Фото: Болат Айтмолда
Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт тағдырына қатысты келелі мәселелерді ұлы даланың киелі мекендеріне барып көтеруінде болып тұр. Президент ел тізгінін қолына алғаннан кейін өткізген Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытау төрінде ұлы тұлғаларды дәріптеуден басталса, қасиетті Түркістанда өткен жиында төл тарихымыз бен рухани құндылықтарымыз кеңінен таразыланды. Ал Ұлттық құрылтайдың киелі мекен Жайықтың жағасында өткен кезекті отырысында еліміздің жарқын болашағына жол ашатын бастамалар талқыға түсті.
Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Біз болашаққа сеніммен басу үшін Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері ретінде мәдени мұраларымызды сақтап, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет», деген болатын.
Мемлекет басшысы айтып отырған көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып, тәрбиеленіп келеді. Жоғары оқу орындары – жастарды үлкен өмірге дайындайтын өмір мектебі. Осы тұрғыда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тікелей жетекшілігімен отандық ЖОО ректорларының, проректорларының тұрақты басқосуы өтеді. Басқосуларда өскелең жастар сапынан еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін жасампаз тұлғаларды тәрбиелеп шығару мәселелері талқыға түседі. Министрлік тарапынан бекітілген жоғары оқу орындарындағы өскелең жастарды өркениетке жетелеудің 2029 жылға дейінгі стратегиялық тұжырымдамасы жоғары оқу орындарының жұмыс тәжірибесінде жүзеге асып келеді.
Президенттің әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыту туралы ұстанымына орай министрлік отандық жоғары оқу орындарында Ұлыстың ұлы күні мерекесін тойлаудың онкүндігін жоғары деңгейде өткізуді қолға алды. Көрісу күнінен бастау алған рухани танымы терең ұлттық мерекеміз Қайырымдылық, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім кию, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ күндерімен астасып, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың рухани тұрғыда кемелденуіне зор ықпал етті. Бұл бастаманы шын ықыласпен қабылдаған Жұмабек Тәшенов университетінің қызметкерлері мен білім алушы жастары ұлттық рухымыздың оянуына өз үлесін қосып келеді. Университетіміздің басты ұстанымы – жастардың ғылымға, спортқа, өнерге қызығушылығын арттыру арқылы олардың тұлғалық қабілетін жан-жақты дамыту, стратегиялық шешімдер қабылдауға баулу.
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Ж.Тәшенов университетінің проректоры