Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Конституциялық сот құрылып, оған кез келген азаматтың өтініші бойынша заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарау міндеті жүктелгендігінің маңызы зор. Осы туралы Мемлекет басшысы жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Біз Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық сотты қайта қалпына келтірдік. Біреулерге Конституциялық кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді. Конституциялық сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге Президенттің де еш қақы жоқ», деп атап айтты.
Конституциялық соттың құрылуы – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан орнату идеясын жүзеге асыру жолындағы шешуші қадамдардың бірі. Себебі, бұған дейін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарау бұрынғы Конституциялық кеңестің міндеті болғанымен, қарапайым азаматтардың оған жүгінуіне мүмкіндік берілген жоқ еді. Бүгінде отандастарымыз 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа арқылы өздеріне берілген қосымша құқықты белсене пайдаланып отыр. Оған Конституциялық соттың ұсынысымен былтырғы желтоқсан айында Салық кодексіне тиісті заңнамалық өзгеріс енгізіліп, азаматтар осы конституциялық бақылау органына жүгінген кезде биылдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 692 теңге мөлшерінде төлейтін мемлекеттік баж салығы алынып тасталғаны да оң ықпалын тигізгені даусыз.
Өткен жылдың басында іске кіріскен Конституциялық соттың қазірдің өзінде атқарған жұмысының көрсеткіштері осы жаңа мемлекеттік органға деген халық ықыласы мен үміт-сенімінің қаншалықты жоғары екенін аңғартқандай. Нақты айтсақ, былтыр оған 5 282 өтініш түскен, оның 5 272-сі, яғни 99 пайызы – азаматтарға тиесілі. Ал мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар 10 өтініш жолдаған.
Сараптай келгенде барлық өтініштің 39 пайызы азаматтардың өздеріне қатысты сот шешімдерімен келіспеушілігіне қатысты болып шықты. Алайда мұндай арыз-шағымдарды қарау конституциялық бақылау органының құзыретіне жатпайды. Өйткені Конституциялық сот – еліміздің жалпы юрисдикциядағы сот органдары жүйесіне кірмейтін, тек Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган. Сондықтан азаматтардың жүгінуі бойынша нормативтік құқықтық актілердің адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексереді. Бірақ былтыр Конституциялық сотқа жолданған өтініштердің 27 пайызында ғана азаматтар заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін тексеруді сұраған. Осыған орай, 51 конституциялық іс қозғалып, оның 39-ы былтыр аяқталған. Нәтижесінде, Конституциялық сот судьялары жан-жақты зерделеп қараған қолданыстағы 355 құқықтық норманың 8-і Конституцияға сәйкес еместігі туралы нормативтік қаулы қабылданған. Бұған қоса, 11 құқықтық норманы тек Конституциялық сот берген түсіндірмеде қолдануға болады деген ұйғарым шығарылған. Үкіметке және өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға 24 нормативтік-құқықтық актіні жетілдіру бойынша 31 ұсыныс жолданған. Сол ұсыныстар бойынша бірқатар шара қолданылып, Конституциялық соттың төрт нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында қылмыстық, әлеуметтік, салық заңнамасына және Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларына өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ, өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қамауда ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілген, сот ұйғарымының негізінде соттарда мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру белгіленген және оның мөлшерлемелері өзгертілген, Әлеуметтік кодекстің кейбір нормалары Конституцияға сәйкестендірілген, азаматтардың бала асырап алуы үшін молекулярлық-генетикалық сараптама ұсынуы жөніндегі орынсыз талап жойылған.
Осы орайда бір айта кетерлік жайт – Конституциялық сот былтыр Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтар көптен бері көтеріп келе жатқан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабының Конституцияға сәйкестігін тексерген. Бұған Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтың өтінішпен жүгінуі түрткі болған. Ол экологиялық апат аймағында тұрып, еңбек еткенімен, кейін Алматы қаласына көшіп кеткен екен. Осыған байланысты бұрын алып келген жалақысына үстемеақы мен қосымша демалыстан қағылған. Сол себепті зиянды аумақтарда тұрып жатқан адамдарға ғана жеңілдіктер беру туралы заң нормасы өзін кемсітушілік деп санайтындығын мәлімдепті. Тексеріс қорытындысында Конституциялық сот Семей ядролық сынақ полигонындағы радиоактивті ластанудың денсаулыққа келтіретін зияны тұрғылықты жерге ғана емес, сонымен бірге ондағы тұрғындар алған сәулелену дозасының мөлшеріне де байланысты екені және ұзаққа созылатыны зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау шараларымен қамтамасыз ету кезінде ескерілуі керектігін атап өтті. Соған орай тиісті нормативтік қаулы қабылдап, Үкіметке Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы қолданыстағы заңды қайта қарауды ұсынды.
Былтыр Конституциялық сотқа Астана, Алматы қалаларының, Қостанай, Қарағанды облыстарының тұрғындары жиі жүгінген. Сондай-ақ біздің елдің конституциялық бақылау органына Ресейдің, Өзбекстанның, Грузияның, Иранның, Тәжікстанның, Қырғыз Республикасының 19 азаматы өз өтініштерін жолдаған.
«Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңға сәйкес конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Ата заңда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және Конституциялық сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданылмайды. Бұл қабылдаған шешімдері орындауға міндетті емес, ұсынымдық сипатта ғана болған бұрынғы Конституциялық кеңеспен салыстырғанда Конституциялық соттың шын мәнінде пәрменді әрі қарапайым адамдарға жақын мемлекеттік орган екенін көрсетеді. Оның қызметі – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Бір назар аударарлық жайт – өткен жылы Конституциялық сотқа келіп түскен барлық өтініштің 92,4 пайызы немесе 4 977-сі конституциялық тексеру үшін қажетті талаптардың сақталмауына байланысты иелеріне қайтарылған. Дегенмен ондай азаматтарға жолданған жауаптарда өтініштерді қайтару себептері түсіндіріліп, жіберілген кемшіліктер түзетілгеннен кейін қайта жүгіну құқығы сақталатындығы мәлімделген. Конституциялық бақылау органына жолдаған өтініші қараусыз қалдырылған азаматтардың ішінде Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев та бар болып шықты. Мұның себебі бүкілхалықтық референдум арқылы жаңартылған Ата заңда еліміздің кез келген азаматына Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілгенімен, оған Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі ғана өтініш бере алатыны жөніндегі бұрынғы норма өзгеріссіз қалдырылған. Бұл Парламент депутаты Конституциялық сотқа жүгіну үшін Сенат пен Мәжілістегі 148 әріптесінің 30-ының яғни 20 пайызының қолын жинауға тиіс деген сөз. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынып, заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органның пәрменін арттыру міндетін алға қойып отырған қазіргі уақытта бұл норма төңірегінде ойлану қажет сияқты.