Пікір • 01 Сәуір, 2024

Digital nomad: жасампаздық һәм жасанды интеллект

171 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда белгілеген құндылықтар қатарында жасампаздық пен жаңашылдыққа арнайы тоқталды. Бұл бағыттардың өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты екеніне, озық дамыған мемлекет құру үшін азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керектігіне екпін салды.

Digital nomad: жасампаздық һәм жасанды интеллект

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өте орынды талап. Өйткені ен­дігі кезеңде өркениет игіліктерімен иық теңестіргендердің өресі өседі, жай­ба­рақат жүргендердің өкпесі өшеді. Қоғам уақыттың алға тартып отыр­ған осы айнымас ақиқатын аңғаруға тиіс, тіпті қазірден қам жасап қарекет етуі қажет. Ғарыштық жылдамдық­пен дамып жатқан ғаламдық өзгеріс­тер тұсында отандастарымыздың бойтаса­лап емес, ой саралап  қатар жүруі өрке­ниет игіліктерінен артта қа­лып қой­мауы­на мүмкіндік бермек. Сол себепті, Пре­зидент атап өткендей, біздің жаппай цифр­ланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айна­лу жолында озық технологияларға негіз­дел­ген білім экономикасын құру ең өзек­ті мәселелердің алдыңғы легінде тұр.

Адамзат ғылымды игере бастаған  кейінгі бес ғасыр бедерінде төрт өнер­кәсіптік төңкерісті бастан өткергені бел­гілі. Соның ішінде ХХІ ғасыр даму жағынан ең ұшқыр жүзжылдық ретінде тарихта қалатыны мәлім. 1926 жылы америкалық өнертапқыш Никола Тесла келешекте Жер бетінде сымсыз жүйелер пайда болып, күллі әлем тұтастанған орасан бір ортақ миға айналады дегенде, айналасындағылар оны есі ауысқан деп келеке еткен екен. Америкалықтың айтқаны айдай келді.  Алысқа бармай-ақ, егемендікті енді-енді сезініп, нарықтық экономиканың не екенін жаңа түсіне бастаған 2000-жылдардың басында біз арадағы 24 жылдың ішінде әрбіріміздің қолымызда тіршілігіміздің барлық қырын қамтыған, яғни әлемдік деңгейде байланыс жасауға, ақпарат алуға, түрлі сервистік қызметтер көрсетуге, электрондық төлемдер жасауға қабілетті ұядай ғана ұялы телефонға тәуелді болып қалатынымызды ойлап көрдік пе? Қағаз қаражат айналымнан алыстаған қазіргі заманда сіз ұялы телефоныңызсыз дүкеннен азық-түлік ала алмайтыныңыз, шалғайда тұратын дос-бауырларыңызға ақша сала алмайтыныңыз, тіпті қоғамдық көлікке отыра алмайтыныңыз анық. Міне, уақыт солай өзгерді, өзгергенін көз көрді.

Бұл ойды одан әрі өрбітсек, әйгілі футуролог Юваль Харари өзінің бестселлерге айналған «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабында 2050 жылға қарай мектептер оқушыларды дәстүрлі оқу бағдарламасынан тыс жаңа трансформациялық жағдайларға бейімдеуге, үйретуге басымдық беруі тиіс деп есептейді. Оның болжамынша, болашақта өзгерістерге икемді, үздіксіз білім алуға бейіл, сын-қатерлерге төтеп бере алатын адамдар ғана табыстылар санатында болмақ.

Танымал футуролог мұны неге сүйеніп айтып отыр? Талдап көрсек, дүниежүзілік сарапшылар 2050 жылы қазіргі жұмыс орындарының 60%-ы ғана сақталатынын айтып отыр. Бұған қоса, болашақ мамандықтардың 85%-ы әлі толық анықталмағаны болжанған. Алдағы 20 жылда еңбекке қабі­летті адамдардың басым бөлігі жаңа мамандықтарды меңгеру үшін қайта даярлықтан өтуге мәжбүр болмақ. Кейінгі онжылдықта шекарамен шектелмейтін әлемдік еңбек нарығы қалыптас­ты. Адам қолымен істелетін жұмыс функцияларының көп бөлігі жасанды интеллектінің міндетіне көшіріліп жатыр. Автоматтандырылған жүйе еңбек нарығы мен адамдардың өмір сүру салтына өзгерістер енгізді. Алдағы уақытта адамның қатысуынсыз қызмет ететін технологиялар көші қалыпты жұмыс орындарын күрт қысқартады. Мейілінше техникаланған әлемде білім экономикасымен қаруланған, идеялар мен тұжырымдар тудырушылар ғана ілгері сапта тұратын болады. Біз алыстығы байқалмайтын көрінген таудай бұл Digital дәуіріне дайынбыз ба? Ақпараттық технологиялар­дың, интернеттің игіліктерін қандай қажеттіліктерімізге жаратып жүрміз?

Мемлекет басшысы Құрылтайда сөй­леген сөзінде бұл бағыт­та: «Ақпараттық тех­но­логияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айт­сақ, интернетті тал­ғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеу­­меттік желідегі мағына­сыз контентке әуес» деп нақты түйіндеді.

