Қоғам • 01 Сәуір, 2024

Түсінуге тырысу

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ата-анасы баласын үнемі жақсылық жасап жүруге үй­­ретіпті. Ол әрекеттері айтарлықтай қиын да емес. Бірақ ізгі болуы – шарт. Осы­­лайша, бала қоғамға пай­далы іспен күнделікті ай­налысуға дағдыланыпты. Қа­жетсіз қал­дықтарды қо­қыс жәшігіне апарып тас­тау, тамақтанып болған соң ыдыс-аяғын жуу, қария кісілермен амандасу, та­би­ғатқа қамқор болу жас баланың жүрегіне ерекше қуа­ныш сыйлайтын амал­дарға айналады.

Түсінуге тырысу

Ол бірде көшеде серуендеп келе жатып жол жиегінде жараланған итке көзі түседі. Көлік қағып кеткен екен. Байғұс ит қозғалуға дәрменсіз қалпы қың­сылап жатыр. Екі аяғы сынып кеткен сияқты. Тұсынан зымырап жатқан көліктер жаралы итті қайтадан қа­ғып кете ме деп, баланың зәресі ұшады.

Ол бұл жолы да жақсылық жа­саудың сәті келгенін түсінеді. Содан көліктердің қозғалысын тоқта­тып, итті қауіпсіз жерге сүйреп әке­ле­ді. Сөйтіп аяқкиімінің бауы­мен жарасынан аққан қанды та­ңып, тоқтатпақшы болады. Ас­қан ұқыптылықпен қолын созып жат­қаны сол еді, жаралы ит оны қауып алады. Сол заматта-ақ бала­ның қолы ісініп, ата-анасы оны емханаға алып кетеді.

Бала иттің әрекетін ұзақ ойланады. «Неге ол мені тістеп алды? Мен оған көмектескім келді ғой. Мен оған зиян жасағым келмеп еді», дейді ішкі даусы.

Баланың бастапқы ниеті итті емдеп, оны үйіне алып келу еді. Ар­тынан айнымас досына ай­­налғысы келді. Алайда оның өмі­рінде мұндай жағдай бірінші рет болды. Ол жақ­сылық жасағысы келгенде, оны керісінше ренжітті. Себебін ұқ­пады. Біреу өзіне жаман қарайтын адамға зиян жасаса – түсінікті. Ал біреуге көмектескісі келіп, ақысына зиян шексе – не дейміз?

Арада біраз жыл өтіп, бала есейгенде бәрін түсінді. Оны тістеген иттің өзі емес, оның ішіндегі ауру мен қорқынышы екен. Кей кі­сілер­дің көңілі жабырқап, өзін нашар сезініп жатқанда әлдебіреудің ма­хаб­баты мен қамқорлығына осы­лай «тіс­теніп» жауап қайта­ратыны сон­дықтан екен ғой.

Адамның шадыман халінен бө­лек, нашар күйін де қабылдай бі­лу керек. Сені кінәлаған, ұрысқан, бала­ғаттаған жанның барлығы сені жек көргеннен істемейді. Олар­мен сен салғыласпа, жай ғана тү­сінуге тырыс. Бәлкім, оның да жаны жаралы шығар.