Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Елгезек жандарға ел разы

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі қарғын су қауіп тудырған аймақтарда 700-ге жуық полиция қызметкері тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр.

Елгезек жандарға ел разы

Облыс орталығын қақ жарып ағатын Қылшақты өзені алғаш тасығанда көргенбіз. Теміржол және автобекеттерден шығатын жолаушылар ағыны жалғыз көпір арқылы өтіп, қалаға кіреді. Сол күні көлік нөпірі көп екен. Көпір үстінде полиция қызметкерлері асыққан, ашулы жолаушыларды сабырға шақырып, тар жерден кідіріссіз өтуін қамтамасыз етіп жатты. Жан ұшырып жүріп істеген ісіне қарап разы болдық. Сөйтсек, полиция қызметкерлері жалғыз Көкшетау қаласында ғана емес өңірдегі су тасқыны болуы мүмкін қауіпті жерлерді де қадағалауға алыпты. Қадағалау ғана емес, қол ұшын беру, көмек­тесу, жанашырлық жасау. Қауіп төнгенде елгезектік танытып, уақытпен санаспай қызмет ет­кен­деріне разы болыстық. Ав­то­бекет маңындағы тұрғын үйлер мен балабақша, аурухана қарғын су астында қалғанда алдымен жетіп, көмек көрсетті. Бұл істе патрульдік полиция батальонының жеке құрамы мен учаскелік инспекторлар жұ­мылдырылды. Полицияның аға лейтенанты Әділхан Мұрат таңсәріден осында екен. Темір­жол бекеті аумағында орналас­қан стационарлық полиция қосынына ауыса отырып, әріп­тестерімен бірге қауіпті учас­кедегі жол қозғалысын реттеу­де. Жүргізушілер де уақытша қолайсыздықты түсініп, тәртіп сақшыларының заңды талаптарын мүлтіксіз орындап жатыр.

Облыста полиция қызмет­керлері күшейтілген режімдегі жұмысқа көшкен. Департамент басшылығының тапсырмасына орай қауіпті жерлерге қосымша бе­кеттер мен патрульдік жасақтар орналастырылған. Жұмыс та жеңіл емес. Өңірдегі республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдардың бойында су орып кету қаупі бар жүзге жуық жер бар екен. Мұндай жерлердің барлығы – полиция бақылауында. Қазіргі таңда қауіпті учаскелерде 700-ге жуық полиция жұмыс істеп жатыр. Олар жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалап қана қоймай, көліктердің кідіріссіз өтуін қамтамасыз етуде. Егер жағдай күрделеніп кетсе, қосымша бекеттер мен тың күш тартылмақ. Жергілікті атқарушы органдарға да қолдан келгенінше көмек көрсетіп жатыр. Мұндайда ең бастысы – адам өміріне қауіп тудырмау. Қызыл су шайып кеткен жерлерде автопатрульдер тәулік бойы кірпік айқастырмай кезекшілік атқарып жатыр.

Көкшетаудағы полиция қыз­меткерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, ха­лық қалаулыларымен және ерік­тілермен бірлесе отырып, қызыл судың кесірінен ауылдан қарға адым жер аттап шыға алмай қал­ған адамдарға зәру заттары мен азық-түлік жеткізіп жатыр. Таяуда ғана Қызылжұлдыз ауы­лы табиғат тақсыретін тартып, байланыс үзіліп қалды. Міне, осы кезде Көкшетау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Жанат Шәріпов, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов бастаған топ ауыл тұрғындарына азық-түлік жет­кізді. Медициналық көмекке мұқ­таж адамдарға да көмек көрсе­­тілді. Қысылған шақта қол ұшын берген жанашыр жандарға жал­пақ жұрттың айтар алғысы мол.

 

Көкшетау