Тарих • 02 Сәуір, 2024

Түрікменстандағы «Алашорда» ісі

95 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1939 жылдың 23 қыркүйегінде «өте құпия» грифімен Түрікмен кеңестік социа­лис­тік республикасының НКВД органдарында «Социалистік заңдылықтарды бұзу» істері бойынша тергеу қорытындылары жөнінде баяндама дайындалды. Бұл туралы НКВД әскерінің Түрікменстан Шекара округінің әскери прокуроры, І рангалы әскери заңгер Кошарский КСРО прокуроры М.Панкратьевке, Жұ­мыс­шы-шаруа Қызыл армиясының (РККА) Бас әскери прокуроры Гаври­лов­тың атына 35-беттік баяндама жіберген.

Түрікменстандағы «Алашорда» ісі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Аталған баяндаманың «Тергеу құжат­та­ры мен істерін жалған жасау және бұр­малау, арандату» атты бөлімінде Түрік­менстандағы «Алашорда» контр­ре­волю­циялық ұлтшыл ұйымына қатысты тергеу ісі туралы мәліметтер бар.

1937 жылдың желтоқсан айында Түрікмен КСР Ішкі істер халық комиссары Нодев орнынан алынған. Оның орнына Ашхабад теміржол-транспорт бөлімінің НКВД бастығы С.Монаков (1897-1939) тағайындалды. Ол республиканың Ішкі істер халық комиссары болған кезінде жазықсыз адамдарды жаппай тұтқындау, «үш­тікпен» азаматтарды заңсыз соттау, арандатушылық, жалған құжат жасақтау, ұпай жинау және орталықты алдау, жалған ақпараттар беру жүргізілді. С.Монаков кейінгі жаппай жазалау операцияларды жүргізу кезінде жедел топтар мен аудандық бөлімшелерге зиянды элементтерді тұтқындауға «лимит» белгіледі. Тыңшылық жасау, жауларды табу секілді «үштіктің» қарауына ұсынылған басқа да істерге бақылауды өзі жүзеге асырды. Тергеу істерінде кез келген арандатушылық пен жалғандықты қолдап, көтермелеп қана қоймай, өз аппараттарының қызметкерлеріне шпион, зиянкестер, лаңкестік және өзге де контрреволюциялық ұйымдар туралы істерді қолдан жасауға тікелей тапсырмалар берді. Қызметкерлерден тергеудегі адамдардың қиналған дауысы кабинетіне естілетіндей етіп қинап-жазалауды талап етті. Ал тергеушілер Монаковтың бұл талабын бұлжытпай орындады. Қамауға алынғандардың қинағандағы жан даусы мен айқайы жапсарлас көшелер мен халық комиссариаты ғимаратына іргелес орналасқан үйлердің тұрғындарына да естілді.

1938 жылдың басында С.Монаков және оның ең жақын серіктесі, Түрікмен КСР НКВД-сы 5-бөлімінің бастығы Паш­ковский тұтқынға алынған жазық­сыз азаматтарға «жаппай конвейер», «шұң­қыр», «камералық өңдеу», «ылғалды камера», «штаттық куәгерлер» сияқты өздері ойлап тапқан жазалау түрі мен әдісін кеңінен қолданды. «Конвейерде» немесе сол кезде «конференциялар» деп аталғандай, тұтқындалғандарды топтық ұрып-соғу, азаптау ұйымдастырылды. Тұт­қындалғандардың айғақтарын боп­салау­дың ең шектен шыққан тәсілдерінің бірі сөзсіз «шұңқыр» деп аталды.

Тергеу барысында қамауға алынған­дардан жауап алудың бұл әдіс-тәсілдерін Красноводск НКВД-сы жедел тобының бастығы А.Диментман жиі қолданатыны анықталды. Баяндамада есімі ерекше аталатын А.Диментман Түрікменстандағы қазақ ұлтшылдарының жасырын «Алаш­орда» ұйымын ашып, әшкерлеуге белсене кірісті.

1937 жылдың тамызында Түрікмен КСР-і Красноводск НКВД-ның бас­тығы, жедел уәкіл А.Диментман «Қара­бұғазхим» трест карьерінің меңгерушісі Қо­ны­совты тұтқынға алды. НКВД жен­­деті Красноводск қаласы мен Тү­рік­­менстанның басқа аудандарында қазақ ұлтшылдарының ұйымы бар екені туралы арандатушылық айғақтар алу­ға Түрікмен КСР Ішкі істер халық комис­сары Нодевпен «үштік» тарапы­нан Қонысовты айыптау туралы ке­лі­сімге келді. Бірақ тұтқындауға дейін Қо­ны­совты айыптап, соттау үшін еш­қан­дай деректердің жоқтығына қара­мас­тан, заңдылықты өрескел бұзып, тұт­қын­дай­ды. Красноводск НКВД-ның жедел тобы Қонысов, Жетыкбаев, Елемесов және басқаларды қамауға алды.

Тікелей бастығы Нодевтің қолдауына сүйенген Диментман Қонысовты ату жазасына кесу туралы алдын ала жүр­гізілетін тергеусіз-ақ «үштіктің» шешімін шығартып алды. Бұл алдағы уақытта жүргізілетін тергеу кезінде Қонысовтан «ұялмау» үшін қажет болды. Жендет Қонысовқа «шұң­қыр» әдісін қолданған. «Үштіктен» ату туралы шешімге қол жеткізген Ди­ментман Қонысовтың қолын байлап, үкімді орындау мақсатында ату орнына алып келеді. Тек атылар алдында оған «үштіктің» шешімі оқы­лып, таныстырылады. Атуға дайындалған шұң­қыр басына келгеннен кейін А.Диментман Крас­­новодск ауданын­да «Алашорда» контр­рево­­люциялық ұлтшыл ұйы­мы бар екені туралы куәлік беруге Қоны­сов­тың жауабын күтеді. Сонымен бірге А.Димен­тман егер Қонысов оған қажетті айғақтар беруге келіссе, «үш­тік­тің» шешімі жойылып, өмірінің сақталатынын ескертеді.

