Таным • 01 Сәуір, 2024

Ғалам ғажайыптары: Кристалды көз жасы

54 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер бетінде қанша адам болса, сон­ша адамның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – даусыз ақиқат. Ал пәкс­тан­­дық Хануманың жара­ты­лысы тіптен бөлек.

Ғалам ғажайыптары: Кристалды көз жасы

Көптен күткен нәресте дүниеге келгенде, ата-анасының қуанышында шек болмады. Тек бір ерекшелігі ғана әке-шешесін қатты алаңдатады. Ол – сәбидің мүлдем жыламайтыны. Әдетте ата-аналар жас сәбиін жұбата алмай әлекке түсуші еді. Ал Хануманың жыламайтыны керісінше ата-анасын уайымдата бастады. Бірақ дәрігерлер нәрестенің дамуында ешқандай ауытқу жоқ екенін айтып, олардың көңілін тыныштандырады. Жылдар өтеді. Қыз тілалғыш, тәртіпті болып өсіп, анасына қолғабыс жасайтын жасқа жетеді. Бір күні күтпеген жерден (бар қызықтың осылай күтпеген жерден басталатын әдеті ғой) Ханума пияз аршып отырғанда көзінен қатты түйіршіктер тамып түседі. Иә, бұл – жас еді. Енді таңқаларлығы да сол – оның көз жасы кристалды асыл тас болып шықты. Бұл ерекше кристалдардың құрамы әлі күнге дейін белгісіз. Ғалымдар осы құбылысты түсіндіре алмай келеді. Ең бір қуанатын әрі таңғалатын нәрсе Ханумаға бұл қатты көз жасы ешқандай кедергі жасап, зиянын тигізбейді. «Ханшайымның меруерт көз жасы» дегенді ертегілерде ғана болатын ғажайып деп ойлаушы едік. Енді, міне, ертегінің шынға айналғанына анық көзіміз жетіп отыр. 

 

Періштесі қаққан бала

апв

Тарихты ақтарсаңыз адам сенгісіз талай-талай таңғажайыпқа тап боласыз. Бірін білсек, бірін біле бер­мейміз. Ал бұл 1937 жылы АҚШ-та болған оқиға еді.

Бір күні аула сыпырушы Джозеф Фиглок есімді Детройт қаласының тұр­ғыны көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына төртінші қабаттан бір жасар бала құлап түседі. Бағына орай балдырған да аман қалады, Джозефтің де жарақаты жеңіл болады. Сөйтсе, сәбидің анасы терезені жабуды ұмытып кетіпті. Балдыр­ған білсем екен, көрсем екен деген құмар­лықпен терезенің жақтауына шығып, төмен қарай құлдилаған. Қайта аула сыпырушының басына түсіп аман қалады. Ғажайып мұнымен аяқталған жоқ. Тура бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға болады. Яғни 1938 жылы Джозеф Фиглок сол  көшенің бойымен, әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан сәтте, баяғы бала тағы да оның басына құлап түсіп, аман қалады. Тап сол сәтте не күлерін, не жыларын білмей қалған аула сыпырушысының есімі осылайша тарихта қалған екен.