15 Маусым, 2010

СЕНАТ БЮРОСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалық етуімен Сенат бю­росының отырысы болды. Онда па­латаның 17 маусымда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібі талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Депутаттардың талқысына ел Үкіметі мен Республикалық бюд­жет­тің атқарылуын бақылау жөнін­дегі есеп комитетінің 2009 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқары­луы туралы есептері және Кеден ода­ғы жөніндегі құжаттар топтама­сы қаралатын болады. Одан басқа “Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Бір тараптан Қазақстан Республикасы және екінші тараптан Еуропалық қоғамдастықтар мен оларға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келі­сімге (ӘЫК), Болгария Республи­касы мен Румынияның ӘЫК-ге қосылуы туралы хаттаманы рати­фикациялау туралы” заң жобалары қаралатын болады. Депутаттар “Қазақстан Респуб­ли­касының әуе кеңістігін пайда­лану және авиация қызметі ту­ралы” және “Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық акті­леріне авиация мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларын да қарастыратын болды. Жалпы отырыстағы талқылауға “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне “элек­тронды үкіметті” дамыту мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да ұсынылатын болды. ОРЫС ШІРКЕУІ ӨКІЛІМЕН ЖҮЗДЕСТІ Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана және Алматы Митрополиті Архиепископ Александрмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Әңгімелесушілер Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің қарқынды дамуын, қазақстандық мемлекеттік органдардың діни бір­лестіктер жетекшілерімен, әсіресе, Орыс православие шіркеуінің өкіл­дерімен сындарлы қатынастарын ерекше атап өтті. Кездесу барысында алдағы 2012 жылы өтетін кезекті ІV Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съе­зіне дайындық мәселелері талқы­ланды. “Осы алқалы жиын діни лидерлерге қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша еркін өзара пікір алмасуларына мүмкіндік берген тұрақты үнқатысу алаңына айналды”, – деді Съезд Хатшы­лығының жетекшісі. Қ.Тоқаев Съезд бен Орыс пра­­вос­лавие шіркеуінің тиімді ын­ты­мақтастығы өркениетаралық және мәдениетаралық құндылықтармен қатар, Қазақстан және Ресей ара­сындағы одақтық қатынастарды одан әрі ілгерілетудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын­дығын атап өтіп, Орыс православие шіркеуінің өкілдері алдағы форумға белсене қатысатындығына сенім білдірді. Қазақстан Парламенті Сена­ты­ның басшысы Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллді кезекті ІV Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлері съезіне қатысуға шақырды.