15 Маусым, 2010

ЖАҚСЫНЫ БІЛМЕККЕ ДЕГЕН

601 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстанның Италия Республикасындағы елшісі Алмас Хамзаев пен Испания Корольдігіндегі елшісі Ерғали Бөлегеновке жолданған сауалдама сұрақтарында бұл елдердің экономика және туризм салаларындағы табыстары және олармен осы салаларда Қазақстанның байланысы, қандай жетістіктерінен үйренуге болатыны айтылған еді. Төменде Алмас Насреддинұлы мен Ерғали Бөлегенұлының жауаптарын жариялап отырмыз. А. ХАМ­ЗА­ЕВ: Италия ин­­дус­­триялық әр­тарап­тан­дырылған эко­номикаға ие, оның жан ба­сына ке­летін табыс­тарын Фран­ция­мен және Ұлы-бри­­­та­ниямен са­­лыстыруға бо­лады. Ел эконо­микасы индус­триялық тұрғыда дамыған және жекеменшік компаниялар басымдық танытатын солтүстік пен біршама аз дамыған, мем­лекеттік дотацияларға кіріптар аграрлық оңтүстікке бөлінеді. Өнер­кә­сіпке қажетті көптеген пайдалы қазбалар және энергияның 75 пайыздан астамы Италияға сырттан әкелінеді. Қазіргі кезде экономикалық ахуал керемет болып отырған жоқ. Италия экономикасы 2008-2009 жылдарғы әлемдік экономикадағы өсудің баяулау салдарынан сырт қалған жоқ. Италияның ІЖӨ-сімен салыстырғанда сыртқы қарызы 2009 жылы 117,3 пайызды құраса, биылғы жылға 123,2 пайыз бол­жанып отыр. 2009 жылы бюджет тап­шылығы 5,3 пайызды құрады. Жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымының өсу серпініне де салқынын тигізді. ҚР Кеден комитетінің мәліметтері бойынша екіжақты тауар айналымы 2008 жылы 13,2 млрд. долларды құраса, 2009 жылы өзара сауда деңгейі 8,16 млрд. долларға дейін төмендеді. Солай болсадағы екі елдің ара­сындағы сауда-экономикалық қаты­нас­тарда берік іргетас қаланған. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Италия Республикасына 2009 жылғы қарашадағы ресми сапары барысында бірқатар келісімдерге қол қойылуы ықпал етті. “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ пен Enі кон­церні арасында қол қойылған келісім бойынша газ өңдеу зауыты мен газ турбиналы электр стансасын іске қосуды, сыйымдылығы 60000 тонна  болатын кемелер жасау үшін құрғақ докты іске асыру, Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу көзделген. Fіnmeccanіca концернімен – ғарыш, авиация, электроника, энергетика, көлік сала­ларында жаңа технологияларды әзірлеу ісіндегі итальян көшбасшысымен ынтымақтастықты кеңейту елеулі оқиғаға айналып отыр. Fіnmeccanіca өзінің еншілес кәсіпорны  SELEX  Sensors and Aіrborne Systems Lіmіted арқылы “Қазақстан Инжиниринг” ҰК” АҚ-пен қару-жарақ пен әскери техникаға күрделі жөндеу және жаңғырту жүргізу жөніндегі жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойды. Т-72 танкін жаңғырту осындай алғашқы жоба болуы тиіс. “ҚТЖ ҰК” АҚ пен Ansaldo STS еншілес компанияларының бірлескен кәсіпорын құруы қол жеткен уағда­лас­тықтардың ең ірісі саналады. Бірлескен кәсіпорынның мақсаты жобалау-іздестіру және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, теміржол көлігінің қажеттері үшін өнім өндіруді, соның ішінде осы заманғы электрмен жабдықтау жүйесін, Қазақстан Республикасы аумағында белгі беру және байланысты орындау болып табылады. Сол секілді “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ, Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы мен General Electrіc Oіl and Gas – Nuovo Pіgnone S.p.A арасында GE 10-2 газ турбиналарын өндіру, жинау және сынақ жұмыстарын жүргізу жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру маңызды шара саналады. Мұндай газ турбиналары мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылып, Қазақ­стан, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбек­стан және Түркіменстан аумағында орнатылады. Сондай-ақ мұнай-газ құрал-жабық­тарын жөндеу және дайындау, құрылыс материал­дарын, металл конструкциялар мен мәшине жасау бөлшектерін шығару жөнінде бірлескен кәсіпорындар құруға қатысты басқа да құжаттарға қол қойылды. Біздің елдеріміздің арасындағы экономика­лық қарым-қатынасты дамыту үрдісі соңғы жылдар ішінде жақсы қарқын алып, Италия Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестері қа­тарынан жетекші орын алғанын көр­сетті және бұл ел біздің экономи­камыздың маңызды инвесторы болып табылады. Қазақстан италиялық және еуропалық бизнес үшін Орталық Азияның көшбасшысы болып табылады. Қазіргі кезеңде Қазақстанға біздің әріптестеріміз үшін инвестициялық тартымды­лығын сақтау өте маңызды. Ал Кеден одағының қызмет істей бастауына байланысты бұл міндет өзекті бола түседі. Е.