Саясат • 04 Сәуір, 2024

Өзара тиімді байланыс

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Арменияның экономикалық ынтымақтас­тық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 10-отырысында екі ел Үкімет басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Мгер Григорян өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Өзара тиімді байланыс

Фото: sputnik.kz

Вице-премьер Серік Жұман­ғарин құттықтау сөзінде екі елдің өзара іс-қимылының достық сипатына жоғары баға берді. Қыркүйек айында Қазақстан мен Армения арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толады.

«Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз мемлекетаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың негізін қалады. Екіжақты және көпжақты іс-шаралар аясында келіссөздер мен консультациялар белсенді түрде жүргізіп отыр. Біз екіжақты тәртіппен де, ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл форматында да елдеріміздің нарықтарына қол жеткізу бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге және нығайтуға тиіспіз. Үкіметаралық комиссия – белгіленген мақсаттарға жетудің негізгі тетіктерінің бірі», деді С.Жұманғарин.

Сонымен қатар Армения вице-премьері Мгер Григорян Үкімет­аралық комиссияның екіжақ­ты күн тәртібіндегі мәселелерді ілгері­ле­тудегі және жаңа бағыттарды да­мы­тудағы шешуші рөлін атап өтті.

Қазақстан тарапы екі ел ара­сындағы ынтымақтастықты ке­ңейту аясында 348,2 млн доллар сомасына металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі саласында өңделген 70 экспорттық тауардан тұратын тізбе қалыптастырып, қарауға жолдады, ҮАК отырысында Премьер-министрдің орынбасары «Қорғас» ХШЫО аясында кооперациялық жобалар құруды ұсынды.

«Армения компанияларын Қытай нарығына шығу мүмкіндігін ашатын «Қорғас» ХШЫО қыз­метіне белсенді қатысуға шақы­рамыз. Қазақстанда қолайлы ин­вес­­­­ти­циялық ахуал қалыптасты, шетел­дік инвестицияларды ынталандыру үшін қажетті құралдар жасалды. Жобаларға барлық кезең­де көмек көрсетіледі», деді вице-­премьер.

Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы бірлескен жоба­ларды іске асыру мүмкіндіктерін, мәдени және гуманитарлық бағыт­тар бойынша ынтымақтастық перс­пективаларын талқылады.

Анықтама: Қазақстан мен Арме­ния арасындағы сауда айналымы 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша 23%-ға өсті: 43,1 млн доллардан 53,1 млн долларға дейін. Экспорт 18,9%-ға (28 млн доллардан 33,4 млн долларға), импорт 31%-ға (15 млн доллардан 19,7 млн долларға дейін). Қазіргі уақытта Қазақстанда Арменияның капиталы бар 380-ден астам компания және экономиканың түрлі секторында 72 бірлескен компания жұмыс істейді.