Фото: Владислав Воднев
Осы тұста Ұлттық банк сот ісі мен шешімдері аясында жасалған «жеке сот орындаушыларының» жалған құжатын ұсыну арқылы алдайтын алаяқтардың жиілеп кеткенін ескертті.
«Қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда азаматтарға тиесілі Ұлттық банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды. Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін «Ұлттық банктің қаражатынан» өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін алға тартады. Азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік органдардағы «уәкілетті тұлғалардың» немесе жеке сот орындаушысының қолы мен аты-жөні жазылған және мөр басылған жалған құжаттарды көрсетеді. Мұндай «растаушы құжаттар» азаматтарды үшінші тұлғаға ақша аударуға сендіру үшін көрсетіледі. Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз», делінген хабарламада.
Алаяқтардың арбауына түскен азаматтарға Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берілді.