БӨЛЕГЕ­НОВ: Жа­һан­дық қаржы және эко­но­микалық дағ­дарыс Ис­па­ния экономи­касына айтар­лықтай сал­қы­нын тигізсе де, бұл ел Еу­ро­­одақтың ба­рын­ша да­мыған мем­лекеттерінің бірі болып қалуда. Испанияның жоғары дамыған өнеркәсібі мен ауыл шаруа­шылығы бар. Солардың ішінде мәшине жасау мен металл өңдеу, энергетика, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен және, әлбетте, туризм барынша дамыған саналады. Тиімді әрі жоғары табысты сала ретінде туризм Испания экономикасына зор ықпал жасап отыр. Туризмнің арқасында халық шаруа­шылығының көптеген салаларында және халықтың тұрмыс жағдайында басымдықтар өзгерді. Сол секілді жұмыс күші мен қаржы арнасын бөлуге туризм әсер етіп келеді. Бүгінде Испанияның ішкі жалпы өнімінің 70 пайызын туризм саласына жататын қызмет көрсету секторы беріп отыр. Сол секілді жұмыс істеуге қабілетті жастағы испандықтардың 72 пайызы туризм саласымен қамтылған. БҰҰ-ның Бүкіл­әлемдік туристік ұйымының штаб-пәтері Мадридте орналасуы жайдан-жай емес. Шетел­дік туристердің келуі тұрғысынан Испания әлем мемлекеттерінің үздік үштігіне кіреді, ал Еуропада біріншілікті Франциямен ғана бө­ліседі. Бұған табиғи және мәдени-тарихи көрнек­ті орындардан бастап елдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайына дейін әсер ететіні белгілі. Туризмнің дамуы экономикалық жай-күйге тікелей байланысты болғандықтан, бүгінгі заманда шетелдік туристер үшін жоғары дең­гейдегі сервис қызметі, дамыған көлік инфра­құрылымы, соның ішінде кең тарамдалған автомобиль, жоғары жылдамдықтағы темір жол және ұзақ қашықтыққа арналған авиация қатынасы қажет екендігі түсінікті. Испанияның, қазақстандық өлшемдер тұрғысынан алғанда, шағын географиялық аумақта орналасуы, Жерорта теңізі маңындағы ылғалды және жалпы ау­мақ­тағы континентал­дық климаты, сондай-ақ теңіз жағалауы мен ел орталығы ара­сын­дағы биіктіктердің елеулі айырмашылығы маңызды рөл атқарады. Жылдық орташа температураның өсу үдерісіне қарамастан, Испания  әзірге өз меймандарына демалыстың жазғы да, қысқы да түрлерін ұсы­нуға қабілетті. Елдің солтүстігіндегі тау шаң­ғысы курорттары жұртты қатты қызықтырады. Туристер үшін Испанияны тартымды ете түсетін бір себеп оның бай тарихы болып табылады. Бұл ел 1936-1939 жылдарғы азамат соғысы, Екінші жаһан­дық соғыс, болмаса ХХ ғасырдағы басқа жаһандық қақтығыстарға қатыспады, сөйтіп өз қалалары мен көне ескерт­кіштерін сақтап қала алды. Бүгінде АҚШ, Еуропа мен Шығыс Азиядан, Қытай мен Жапониядан келген туристер Испаниямен жүріп өтуді айрықша ұнатады. Тартымдылық қасиеттерінің бірі испан халқының дәстүрлері мен салт-санасы болса керек. Испанияның көптеген  қалаларында өзінің бірегей дәстүрлері мен мейрамдары бар. Испан корридасы мен фламенконы, испан футболын дүние жүзі жақсы біледі. Сонымен бірге барлық туристік маршруттарға қолайлы қонақ- үйлер, жақсы ұйымдастырылған көлік, ұлттық дәстүрге бай тағамдар әзірлейтін мейрамханалар, көрнекті орындар мен түрлі тілдердегі көрсеткіштер қызмет етеді. Қазіргі кезде Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде туризм саласының құқықтық базасын жетілдіру жүріп жатыр. 2009 жылғы шілдеде екі елдің туризм сала­сын­дағы министрліктерінің өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды. Егер Қазақстанның туризм саласына аса қажетті мүмкіндіктерді, соның ішінде даласы мен таулары, шөлейттері мен ормандары, өзендері мен тақыр өңірлері астасып жататын табиғатын, бай тарихи мұраларын, таңғажайып флорасы мен фаунасын ескерер болсақ, еліміз­дің Ор­талық Азия өңіріндегі туризм орта­лы­ғына айналу мүмкіндігі зор екенін түсінеміз. Егер туризмді дұрыс дамыта білсек, ол басқа салалардың дамуын ынталандырады, соған ықпал етеді. Мәселен, туризмнің арқасында Испанияда жарнама бизнесі, тамақ өнеркәсібі, көлік, бұқаралық ақпарат құралдары даму үстінде. Туризм саласында көптеген кәсіп­орындар құрылып, мұның өзі оңдаған мың жұмыс орындарын ашуға, қаржы арнасының елге ағылуына мүмкіндіктер туғызған. Испанияда туризм саласын ұйым­дас­ты­рудың кестесі, оның қалыпты қызметін қамтамасыз ету біздің еліміз үшін үйренуге болатын тәжірибе. Әлбетте мұнда мем­лекет тарапынан көзқарастың ор­нықты болуы айрықша маңызды. Қазақстанның қысқа мерзімдегі эко­номи­калық дамуы елдің туристік саласын дамытуға мол әлеуеттің бар екенін көрсетеді.