Осы тақырып бойынша тағы бір шегініс жасап көрелік. Facebook әлеу­мет­тік желісінің алғашқы инвес­тор­ларының бірі, америкалық бизнесмен Питер Тиль жобаға құйған қомақты қаражатының қайтарымына байланыс­ты берген сұхбатында «бізге ұшатын машиналарды шығаруға уәде берген еді, оның орнына әлеуметтік желілерді ұсынды» деген екен. Бұл жауап біздің қазіргі қоғамның кейбір жағымсыз көрінісін дәлме-дәл суреттегендей әсер береді. Айталық, әлемнің прогрессивті өкілдері бүгінде интернет арқылы заманауи жаңашылдықты санасына сіңіріп, білімін жетілдіріп, білігін ұштаумен айналысып жатса, өкінішке қарай, замандастарымыздың көпшілігі әлеуметтік желідегі желбуаз ақпаратпен алтын уақыттарын өлтіріп жатыр. Біздің қоғамның біраз бөлігі бүгінде әлеуметтік желіде тапжылмай отырып, өнер мен спорт жұлдыздарының ажырасып, қайта үйленгенін немесе олардың әйелден еркектік күйге енгенін болмаса есірткімен ұсталып сотқа сүйрелгенін оқып, өсек-аяң арқылы санасын өсірумен емес, өшірумен айналысып жүр. Жалпы, зулаған зымырандай ғасырымыздың соңына қарай адамзат Марсты игереді деген болжам бар. Оған жан-жақты дайындық жасалып жатқанын да оқтын-оқтын оқып қоямыз. Осы ретте қазақтың біртуар ақыны Есенғали Раушановтың «Планета боп Есенин айналып жүр, Есенғали ауыл­да қой бағып жүр» деген ащы сарказмге толы өлең жолдары ойға оралады. Сондықтан, әлем Марсты бағындыруға құлшыныс жасап жатқанда, біздің жұртшылықтың мағынасыз контентпен құлдырап жатқаны қоғамның дамуына зор зиянын тигізетінін мойындауымыз керек. Бұл жөнінде де Президент көпшілікке ой тастады. «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне ке­де­р­гі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық жә­не қауіпті кеселден құты­луымыз керек».

Әлбетте, өмір болған соң ақ пен қараның, сапа мен салғырттықтың қатар жүретіні белгілі. Жалпы, жұрт жаңағы айтқан жағымсыз қылықтардан арылса, өркениет көші­не тұтас ел болып іле­сетініміз айдан анық. Сонымен бірге, елімізде ақпараттандыру саласында елеулі іл­гері­леу­шіліктер бар екенін де жоққа шығармауымыз керек. Тіпті көршілес елдерден бұл салада оқ бойы озық тұрғанымыз да рас. Мемлекет басшысы осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасалып, жаңа дата-орталықты іске қосу, Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу көзделіп отырғанын айтты.

«Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек» деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы тілге тиек еткен «цифрлы номадтар өркениетін» бүгінгі таңда әлемде өздерінің кәсіби міндеттерін орындауда цифрлық телекоммуникациялық технология­ларды барынша қолданып, қызмет ететін ерекше әлеуметтік топтар  қалыптастыруда. Аталған цифрлық номадтар жаһанда ақпараттық қоғамның орнығуына байланысты байырғы көшпелілердің өмір салтын жаңаша жаңғыртып, әлемнің кез-келген нүктесінде отырып қашықтан жұмыс істей бастады.  Көшпелілік өмір салты бізге де тән. Бірақ біздікі көне көшпелілік. Халқымыз көшіп-қо­нып жүріп, тағдырында талай тар жол тайғақ кешті, шапқыншылықты, со­ғыс­ты, аштықты, қуғын-сүргінді бас­тан өткерді. Табиғатынан қайырымды, са­ли­қалы, қайратты қазақ әр дәуірде оқтын-оқтын соққан сол заманалар дауылында морт сынып кетпеді. Тұтастай алғанда, отандық мамандар цифр­лық технологияға қажетті қабілет көшпелілер ұрпақтарының генінде бар деп есептейді. Ол үшін менталитетке реформа жасаудың қажеті жоқ. Есте сақтау мобильділігінің ерек­шелігін бұрынғы қазақтардың эпос­тарды бір сәтте жаттап алуымен, сана­сына сансыз ақпаратты сақтап алуымен өлшеуге болады. Бұл орасан зор мәлімет Big Data деңгейінде сақтау­лы болуы мүмкін. Тіпті көшпелілер ұланы­ның бойындағы қабілетті ояту бағдарламасын қолданатын мектептерде пән енгізуді ұсынады. Бұл – уақыт еншісінде. Олай болса, алдағы цифр­лы көшпелілер дәуірінде халқымыз жігерін жаңаша жанып, жақсы мен жаманды танып,  өркениет көшінен қарыс қадам қалыспағанын қалаймыз.

 

Қуат БОРАШ,

қоғам қайраткері