Тұлға • 02 Сәуір, 2024

Ғалым тіл қадірі туралы

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қаныш асқан ғалым еді. Бұған қоса жан дүниесі бай адам болатын. Кейбір ғалымдар өз саласын ғана жете біліп, өзге дүниеден азғантай мағлұматтармен жүре береді ғой. Ал Қаныш олай емес еді. Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан-саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын». Классик жазушы Сәбит Мұқанов академик Қаныш Сәтбаевты осылайша бағалаған екен. Шынында да, ұлы ғалымның араласпаған саласы жоқ екені белгілі.

Ғалым тіл қадірі туралы

Қазір қазақ тілі, оның қолдану аясы туралы да жиі айтылады, жазылады. Көптеген сөздердің орысшадан тура қотарылған қалпында қолданыста жүргені де рас. Сон­дық­тан да, ақын-жазушылар, тіл­шілер, жалпы зиялы қауым осы тақырып төңірегінде жиі сөз қозғайды.

Білуімізше, тіл тазалығын сақтау тек қазіргі кезде ғана туын­даған мәселе емес екен. Бұл өткен ғасырдың 30-жылдарының өзінде де қоғамның озық ойлы азаматтарын кәдімгідей тол­ған­дырғаны байқалады. 2019 жылы жарық көрген «Жүректерде жан­ған жұлдыз» деп аталатын есте­ліктер жинағында партия және кеңес органдарында, білім саласында көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған, қазір арамызда жоқ Әлкен Жақыпбекұлы Жылқайдаров есімді ағамыздың «Тұла бойы тұнған тәлім» деп аталатын Қаныш Имантайұлы туралы естелігі бар. Бұл естелікте 1927 жылы сол кездегі ҚазАКСР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовтың Қарсақбайға келген сапарында республика комсомолдарының жетекшісі ретіндегі танымал тұлға Қайсар Тәштитов, Қаныш Сәтбаев бар, бәрінің бір үйде қонақ болғаны баяндалады. Сол дастарқан басында Қаныш Имантайұлы қазақ тілінде қалай таза сөйлеуге болатыны жөнінде тамаша үлгі-өнеге көрсетеді.

«Қазақ қадірлі қонағына бас тартатын ежелгі дәстүрі емес пе, қо­нақтарға бас тартылды. Қ.Тәш­ти­тов басты Н.Нұрмақовқа беріп еді, ол: «Өздерің ұстай бе­рің­­дер», деп Қаныш пен Қай­­сар­дың­ алдына қарай ысырды. Олар да неге екенін, бас ұстаудан бас тарт­ты. Сол кезде Н.Нұрмақов: «Егер Қаныш қалай ұйғарса, солай болсын, басты сол адам ұстасын, әрі-бері отырамыз ба?» – деп салмақты Қ.Сәт­баевқа сала сөйледі. Мұны естіген Қаныш: «Солай десеңіз, мұның ше­шімін мен былай айтайын», деді де, ойын ортаға салды. Сондағы ұсынысы «Бәріміз кезекпе кезек бірер минуттан өзіміздің басымыздан өткен бір оқиғаны әңгімелеп берейік. Бірақ ішіне не татардың, не орыстың сөзі араласып кетпесін. Егер кім де кім тап-таза қазақша сөйлеп шықса, басты да сол ұстасын» дегенге сайды. Мұндайды бұрын кім естіген? Бәрімізге мына ұсыныс қызықты көрінді» деп жазады естелік авторы.

Бәрі соған келісіп, алғашқы болып Қайсар Тәштитов талаптанып көреді. Бірақ әңгімесіне орыс сөздері араласып кетіп, «жеңіліске» ұшырайды. Н.Нұр­ма­қов та көпке бара қоймай, сап­­тан шығып қалады. Тағы екі-үш кісі талаптанып көргенмен, алысқа ұзай алмайды. Кезек Қаныш Имантайұлына келгенде, «Машина деген сөздің қазақшасы болса айтыңыздар, әйтпесе, мен оны сол қалпында қолданамын. Бірақ мұны орысша демейтін болыңыздар», деп көптің келі­сі­мін алады да, әңгімесін бастай жөнеледі.

Сөйтіп, Қарсақбайдан Жо­са­­лы­ға дейін машинамен қа­лай жет­кенін, бірде-бір орыс не татар сөзін қоспай әң­гі­ме­леп шығады. Қа­ныш атамыз ра­диа­торды «самаурын», кран дегенді «шүмек» деп қол­дан­ғанға ұқсайды. Бұ­ған Ә.Жыл­қай­даровтың «Маши­на­мыз­дың біресе самаурыны қайнап кетіп, енді бірде шүмегінен су тамшылап, не сорғалап, әбден әбігерге түсірді» дегені жадымда қалып қойыпты» деп жазуы дәлел.

Қаныш Сәтбаев әңгімесін аяқтағанда : – Жігіттер, осы мәжі­ліс­тен не ұғып отырсыңдар? – деп Нығмет Нұрмақов дастарқан басындағыларға сынай қарайды. Ешкім үндей қоймаған соң, жа­уабын да өзі тарқатады.

– Бұл Қаныш кешелі бері біз­дің қалай болса солай сөй­лей­тіні­міз­ді жақсы аңғарған екен. Міне, енді бәрімізді қан шығармай бауыз­дап отыр. Қазақ тілі деген – керемет бай тіл. Тек соның қа­­діріне жете бермейміз. Ал Қаныш бізге қазақ тілін қалай қол­дану керек екендігінің тамаша үлгісін көрсетті. Қызылордаға барғасын бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмесек болмайды екен, – дейді ол.

Бірінің ойын бірі ұғына қал­ған, бір-бірін түсіне білген мар­қас­қалар-ай. Қаныш Иман­тай­ұлы­ның тіл тазалығын сақтау тұр­ғысындағы осы бір көрсеткен тәлімі бүгінгі біздерге де сабақ бола жүрсін.