Үкімет • 01 Сәуір, 2024

Мақсат – Инвестициялық ахуалды жақсарту

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен инвестиция­лық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, онда салық заңнамасын жетілдіру, бәсекелестікті дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері талқыланды.

Мақсат – Инвестициялық ахуалды жақсарту

Қазақстан Үкіметі елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту үшін жү­йелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уа­қытта жаңа Салық кодексі әзірленуде, оның аясында әкімшілендірудің сервистік моделі енгізі­леді. Осылайша, салық төлеу­шіге тіркеуден бас­тап, оны есептен шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетіледі. Нәтижесінде, елдегі салық есептілігі 30%-ға, салық бойынша төлемдер саны 20%-ға қысқарады деп күтіліп отыр. Бұл ретте бизнес үшін ынталандыратын тиімді жеңілдіктер сақталады.

Қазақстанда бәсекелестікті қорғау мен да­мы­тудың 2026 жылға дейінгі тұжырым­да­ма­­сы іске асырылуда, құжатқа сәйкес мем­ле­кеттің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін төмендету көзделген.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күрес бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және кірістердің ізін жасыруға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл іс-қимыл жоспарына қосылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы елдер тобына кірді. Жалпы халықаралық ұйымдармен және шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен өзара үйлесімді іс-қимыл жолға қойылған.

Бейнеконференцбайланыс жүйесі бо­йынша отырыс барысында Қазақстан­дағы Америкалық сауда палатасының атқару­шы директоры Дорис Брэдбери, Канада­­ның ҚР-дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Алан Хамсон, Еуропалық Одақтың ел­шісі Кестутис Янкаускас, ЭЫДҰ Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы желісінің директоры Ольга Савран, сондай-ақ шетелдік инвестор-компаниялардың және мемлекет­тік органдардың басшылары сөз сөйледі.

Отырысты қорытындылай келе, Үкімет басшысы барлық айтылған ұсынысты зерделеуді тапсырды. Қолайлы инвес­­тиция­лық климат Қазақстанда экономика­ны сапалы жаңғырту бойынша рефор­маларды жүргізуде маңызды рөл атқара­ды. Адал бәсекелестікті күшейту, жекемен­шікті қорғау және демонополизациялау мәселелері – ерекше бақылауда.

«Мемлекет басшысы әрдайым елдің инвестициялық ахуалын жақсарту қажет­тігіне ерекше назар аударады. Үкімет елімізге адал және ашық бизнес жүргізуге келген­дердің барлығына сенімді инвес­тициялық серіктес болуға дайын. Біз өндірісті кеңейтуге, локализацияны ұлғайтуға, еліміз үшін маңызды жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге ниеттіміз», деді О.Бектенов.