Жоба • 01 Сәуір, 2024

Жаңа жоба – «Qazaq Culture»

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми өкілі Эльвира Жүргенбаева мен «Qazaq Culture» сайтын әзірлеуші Мерей Зейнеш «Qazaq Culture» бірегей жобасын таныстырды.

Жаңа жоба – «Qazaq Culture»

Спикерлер Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат­тық-танымдық платформасын құру­дағы басты мақсаты – елдің мә­де­ни мұрасын насихаттау, ұлт­тық брендті таныту екенін атап өтті. Бұл сайт қазақ мәдениеті мен тарихы туралы тың мәлімет тарататын ақпарат көзі болатынын сөз етті.

Айта кетейік, сайттың құры­луы еліміздің мәдени мұрасы мен алуан түрлілігіне әлемдік қоғамдастықтың назарын ауда­ру­дағы маңызды қадам болып отыр. Елімізде, сондай-ақ жа­қын және алыс шетелдерде мә­дени құндылықтарды насихат­тау – Мемлекет басшысының сала алдына қойған басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Еліміздегі мәдени мұраның сан түрлілігін көрсететін ауқым­ды жоба БҰҰ-ның алты ресми тілін­де және қазақ, түрік тілдерінде ақпарат таратады. Ақпарат­тық порталда еліміздің бірегей мұрағат қорының деректері ерекше орын алады. Құжаттар мен мұрағат материалдарының бай тарихи жинағына қол жеткізуді қамтамасыз ететін бөлім – зерттеу­шілер, тарихшылар үшін баға жетпес ресурс болмақ.

Сайттың негізгі бөлімі – ел­дегі, әлемдегі барлық мәдени жа­ңа­лықтардан хабардар ете­тін жаңалықтар блогі. Бұл бө­лім­де қызықты фестивальдар, жәр­меңкелер, конкурстар, сон­дай-ақ театр қойылымдары мен отан­дық кинокартиналардың премьералары, танымал және жас жазушылар кітаптарының тұ­сау­кесерлері, көркем көрмелер, мерейтойлық мерекелер, түрлі көлемдегі өңірлік жобалар жария­ланатын болады.

Сондай-ақ платформада елі­міздің өнері мен мәдениетіндегі соң­ғы жаңалықтар қамтылатын отан­дық мобильді қосымшалар туралы ақпарат беріледі. «Қазақстан мәдениеті жасанды ин­теллект приз­­масы арқылы» бөлімі виртуал­ды шындық ар­қылы барлық өңір мен олар­дың көрікті жерлерін зерттеуге мүмкіндік береді. Порталда ақ­параттық технологияларға ерекше мән берілген. «Qazaq Culturе» виртуалды 3D-турлары арқасында еліміздің түрлі өңірлеріне сапар шегіп, олардың көрікті жер­лерін көруге болады. Ал жа­сан­­ды интеллекттің көмегімен сайт­қа кірген әр қонақ фотосуретін ен­гі­зіп, өзін батыр немесе Ұлы дала жа­уынгері бейнесінде көре алады.

Сайтты дайындау барысында шетелдік озық тәжірибелер пайдаланылды. Атап айтқанда, тіркеліп, жазылу арқылы туристер белгілі бір қаланың немесе жалпы елдің кез келген музейлеріне (Түркия тәжірибесі) бара алатын бірыңғай билетті онлайн рәсімдеу қарастырылған.

Сайттың басты ерекшелігі – делдалдар қызметі үшін артық қаржы жұмсамай, барлық мәдени нысандарға кіретін бірыңғай билет жүйесі. Бұл қызметті қосу арқылы «Астана Хаб» Айти аксе­ле­раторының стартапын қол­дау көзделген. Портал қолдану­шы­ларына ыңғайлы болу үшін белгілі бір мәдени іс-шараның билетін сатып алуға сілтеме беріледі.

Қысқаша айтқанда, «Qazaq Culture» – еліміздің мол мәдени мұрасы мен терең тарихына қы­зы­ғушылық танытатындарға әмбе­­бап құрал болмақ.