Инфляция • 02 Сәуір, 2024

Инфляция деңгейін төмендету шаралары

103 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар кешенінің жобасы қаралды.

Инфляция деңгейін төмендету шаралары

Фото: gov.kz/

Құжат 2025 жылға дейін ұзартылып, жаңа іс-шаралармен толықтырыл­мақ. Жаңа шаралар күзгі егіннің көкөніс қорларын қалыптастыруға, химия саласында инвестициялық жобаларды, жеңіл өнеркәсіпте импортты алмастыратын жобаларды іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ Шымкентте жылыжай кешені мен көкөніс қоймасын, ШҚО-да өсімдік майын өндіру зауытын, Алматы облысында ет комбинатын салуға, Қызыл­орда облысында қарқынды бақтар өсіруге, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін орнатуға, т. б. қарастырылған.

«Өзектендірілген шаралар кеше­нінде әрбір іс-шара бойынша нысаналы индикаторлар көзделетін болады. Тұтастай алғанда, құжат тауарлар қатарын ұлғайту арқылы инфляциямен күресуге бағытталған. Сондықтан іске қосылған мемлекеттік органдардың барлығы ішкі нарықты қанықтыру үшін отандық өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды күшейтулері  қажет», деп атап өтті Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.

Кеңесте жалпы шаралар кешенінің жобасы мақұлданды. Құжат алдағы уақытта қажетті келісу рәсімдері мен бекіту үшін жолданады.