алмауда. Осы елдегі тұрақсыздыққа қа­рағанда, тәубе дейік, Қазақстан­дағы саяси тұрақтылық пен эко­но­ми­калық өрлеудің нәти­же­сі жыл сайын өз жемісін беруде. Әрине, көп ұлттың ортақ ме­кеніне айналған Қазақстан­дағы ең басты жетістіктің бірі –ұлтаралық бірлік. Ал бұл –өте нәзік мәселе. “Бірлігі бардың тірлігі бар” деп дана бабаларымыз өсиет еткендей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың сындарлы саясаты­ның басты тармағы ұлтаралық татулықты сақтаумен орайла­сып жатыр. Шын мәнінде та­ту­лығы берік орныққан елдің ғана экономикасы өркен жая­тынына көз жеткізіп келеміз. Елбасының шынайы қам­қорлығынан түрлі деңгейдегі ардагерлер, зейнеткерлер, аз қамтамасыз етілген отбасы­лары, сонымен қатар, бюд­жеттік сала қызметкерлері де, атап айтқан­да, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер де қалыс қалған емес. Осы санат­тағы адамдар­дың зейнетақысы мен жәр­демақыларын, еңбека­қы­ларын жылма-жыл көбейту, әрине, аз көлемдегі қаржымен шешіле қоймайды. Бұған эко­номи­ка­лық, қаржылық қуаты төмен елдер бара бермейді. Ал бізде зейнетақыны, жәрдемақы­лар мен еңбекақыны өсіруге толық мүмкіндік бар. Жаңа дәуірдің талабы өзгеше. Бұрынғы сүрлеумен жүру бәсекеге ілестірмейді. Мұны мемлекеттің, халықтың қамын ойлаған шынайы сая­саткерлер ғана ұғына алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың жаңа Қазақстанды әлем­дік қоғамдастыққа танытудың жаңа­ша бағытын ұстануының нәти­жесінде Қазақстанымыз қуат­ты елге айналды. Саяси тұрақты­лығымыз – бекем, ұлт­­аралық татулығымыз – берік. Бұл – біздің басты жетістігіміз. Серік МҰХАМБЕТОВ, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары. Атырау облысы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20