Үкімет • 04 Сәуір, 2024

Ғылыми жобаларды коммерцияландырады

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nazarbayev University-де Премьер-министр Олжас Бектеновтің төраға­лығымен Назарбаев универси­теті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев қоры Жоғары қам­қор­­шылық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелері NU-дың жоғары функционалды зертханаларымен және ға­лым­дардың жаңа әзірлемелерімен, атап айтқанда, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен, им­пульстік үдеткіш зертханасымен, заманауи наноматериалдармен, геном­дық­ және дербестендірілген медицинамен танысты.

Ғылыми жобаларды коммерцияландырады

Жоғары қамқоршылық кеңесінің төраға­сы Олжас Бектенов ғылым мен өндіріс­ті ин­теграциялаудың, сондай-ақ Қазақстан ғы­­лыми қоғамдастығының ғылыми инфрақұ­ры­­лым­ға қолжетімділігін кеңейту жөніндегі нақты міндеттерді атап көрсетті. NU-дың өнер­кәсіп­тік өндірістерге жақын орналасқан өңірлік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Университет ғылыми және білім беру ресурс­тарын дамытуды күшейтіп, өз әзірле­мелерін коммерцияландыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті нығайтуға тиіс. Мұның барлығы ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға ықпал етеді. Зияткерлік мектептердің әлеуетін өңір­лер­дегі мектептерді қолдау үшін барынша пайдалану керек. Міндетіміз – балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Бұған қажетті қолдау көрсетіледі», деді О.Бектенов.

Қазіргі уақытта NU зертханаларындағы зерттеушілер тобы жасанды интеллектіні дамыту, жасыл технологияларды енгізу үшін опто­электроника саласындағы инно­вацияларды зерттеу, күрделі ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту мәселе­ле­рімен айналысады.

«Біз препараттың бірінші және екінші фазаларын бастапқы зерттеуді аяқтадық және жақсы нә­­тижелерге қол жеткіздік. Біз клиникалық сы­­нақ­тарды жүргізуді жалғастырамыз, оның ба­ры­сында емделу кезінде максималды әсер алу үшін препараттың ең жоғары төзімді доза­сы­­на шығу керек», деді өз командасының қа­тер­­лі ісікке қарсы тиімді дәрі жасауы туралы National Laboratory Astana (NLA) директоры Дос Сарбасов.

Онкологиялық препаратты әзірлеу – NLA-ның жалғыз жобасы емес. 5 қуатты электронды микроскоппен жабдықталған зертханада жаратылыстану және инженерлік салалардағы стартап үшін бірлескен зерттеулер жүргізеді.

«Зертханамызда дамытып жатқан негізгі бағыттардың бірі – референсті геномды­ зерт­­теу. Яғни геномдық нұсқалардың ре­фе­­ренсті база­сын құру үшін басқа популяция­лар­дан қаншалықты ерекшеленетінімізді зерт­­теу», деді NU жанындағы NLA өмір тура­­­лы ғылымдар орталығы директорының мін­­­детін атқарушы Айнұр Ақылжанова.

Ғалымдар халқымыздың «генетика­лық бейнесін» жасайды. Бұл жұмыс, мысалы, ауруларға бейімділікті анықтауға көмектеседі. Ол болашақта азаматтардың денсаулығын қорғауға және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

NU ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғалымдар тобы Жоғары қамқоршылар кеңесінің мүшелеріне суды тазарту және сутегі генерациясы бойынша зерттеу­лер жүргізуге мүмкіндік беретін I-NURA үдет­кі­шін ұсынды.

Сонымен қатар Берклидегі Лоуренс Ұлт­тық зерт­ханасымен (АҚШ) бірлесе жасал­ған үдеткіш көр­сетілді. Ол суды тазарту және сутегі генерациясы бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.