Аймақтар • 05 Сәуір, 2024

Құлсарыда 500 үйді су басты, 2400 тұрғын эвакуацияланды

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кірген еді. Салдарынан 500 үйді тасқын су басты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құлсарыда 500 үйді су басты, 2400 тұрғын эвакуацияланды

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жем өзенінің суы көтеріліп, Құрсай каналы арнасынан асқан.

«Құлсары қаласында 500 үйді тасқын су басып, 2400 тұрғын қауіпсіз аумаққа көшірілді. Тұрғындар арнайы бөлінген қабылдау пункттеріне орналастырылды. Эвакуацияланған тұрғындар үшін «Теңіз» кен орнындағы вахталық кенттен жатақханалар дайындалып жатыр», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Қазір бөгет салу, нығайту жұмысы жүріп жатыр. Оған жергілікті атқарушы органнан, Төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменттерінен, №41433 әскери бөлімінен 323 қызметкер, 142 техника тартылған. 

«Жылыой ауданында елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін құм толтырылған 45452 қап, 174 мың тонна инертті материал төселді. Бұл жұмысқа 4540 ерікті жұмылдырылды», деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.