Талбесік • 04 Сәуір, 2024

Ертіс ормандары тәулік бойы бақыланады

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертіс ормандарында сәуір айынан бастап өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазіргі уақыт­та «Ертіс орманы» резерваты аумағында 23 биік мұнара тұрғызылып, қажетті жабдықтар орнатылды.

Ертіс ормандары тәулік бойы бақыланады

Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – бұл орман мониторингіне арналған бағ­дарламалық-аппараттық кешен. Ол шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға, өрт қауіптілігі жоғары маусымда орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, өртті анықтау тәу­лік бойы 360 градусқа қарай­тын, 30 шақырымға дейінгі радиуста жағдайды тір­кей­тін бейнебақылау каме­ра­ларының көмегімен жүзеге асырылады. Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» резерватының аума­ғында 23 биік мұнара мен оған қажетті кешендер тұр­ғызылды. Ондағы бейнекамералар тепловизормен жарақталғандықтан өртті түнде де анықтаудың мүм­кіндігі бар. Бұған қоса най­зағай түскен жерлерді камералар көрсетіп, белгі б­ереді. Жүйені басқаруды қам­тамасыз ету орталығының (БҚО) мамандары қазіргі уақытта оқытылып жатыр. 8 сәуірде жүйе толыққанды жұмыс істей бастайды.

впр

Резерваттың бас дирек­торының міндетін атқарушы Қазбек Әметовтің айтуынша, жаңа құрылғылар арқылы алдағы уақытта мемлекеттік орман қорына жататын 277,9 мың гектар аумақты тәулік бойы толық бақылауына мүмкіндік туады.

– Жаңа жүйенің көме­гімен орман өрттерін уақ­тылы анықтап қана қоймай, сонымен қатар орман заң­на­масының бұзылуын да анықтауға болады. Се­бебі жүйе тәулік бойы бей­нетүсірілім жүргізіп, онлайн режімде БҚО-ға сигнал таратып тұрады. Мысалы, түнгі уақытта орман арасында техника қозғалысы байқалса, камералар бұл құбылыс жайында бірден басқару орталығындағы маманға хабар береді. «Өлі аймақтар» болмауы керек. Негізінен өрт туындай қалғанда қауіптілігі аса жоғары орман телімдері таңдалды. Мұнараларға бекітілген антенна-матчталар резерваттың барлық аумағын бақылауда ұстап тұратындай етіп орналасқан. Мұнара кешендерінің аумағы темір дуалмен қоршалған. Бұл мұнаралардың басында тек тепловизорлы камералар ғана емес, метеорологиялық мониторинг жүргізетін, най­зағайлардың түсуін тіркейтін жүйелер де орнатылғанын ескеру керек. Жүйеге бұдан бө­лек қосымша құрал ре­тінде GPS-трекерлер де енеді. Оларды біз өрт сөндіру техникалары мен патрульдік авто­көліктерге орнатамыз. Сол арқылы өрттің нақ­ты қай жерде болғанын же­дел анықтап, күшті жедел жұмылдыруға болады. Бұған қоса ұшқышсыз басқарылатын аппараттар да кешен жүйесіне енеді, – деді Қ.Әметов.

Өткен жылы облыста 207 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 3 905 гектар аумақтың орман жамылғысын жайпап өткен. Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаевтің айтуынша, былтыр «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауылдағы ұлт­тық табиғи паркте жалпы саны 159 өрт оқиғасы бол­ған. Соның 137-сі най­зағай түсуден тұтанған. Ендігі кезекте орманшылар резерват аумағын шолып, талдау жасамақшы. Соның нә­тижесіне орай қауіпті аймақ­тарда тым болмағанда 10 жайтартқыш орнатады.

Атап өтерлігі, 23 мұна­раның жабдықтары күн панельдері арқылы өнді­рілген электр энергиясынан қуатталады. Әр кешенде дизельді генератор­лар да орнатылған. Күн па­нельдерінен кінәрат шық­қан жағдайда генераторлар іске қосылады.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы