Аталған серіктестік пен немістің «Zollmann Stutenmilch GmbH» компаниясы таяуда тағы бір жаңа жобаны қолға алмақ. Қос тарап Қостанай облысында табиғи косметика шығаратын өндірістік желіні іске қосу туралы келісімге келіп отыр.
«Неміс компаниямен әріптестік аясында жұмыс істеп жатқанымызға екі жылдан асты. Өткен жылы өндірістік цех, әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді. Салқындатқыш танктер, пастеризатор, 100 литрлік сублиматор, сауу жүйесі іске қосылды. Болашақта жылына 40 тоннаға дейін өнім өндіруді көздеп отырмыз. Ферма 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Таяуда Берлин қаласында компания басшысы Ганс Цольман мырза екеуміз әу баста ойластырылған келісімшарттың екінші кезеңіне қол қойып, жобаны жүзеге асыру мерзімін ұзарттық. Осылайша, осы жылдың үшінші тоқсанында бие сүтінен органикалық косметика заттарын жасап шығаратын бірлескен өндірісті іске қосайық деп жатырмыз. Цольман мырза келісімшартқа қол қойып жатқан кезде қымыздың отаны болып саналатын Қазақстанның бие сүтін өңдеуге ең қолайлы ел екенін айтты. Мен де ол кісінің осы сөзін қолдаймын. Сондықтан екі тарап болып бірлесіп қолға алып жатқан жобамыздың жемісті болатынына еш күмән жоқ», дейді «S-Agro-Borovskoe» ЖШС директоры Мейрам Ахметжанов.
Серіктестік басшысының айтуынша, ферма ұнтақталған құрғақ саумалдың халықаралық сертификаты мен жаңа өнімнің халықаралық сапаға сәйкес келетіні туралы декларация алған.
«Біз алғашқы өнімді шығардық. Бірақ оны сатуға жібермейміз, алдымен өзіміздің шетелдік және отандық әріптестерімізге, дистрибьютерлерімізге үлестіріп береміз. Олар өніммен танысып, өз талдауларын жасайды. Ал мамыр айында құрғақ саумалды ресми түрде саудаға шығарамыз. Ол ұнтақ түрінде болады. Сонымен қатар біз капсулаға салынған құрғақ саумал шығарып көрмекпіз. Басты мақсатымыз – қазіргі жаңа технология мен ата-бабамыздан мұра болып қалған кәсіпті ұштастырып, қазақ қымызының дәмі мен қасиетін халықаралық деңгейде таныту. Саумал адам денсаулығына пайдасы мол қасиетке ие, сондықтан алдағы уақытта балалар мен спортшыларға арналған өнімдерді де шығару ойда бар», дейді М.Ахметжанов.
Қостанай облысы