Салық • 02 Сәуір, 2024

Көміртегі салығы өнеркәсіпке қалай әсер етеді?

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сектор және бизнес өкілдері, сондай-ақ сарапшылар көміртегі салығының отандық өнеркәсіпке әсерін талқылады. 2026 жылдан бастап Еуропа елдері трансшекаралық көміртекті реттеуге көшті. Еуропалық одақтың жаңа көміртегі салығы елдегі кәсіпорындардың экспорттық өніміне де қолданылатын болады.

Көміртегі салығы өнеркәсіпке қалай әсер етеді?

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнес үшін өтпелі кезең жұмыс істейді, осы мерзім өткеннен кейін шығарындылар үшін көтерілген экологиялық төлемдер өнеркәсіптің 6 секторына әсер етеді. Бұл – қара металдар мен алюминий, цемент, тыңайтқыштар, сутегі және электр энергиясын өндіру.

Экология және табиғи ре­сурс­тар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, шека­ра­лық көміртегі меха­низмін ен­гізу жетекшілік ететін министр­лік­термен және өнер­кә­сіп­шілермен бірлесіп үлкен жұмыс көлемін қарастырады.

«QazTrade» АҚ бас дирек­то­рының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, ЕО-ның «Жасыл бағыты» және шекаралық түзетуші көміртегі салығын енгізу біз үшін өзекті.

«Өндірушілерде жаңа транс­ше­каралық салық бастамасына қатысты сұрақтар туындай­ды. Біз ЕО-ның тұрақты даму және декарбо­­низация мақсаттарын қолдаймыз, бірақ бұл мақсаттар халықаралық саудаға кедергі келтірмеуге тиіс», деді Нұрлан Құлбатыров.

Бүгінде отандық экспорттың 39%-ы ЕО елдеріне тиесілі. Бұған мұнай, мұнай өнімдері, ферро­қо­рыт­палар, көмір, уран, бидай және басқа да тауарлар кіреді. Еуропа елдерінің сауда көлемі оң динамиканы көрсетеді. 2023 жылы Қазақстан ЕО-ға 41,4 млрд долларға өнім экспорттады, оның 388,7 млн доллары көміртекті көп қажет ететін тауарларға тиесілі.

Еліміздің алдында 2030 жылға қарай таза шығарындыларды 328,4 млн тоннаға дейін төмендету және халықаралық қолдау шартымен 1990 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда шығарындыларды 25%-ға қысқарту міндеті тұр. ЭЫДҰ сарапшылары түсіндіргендей, бұл 2030 жылға қарай Қазақстанға көмір генерациясының үлесін 65%-дан 40%-ға дейін қысқарту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10%-дан 24%-ға дейін ұлғайту қажет дегенді білдіреді.

«QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова отандық өнеркәсіпшілердің алдағы жылдары кездесетін сын-қатерлері мен тәуекелдерін атап өтті.

«Қазақстандық экспортта көмір­­сутек шикізатының құрамдас бө­лігі неғұрлым жоғары болса, импорттаушы елдерде салықтар мен алымдар соғұрлым жоғары болады. Сондықтан өндірістің тех­но­логиялық үдерістерін жаң­­ғыр­ту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, оларды іске асыруға бюд­жеттік қаражатты қарастыру қажет», деді Айнұр Әмірбекова.