Жазықсыз Қонысов өзінің кінәсін жоққа шығарып, «Алашорда» ұйымына мүше емес екенін мәлімдейді. Алайда жендеттер Қонысовтың көзінше бір­неше адамды атып өлтіреді. Осыдан кейін ғана ол Диментман бопсалаған айғақтарды беруге келіседі.

Сол түні Қонысовтан жедел түрде «жауап алынды». А.Диментман мен оның көмекшісі Сарычев тарапынан алдын ала жазылған жауап алу хаттамасына қол қойды. Онда Красноводск қала­сында ұлтшыл қазақ ұйымының қаты­­сушылары ретінде 40-тан астам адамның есім-сойы аталды. «Жауап алудан» кейінгі келесі күні «Алашорда» қазақ ұлтшылдары ұйым­ның мүше­лері ретінде хаттамада есімдері аталғандардың барлығы қамауға алынды. Заңдылықты аяққа таптаған жендеттер А.Диментман мен Сарычев Қонысовқа қамауға алынғандарды камерада тиісті түрде «өңдеуді» қатаң түрде тапсырған.

Тергеушілер А.Диментман, Сарычев және Алек­сеев тұтқынға алынған «Алаш­­­ор­­дашылар» аяусыз ұрып-соғу мен қор­лауға ұшыратты. Олар үздіксіз азап­таулар арқылы Алаш ісі бойынша тұтқындалғандарды жазалауды әсте бәсеңдеткен жоқ. Адам төзгісіз азап­таулардың нәтижесінде аталған ұйы­мының ондаған, тіпті жүздеген қаты­су­шысының тізімі бар жаңа айғақтар пайда болды. Сол айғақтар бойынша ұйымға мүше деген жалған айыптаумен жаңа адамдар қамауға алынды. Мысалы, тұт­қындалғандардың бірі ұлтшыл ұйым­ның мүшелері ретінде 200 адамды ата­ды. Олардың 180-і біраз уақыттан кейін А.Диментманның бұйрығымен қамалды. Осылайша, А.Диментман мен Сарычев Красноводск, Гасан-Кулий және басқа аудандардың 800-ге жуық тұр­ғынын қамтитын «Алашорда» қазақ ұлтшыл ұйымы туралы арандатушылық істі қолдан жасақтады.

Диментман мен Са­ры­чев құрастыр­ған ре­фе­­раттар арқылы қа­мау­ға алынған сауатсыз қазақ­тарды аталған жен­деттер ойлап тапқан Крас­но­водск қаласындағы «Алаш­орда» қазақ ұлт­шыл­ ұйымы туралы аран­дату­шылық іс бойын­ша айғақтар беруге мәж­­бүрледі. Кейін бұл заң­сыз қылмыстық әре­кет­­­терді тергеп-тексеру­ ба­ры­­с­ында Түрікмен КСР Ішкі істер халық комис­сары жанындағы инспектор А.Диментман басқарған НКВД Красноводск жедел тобы және көмекшісі Сарычевтің тапсырмасы бо­йын­ша қамауға алынғандарды «өңдеуді» Қонысов, Жетікбаев және басқалар жүргізгені анықталды.

Бұл тұтқындалғандардың көпшілігі «үш­тіктің» үкімімен Түрікмен КСР НКВД-сы тарапынан атылып, сотталды. Атуға кесілгендердің ішінен Қонысов пен Қарабұғазкөл аудандық газетінің редакторы Жетікбаев кездейсоқ тірі қалды. Себебі олар алдын ала жасақталған құ­жаттар бойынша атылған болатын. Осындай заңсыз сұмдық істерге жол берілді.

Түрікменстандағы «Алашорда» ұйымы «мүшелеріне» тағылған айып­тардың ақылға қонбайтыны көпе-көрі­неу еді. Бірақ бұл қара­ниеттілерді шіміркендірген жоқ. Осын­дай стандартты айыптаулар елдің барлық аймағында жүргізілді.

НКВД әскерінің Түрікменстан Шекара округінің әскери прокуроры, І рангалы әскери заңгер Кошарский баяндамасында: «Алашорда» Крас­но­водск ұйымы деп аталатын іс бойынша НКВД «үштігі» тарапынан сотталғандарының арасында нақты жаулардың белгілі бір пайызы болғаны даусыз. Тұтқындалғандар мен сотталғандардың басым көпшілігінің ертедегі ұлтшылдармен ортақ ештеңесі болмаған. Қызметкерлердің ісін тергеу барысында «Алашорда» ісімен қамауға алынғандардың барлығын талқылаудың дұрыстығын тексеру мүмкін болмады. Өйткені істерді тексеру көп уақытты қажет етеді. Алайда КСРО Прокуратурасы Түрікмен КСР-і прокуратурасына бұл мәселені арнайы шешуді тапсыруы қажет деп санаймын. Атап айтқанда, НКВД «үшті­гімен» бас бостандығы­нан айыру­ға сотталғандардың істерін қайта тексеру қажет. Қазіргі уақытта тұтқын­далғандардың кейбірі қамаудан босатылды» деп жазды.

Жазықсыз жандардың нақақ көз жасына қалған НКВД женденттерінің барлығы 1939 жылы тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді. Сөйтіп, лайықты жазаларын алды. Түрікменстандағы «Алашорда» ісі осылайша аяқталды.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы