Тағзым • 03 Сәуір, 2024

Өркенді тұлға

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір жетіден бері қазақтың Ұлы даласы телегей тасқын әкелген табиғаттың көзсіз апатымен алысып, есіміз – екеу, түсіміз төртеу болып жатқан ауыр, азапты күндердің бірінде Астанадан арқамызды аяздай қарыған суық хабар келді... Жанымызды жабырқатты...

Өркенді тұлға

Өмірбек Байгелді есімді алып жүректі, абыз ойлы аға­мыз мына жарық жалғанмен қоштасыпты...

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары...

Марқұм Несіпбек Дәуітаев телефон соғып: «Әй, құрдас, біздің Қордайдың көзі ашылатын болды... Ауданымызға мықты басшы келді. Сөзімен елді ұйытып, ісімен халқын ырза қылатын Өмірбек атты ағамыз келді!..» дегені есімде... Әуелі, өзінен бұрын қолына қалам ұстаған қауымға Өмекеңнің сөз сөйлесе «алыстан сермеп, жақыннан тербеп», баяғының билеріндей ағыл-тегіл ойын емін-еркін жеткізетін шешен тілі мен көсем мінезі туралы аңы­зы жетті. Әдебиет пен өнер туралы, ел тарихы мен қоғам мінезі жайында айтқандарын жиі-жиі естіп жүрдік... Ісі мен сөзі үйлескен, халық жүрегіне жол тапқан қайраткер тұлға, облысқа бірінші басшы болды. Өмекең туралы маған тамсанып, сөз айтқан екінші адам – қазақтың заңғар бітімді ұлы жазушысы Әбіш Кекілбаев. «Көне Тараздың тарихына тіл бітірер тұлғалы азаматтың облыс тізгінін ұстағаны орынды болды. Өмірбек – замана рухын тап басып танитын қайраткер тұлға! Тағлымы мен тәлімі, білі­мі мен білігі мол азамат!» деп еді Әбекең...

Сырттай аты мен атағына қаныққан әкім ағамызбен жақын танысу мүмкіндігі 1990 жылдың көктемінде, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымында жүргенде болды. Сөзі нық, ойы терең, айтарын әрі-сәрі етпей, жеріне жеткізіп айта білетін, жай айтпай, шегелеп айтатын, осы бір мінезге бай, сұңғыла жүректі шешен тілді кісімен әр кездескен сайын рухани байып, өміртану, қоғамтану, адамтану дейтін жазусыз қағиданың кеңістігін аралап қайтқандай болушы едім... Талай-талай жиындарда Өмекеңнің ел тағдырын оң жолға бастар батыл-батыл ұсыныстарды орнымен айтып, тәуелсіз жұртымыздың дамуына аянбай тер төккен кез­дерінің сан куәсі болдық...

Ол тағдырын төрт түлік пен жерге байлаған, жаңа заман қалыптастырған технология мен ғылымға бет бұрған қазақ есімді кең мінез елдің адал пер­зенті ретінде, ұрпағының, ұл­тының мәртебесін асқақ ұс­тап, өз ұстанымымен өмір сүрді, еңбек етті, ғұмыр кешті. Өмекең алғашқы Республика Сенатының төрағасы болды. Алыс-жақын шетелдермен байланысты жолға қойып, ұлт парламентінің кең қанат жайып, орнығуына зор үлесін қосты. Сенатта жүріп он алты жыл сабырлы мінезі, сал­мақты жүрісі, дара бітімді қалыбымен заңгерлік биліктің пирамидалды төріне жарасар тұғырлы тұлға, ақылгөй аға, абыройлы сарапшы бола білді... Сенатта жүріп, бозбала кезінен қиялына қанат бітіріп, көңіліне тыным бермеген ел тарихы мен ел өткені туралы тамырын терең-терең ғасырлар қойнауынан тартатын тарихқа деген құмарлығын үзбей, байытумен болды.

Кемел басшы, халық ойы мен жүрек қағысын дәл ұс­тап отырар мемлекетшіл тұл­ға ретінде Өмекең саясат әлемінде сөзінен де, жүрісінен де жаңылмай, тәуелсіз Қазақ елінің иығына артқан ауыр жүгін қайыспай көтере білді. Қуаныш Сұлтановтың сөзімен айтқанда, «Әрқайсысы бір-бір марқасқа» қағидатты мәселеге келгенде шегінуді білмейтін Өз­бекәлі Жәнібек, Әбіш Кекіл­баев, Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Кенжеғали Сағадиев, Марат Оспанов секілді кешегі ұлт парламентінің көркі бол­ған, қазақтың өрі мен төріне жарасқан тағы бір кесек бітімді, өр мінезді, тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен ірі тұлғамыз бақиға аттанып барады.

Бақұл болыңыз, елге тұтқа болған Өмеке!

Қош, аға!

Иманыңыз саламат болсын, өрісті дәуірдің өркенді тұлғасы!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты