Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Ұзынсу аулына төнген су тасқыны қаупі «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автожолындағы қозғалысты шектеуге мәжбүрледі. Жергілікті атқарушы органның шешімімен жолдың 207 шақырымында еріген қар суын өткізу үшін жол учаскесін бұзуға тура келді. Сондықтан Панфилов аулынан Ресей шекарасына дейінгі 194–263 шақырым аралығында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы бақылау орнатылды.
Кейінгі күндері халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында да тасқын судың қаупі күшейген. Ауа райының күрт жылынуы мен қардың тез еруінің салдарынан Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарында 5 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 940 метр болатын телімдерді тасқын су басқан. Аталған 5 облыстағы республикалық маңызы бар 5 автомобиль жолында ұзақтығы 249 шақырым болатын телімдерде қозғалысқа шектеу қойылды. Қазір республикалық жолдарда 252 бірлік техника мен 280 адам жұмылдырылған.
Ақмола облысындағы «Макинск – Ақсу – Торғай» тасжолының 24-шақырымындағы Сәуле кентінде де жол шетінде еріген қар суының тасқыны анықталды. Оның ұзындығы 15 м-ді, ал биіктігі 5 см-ді құраған. Ол жерде су тасқынының алдын алу, жол белгілерін орнату, дабыл белгішелері қойылды. Әйтсе де, қозғалысқа шектеу қойылған жоқ. Аталған жұмысқа 6 бірлік техника мен 11 адам жұмылдырылды. Жалпы, облыстың Қосшы, Жібек жолы, Атбасар елді мекендерінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары еріген қар суының алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатыр. Шараға 27 бірлік арнайы техника тартылған.
Батыс Қазақстан облысының аумағындағы республикалық маңызы бар «Подстепное – Федоровка – Ресей шекарасы» тасжолының 35-шақырымында еріген қар суының салдарынан жол төсемін су бұзды. Мамандар дереу шара қабылдап, инертті материалдарды төсеп, жөндеу жұмыстарына 20 маман мен 14 техника шақырылып, жолды қалпына келтірді. Қазір көліктер үшін қозғалыс қайта ашылған.
Соңғы ақпаратқа сәйкес республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының аумағында 4 жол учаскесінде су тасқыны болды. Аталған 4 облыстағы 4 автомобиль жолында ұзақтығы 216 км болатын телімдердегі қозғалысқа шектеу қойылды. Қазіргі уақытта республикалық жолдарда 696 бірлік техника мен 1 618 адам бұзылған жолдарды қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылданып жатыр.
Оған қоса Ақмола мен Қостанай облысында 2 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 109 метр болатын телімді су басып қалған. Ал Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарына тиесілі республикалық маңыздағы 4 автомобиль жолында (ұзындығы 196 км) көлік қозғалысы тоқтатылды. Республикалық жолдарда 283 бірлік техника мен 319 адам тасқын су зардабын қалпына келтірумен айналысып жатыр.