Қазақстан • 07 Сәуір, 2024

Ұландықтар есіл ерлерді еске алды

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Отан-Ана» Отан қорғаушылар алаңында 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 құқық қорғау әскері жауынгерлерінің обелискіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Ұлттық ұлан мен Шекара қызметінің қолбасшылығы, әскерлер мен жергілікті қақтығыстардың ардагерлері, Астана гарнизонының әскери қызметшілері және елордалық №25 мектептің «Жас бүркіт» кадет сыныптарының оқушылары қатысты. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұландықтар есіл ерлерді еске алды

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдары Ішкі әскерлердің жедел мақсаттағы бөлімдерінен екі мыңнан астам сарбаздар мен офицерлер Қазақстан Республикасының жекелеген жиынтық батальоны құрамында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерді орындады.

Ішкі әскерлер тарихындағы қайғылы оқиға 1995 жылы 7 сәуірде болды. 29 жыл бұрын, Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында Шымкент полкінің жиынтық ротасы шекараға іргелес жақтан содырлардың кенеттен қарулы шабуылына ұшырады. Жаудың жоғары күштерімен төрт сағаттық тең емес шайқас кезінде біздің жауынгерлер тойтарыс беріп, оларды шегінуге мәжбүр етті. Бұл қанды шайқаста 17 жауынгер қаза тауып, 33 адам жарақат алды. Бірақ сарбаздар өздерінің қызметтік борышын абыроймен орындап, «Қазбаттың» ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғалтпай, әскери антқа адалдық танытты.

Б.Әділжан

Б.Әділжан

«Бүгін біз жыл сайынғы дәстүр бойынша Ішкі әскерлердің жауынгерлерін еске аламыз, олардың батылдығы мен табандылығына бас иеміз. Олар бауырлас Тәжікстандағы бітімгершілік миссиясын орындады. Олардың әскери борышына адалдығы, туған еліне деген сүйіспеншілігін айта отырып, өз Отанының лайықты ұлдарын тәрбиелеген ата-аналарына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 қарашадағы Жарлығымен ТМД-ның сыртқы шекараларын күзету жөніндегі әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 5 адам және 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Бас қолбасшының баяндамасында сарбаздардың ерлігі бейнеленген 2019 жылы «Қазбат» көркем фильмі және қаза тапқан жауынгерлердің батылдығы мен табандылығы туралы баяндайтын сериал да тілге тиек етілді.

«Бүгін біз 90-шы жылдары әскери борышын өтеген жауынгерлік достарымызға құрмет көрсетеміз. Бастапқыда Қазақстаннан Қорғаныс министрлігінің екі ротасынан, Шекара әскерлерінің екі ротасынан және Ішкі әскерлердің бір ротасынан тұратын жиынтық батальон құрылды. Құқықтық тәртіп әскерлерінің ротасы Оңтүстік Қазақстан облысында «Ақтас» полигонында дайындықтан өтті. Егер сол қайғылы күн туралы тікелей айтатын болсақ – сол күні біздің балалар бір учаскеден екінші учаскеге көшірілді, шеру кезінде оларға шабуыл жасалған кезде олардың туған ауылдарындағы мектептер мен көшелер қаза тапқан батырлардың атымен аталды, Ұлттық ұланның әрбір әскери бөлімінде қаза тапқан 17 жауынгерге арналған  ескерткіштер мен обелисктер бар, деді өз сөзінде Ішкі әскерлердің қолбасшысы міндетін атқарған генерал-лейтенант Болат Жанасаев.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық ұланы ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, «Застава Тарландары» шекара ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Мұхтар Сабидолданов және «Айбын» орденінің иегері, запастағы аға лейтенант Қайрат Сәтбаев сол ауыр жылдар туралы және аталған оқиға туралы естеліктерін айтты.

Айта кетейік, бұл күндері Ұлттық ұланның әскери бөлімдері орналасқан еліміздің барлық өңірлерінде – қаза тапқандардың жеке құрамы, ардагерлері, әріптестері, олардың достары мен жолдастары өздерінің әскери борышын соңына дейін орындағандарға құрмет көрсету үшін обелисктердің, ескерткіштердің жанына жиналады.

Б.Әділжан