Бокс • 02 Сәуір, 2024

Әзербайжанда алты жүлде алды

52 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бакуде «Ұлы Жібек жолы» турнирі аяқталды. Еліміздің былғары қолғап шеберлері үшін бұл жарыс сәтсіз басталған еді. Алғашқы күні шаршы алаңға шыққан алты жерлесіміздің екеуі ғана келесі кезеңге өткенде көңіліміз біраз құлазып қалды.

Әзербайжанда алты жүлде алды

Әсіресе біз Қамшыбек Қоң­қа­баев­тың жеңілгеніне қынжылдық. Аса ауыр салмақта күш сынасқан қан­дасы­мыз тұсаукесер кездесуінде есімі көп­шілікке беймәлім Рамазан Кар­ну­каевқа жол берді. Ингушетияның тумасы 2021 жылы жастар арасында Ресей чемпионы атанып, 2022 жылы Бүкілресейлік спартакиадада қола медальды иеленді. Бар белесі – сол ғана. Міне, қазақтың беткеұстар бокс­шысы соған есе жіберді. Осы жекпе-жекке байланысты жанкүйерлер түрлі пікір айтып жатыр. Кейбіреулер «Олимпия ойындарының жолдамасын күні бұрын олжалаған Қоңқабаев қазір бабында емес, ол мүлдем босаңсып кеткен» десе, бәзбіреулер «келесі ке­зеңде өзінің сыралғы қарсыласы Баходир Жалоловпен жолықпау үшін Қамшыбек осындай қадамға барды» деп топшылады. Бұл ретте қос тараппен де келісуге болады. Біздің ойымызша, Қам­шыбек өзбектің оғланынан қай­мық­қан секілді. Басқа айтар уәжіміз жоқ.

Әзербайжанның астанасындағы жарыс әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Серік Теміржанов үшін де сәтсіз аяқталды. 63,5 кг салмақта сынға түскен ол ринг қожайыны Рус­лан Рустамовтан ұтылды. Сол секіл­ді Дамир Әбдіқадыр (51 кг) иран­дық Мэхди Парвизиге, Тимур Нұр­сейітов (75 кг) өзбекстандық Әлішер Аюповтан айласын асыра алмады.

Финалда бес жерлесіміз жұды­рық­тасты. Шешуші тұста Талғат Сырымбетов (60 кг) әзербайжандық Азрак Бабыровты, Дархан Дүйсебай (71 кг) өзбекстандық Бекзод Ха­мидовты, ал Сағындық Тоғамбай (92 кг) Альфонсо Домингесті ұтты. Бұл ретте Тоғамбайға ерекше тоқ­тала кеткен жөн. Ақтық сында ол тым азулы қарсыласқа тап болды. Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген кубалық қабыланның Токио Олимпиадасының қола жүл­дегері, Еуропа ойындарының же­ңімпазы, 2021 жылғы әлем чем­пио­ны және 2022 жылғы сол жарыс­тың финалисі деген атағы бар. Бірақ қазақтың ұлы одан қаймыққан жоқ. Бә­­секенің басынан аяғына дейін қар­қынын еш бәсеңдетпеген Сағын­дықтың же­ңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ.

Ақтық сайыста әзербайжандық Хасан Мәліковтен ұтылған Теміртас Жүсіпов (48 кг) күміс медальды ен­шіледі. Жартылай финалда Еуро­па чемпионы, ресейлік Максим Кузнецовты қапы қалдырған Тимур Қабдешов (54 кг) финалда өзбекстандық Хужа­назар Нор­тожиевпен күш сынасты. Екінші раундта ол қарсыласын нок­даунға жіберді. Бірақ кейінгі кезеңде қандасымыздың қабағы жарылды. Соның салдарынан жекпе-жек мер­зімінен бұрын тоқ­татылып, Тимур күміс медальды қанағат тұтты. Ал жартылай финалда сүрінген Бекзат Таңатар (86 келі) қо­лаға қол созды.

Нәтижесінде, 3 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдені олжалаған Қазақстанның боксшылары жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Өз­бекстан (5+6+5) мен Әзербайжан (3+3+0) құрамалары.