Спикерлер Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпараттық-танымдық платформасын құрудағы басты мақсаты – елдің мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық брендті таныту екенін атап өтті. Бұл сайт қазақ мәдениеті мен тарихы туралы тың мәлімет тарататын ақпарат көзі болатынын сөз етті.
Айта кетейік, сайттың құрылуы еліміздің мәдени мұрасы мен алуан түрлілігіне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударудағы маңызды қадам болып отыр. Елімізде, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде мәдени құндылықтарды насихаттау – Мемлекет басшысының сала алдына қойған басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Еліміздегі мәдени мұраның сан түрлілігін көрсететін ауқымды жоба БҰҰ-ның алты ресми тілінде және қазақ, түрік тілдерінде ақпарат таратады. Ақпараттық порталда еліміздің бірегей мұрағат қорының деректері ерекше орын алады. Құжаттар мен мұрағат материалдарының бай тарихи жинағына қол жеткізуді қамтамасыз ететін бөлім – зерттеушілер, тарихшылар үшін баға жетпес ресурс болмақ.
Сайттың негізгі бөлімі – елдегі, әлемдегі барлық мәдени жаңалықтардан хабардар ететін жаңалықтар блогі. Бұл бөлімде қызықты фестивальдар, жәрмеңкелер, конкурстар, сондай-ақ театр қойылымдары мен отандық кинокартиналардың премьералары, танымал және жас жазушылар кітаптарының тұсаукесерлері, көркем көрмелер, мерейтойлық мерекелер, түрлі көлемдегі өңірлік жобалар жарияланатын болады.
Сондай-ақ платформада еліміздің өнері мен мәдениетіндегі соңғы жаңалықтар қамтылатын отандық мобильді қосымшалар туралы ақпарат беріледі. «Қазақстан мәдениеті жасанды интеллект призмасы арқылы» бөлімі виртуалды шындық арқылы барлық өңір мен олардың көрікті жерлерін зерттеуге мүмкіндік береді. Порталда ақпараттық технологияларға ерекше мән берілген. «Qazaq Culturе» виртуалды 3D-турлары арқасында еліміздің түрлі өңірлеріне сапар шегіп, олардың көрікті жерлерін көруге болады. Ал жасанды интеллекттің көмегімен сайтқа кірген әр қонақ фотосуретін енгізіп, өзін батыр немесе Ұлы дала жауынгері бейнесінде көре алады.
Сайтты дайындау барысында шетелдік озық тәжірибелер пайдаланылды. Атап айтқанда, тіркеліп, жазылу арқылы туристер белгілі бір қаланың немесе жалпы елдің кез келген музейлеріне (Түркия тәжірибесі) бара алатын бірыңғай билетті онлайн рәсімдеу қарастырылған.
Сайттың басты ерекшелігі – делдалдар қызметі үшін артық қаржы жұмсамай, барлық мәдени нысандарға кіретін бірыңғай билет жүйесі. Бұл қызметті қосу арқылы «Астана Хаб» Айти акселераторының стартапын қолдау көзделген. Портал қолданушыларына ыңғайлы болу үшін белгілі бір мәдени іс-шараның билетін сатып алуға сілтеме беріледі.
Қысқаша айтқанда, «Qazaq Culture» – еліміздің мол мәдени мұрасы мен терең тарихына қызығушылық танытатындарға әмбебап құрал болмақ.