Волонтер • 01 Сәуір, 2024

Волонтерлердің белсенді жұмысы

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдегі су тасқыны біраз аймақты әбігерге салды. Төтенше жағдайлар министрлігі тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Десек те мәселе ырық бермей тұр. Тіпті мамандар республикадағы 220-ға жуық елді мекенді су басуы мүмкін деп отыр. Қарғын судан келген осынау қарбаласта волонтерлер де тасада қалмады.

Волонтерлердің белсенді жұмысы

Жер-жердегі тасыған нөпір дүйім елді сарсаңға түсірді. Апат әлі де сейілер емес. Көліктер қарғын суда қа­лып­тап, мал-мүлік ағып кетіп жатыр. Осынау қиын-қыстау кезеңде жауапты мамандарға ілесе «Жастар рухы» жастар қанаты көмек көрсетуді жалғастырып келеді. Әсіресе Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облысында ел жанашырлары тәулік бойына халықты эвакуациялауға жұмылды. Ақтөбе облысында төтенше жағдай тұсында қолұшын созғандардың арасында Әлішер Тыныштық та бар.

– Аймақтардағы қазіргі ахуал бар­ша­мызға белгілі. Облысымыздағы жағ­дайды біле тұра, қол қусырып отыра алмадық. Бір топ ерікті Шұбарқұдық ауы­лына жолға шықтық. Қардың қар­қын­ды еруіне байланысты болған су тас­қы­нынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді ерікті.

Эвакуацияланған тұрғындарды мектептерге орналастырып, тұрғындарға керекті гуманитарлық көмек – азық-түлік, гигиеналық керек-жарақ, көрпе төсектер үлестіріліп жатыр. «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Ақерке Ескен­ді­ро­ваның сөзінше, бүгінде қызыл су жай­лаған аймақтарға жасақталған 500-ден аса ерікті қауіп сейілгенше сапта болады.

– Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, су тасқынының алғашқы сағатынан-ақ жергілікті тұрғындарға көмек берудеміз. Ақтөбедегі арнайы құрылған волонтерлік топпен бірге гу­манитарлық көмек орталығында жи­нал­ған заттар тұрғындарға жеткізілді. Әрине, олардың ішінде ТЖ кезінде керекті дейтін алғашқы көмек заттары, киім-кешек, азық-түлік пен гигиеналық заттар бар. Апат орын алған аймақтардағы волонтерлер тек гуманитарлық көмекке ғана емес, су тасқыны салдарынан бүлінген ғи­марат­тарды қайта қалпына келтіруге, тәулік бойы қызметте жүрген ТЖ қызмет­керлеріне ауызашар уақытында ыстық тамақ жеткізуге, жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазартуға атсалысып жатыр. Жастар қанаты оқиға орнында көмектесіп жүрген волонтерлерді де назардан тыс қал­дыр­мады. Тасқын су орын алған ай­мақ­тардың еріктілеріне арнайы киім жабдықтарын жолдады, – деді ол.

Ал Абай облысында көпірдің құла­уына байланысты Бозай елді меке­ніне кіріп-шығу мүмкін болма­ған­дықтан, ел жанашырлары арнайы техника арқылы азық-түлік пен басқа да керекті жабдықтарды жеткізуге көмектесті. Сондай-ақ тұрғын үйлерге судың кіріп кетпеуі үшін құм толтырылған қап­шық­тардан бөгеттерді орналас­тырып жатыр. Тіпті жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру жұмысына да қолғабыс болды.

– Өңірлерде гуманитарлық көмекті жинақтауда, халыққа табыстауда «Biz Birgemiz» қоғамдық қоры да бірікті. Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілікте жүрген Абай облысының Төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне Жастар қанаты «Biz Birgemiz» қоғам­дық қорының қолдауымен ауызашар уақы­тында ыстық тамақ үлестірілді. Қасиетті айда тынбай еңбек етіп жатқан бауырларымызға ерекше алғыс біл­діреміз. Апат айтып келмейді. Сон­дықтан республикадағы жағдай тез арада реттеліп, зардап шеккен халық өз шаңырақтарымен қайта қауышса екен, – деді «Biz Birgemiz» ҚҚ жетекшісі Қайрат Перизат.