Саясат • 08 Сәуір, 2024

Қазақстан – Үндістан: Тиімді байланыстар

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміз тарихи, геосаяси және экономикалық факторларына орай сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, прагматизм, алыс-жақын мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын құрметтеу қағидаларына негіздеп жүргізіп келеді. Өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға талпыныс бүгінде дипломатиялық байланыс орнатқан шетелдер санының көптігімен дәлелденіп отыр. Соның бірі – бір жарым миллиардқа жуық тұрғыны бар, тарихы, мәдениеті аса бай, саясаты, экономикасы, қоғам өмірі сан салалы, көпвекторлы ел – Үндістан.

Қазақстан – Үндістан: Тиімді байланыстар

Фото: gov.kz

Ақпан айында Қазақстан – Үндістан әріп­тестігіне 32 жыл толды. 1992 жылдың 22 ақпанында екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Ал 1993 жылы қос тарапта да елшіліктер ашылды. Содан бері ынтымақтастық баяу қарқынмен болса да дамып келеді. Айталық, 2015 жылы 461,6 миллион доллар болған екіжақты тауар айналымы 2018 жылы 1,2 миллиардқа, ал 2022 жылы 2,5 миллиардқа жетті. Бұл соманың 1,9 миллиарды Қазақстан экспорты болса, 0,6 миллиарды Үндістан импорты.

Бүгінде Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Екі ел ара­сындағы тауар айналымы өңірдегі қалған мемлекеттердің Үндістанмен арадағы тауар айналымының жиынтық көлемінен де асып түседі. Одан бөлек, елдеріміз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Үндістан диалогы» сияқты ірі халықаралық ұйымдар аясында өзара әріптес. Қазіргі таңда елімізде үнді капиталының қатысуымен 400-ге жуық заңды тұлға тіркелген. Соңғы 25 жылда Үндістаннан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция ағыны 414 миллион долларды құраған. Еліміз үнділік инвесторларды тарту және өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Мысалы, елге кіруге қойылған шектеулер алынып, 74 елдің азаматтары үшін визасыз режім жаңартылды. Сондай-ақ көші-қон порталы арқылы электронды визалар (e-Visa) рәсімдеу қызметі іске қосылды. Соның орайында 2022 жылдан бастап Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режім ашылды.

Осы кезеңге дейін Қазақстан – Үндістан үкіметаралық комиссиясының 14 отырысы өткен екен. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты, тоқыма саласы, көлік және логистиканы дамыту бойынша 7 бірлескен қазақстандық-үнділік жұмыс тобы жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта елімізде Үндістан компанияларының қатысуымен жалпы сомасы 752,3 млн доллар болатын әлеуетті 21 жоба зерделеніп жатыр. Ал 2 жоба жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Олар – «AltynEx Company» АҚ-ның алтын өндіру жобасына 50,1%-дық үлеспен қатысып жатқан «SUN Group» компаниясы және тез да­йындалатын кеспе өндіру зауытын іске қосқан «CG Corp» компаниясы. Мұның сыртында әскери-техникалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестіктер және бар.

2023 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақ­стан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 811,2 млн долларды құрады. Оның ішінде, экспорт – 312,7 млн доллар, импорт – 498,5 млн доллар. Қазақстандық экспорт көлемінің төмендеуі Үндістанға жеткізілетін мұнай көлемінің азаюымен байланысты. Қазақстан Үндістанға шикі мұнайды, сутегін, инертті газдарды және басқа да бейметаллдар, асбест, ферроқорытпаларды экспорттайды. Үндістанның негізгі импорты – дәрі-дәрмектер, ұшу аппараттары, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтар, телефон аппараттары және шай.

Жаңа жылдан бастап қос ел әріптестігін жаңа деммен жандандыра түсуге ден қойып отыр. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша: «Еліміз Үндістан нарығына жалпы сомасы $609,5 млн болатын 80 түрлі экспорттық әлеуетті тауарлар айналымын өсіруге дайын. Олардың барлығы да елімізден жеткізілетін болады. Атап айтар болсақ, металлургия өнімдерін – $415,7 млн сомаға, химия өнімдерін – $76,9 млн, тамақ өнеркәсібін – $63,5 млн, құрылыс тауарларын – $23,6 млн, машина жасауды – $22,7 млн, фармацевтиканы $7 млн сомаға дейін өсіруге мүмкіндігіміз бар. Энергетика саласындағы елеулі табиғи ресурстарға ие болғандықтан, біздің ел Үндістан үшін мұнай, газ және басқа да энергия ресурстарын жеткізуде сенімді әріптес. Бір сөзбен айтқанда, Үндістанның ауқымды нарығы қазақстандық тауарлар мен қызметтерді экспорт­таушылар үшін тартымды бағыт».

Еліміз ТрансЕуразиялық көлік маршрут­тарында стратегиялық тұрғыда қолайлы ор­на­­­лас­қаны белгілі. Мұхитқа шығар жол ре­­тінде қарастырылатын Үнді елімен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда да осы мүмкіндіктер кеңінен зерделеніп келеді. Соның ішінде экспорттық логистиканың екі негізгі бағдары ерекше назарда. Олар – «Достық – Алтынкөл» және «Ақтау – Құрық» маршруты.

«Достық – Алтынкөл» шекара өткелдері арқылы өтетін бірінші бағыт Циндао портына қарай беттеп, Қытай мемлекетінің аумағын кесіп өтеді. Одан соң құрлық жолы теңіз жолына ұласып, Циндао портынан Үндістанның «Ченнай – Калькутта» портына дейін жалғасады. «Ақтау – Құрық» порт пункттері арқылы өтетін екінші бағыт та дәл сондай. Мұнда теңіз көлігіне қайта тиеу жүзеге асырылады. Яғни Каспий теңізімен Иранға жеткен жүк құрлық арқылы Бендер Аббас портына келеді де, кейін Үндістанның «Нава Шева – Мундра» портына дейін теңіз жолымен қайта тасылады. Мұнда жол жүру уақытына, шығынына және логистикалық тиімділігіне назар аударған жөн», дейді «QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова.

Сарапшы қарастырылған маршруттар­дан өзге ТрансАуған маршрутының да даму мүмкіндігін бағамдауды ұсынады. Бұл бағыт Қазақстан мен Оңтүстік Азия ара­сын­дағы экономикалық және сауда байланыс­тарын нығайту үшін зор әлеуетке ие. Ол Ауғанстан арқылы өтіп, Пәкістан мен Үндістан нарықтарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл маршруттар Үндістанмен сауда байланысын едәуір күшейтіп, қос ел арасындағы экономикалық қатынастарды нығайтып қана қоймай, тауарлар саны артып, оларды тасы­малдауға тиімді де үнемді жол ашыл­мақ.

Жалпы, екі ел арасындағы жүк тасымалының географиялық мәселелерін ескере отырып, логистика мен инфрақұрылымды жақсарту өте маңызды. Теміржолдар мен порттар сияқты көлік инфрақұрылымын инвестициялау сенімді және тиімді жеткізу тізбегін қамтамасыз етуге көмектеседі. Мұнайды жеткізуге ұзақмерзімді келісімшарттар жасау Үндістан мен Қазақстан үшін тұрақтылық пен болжамдылыққа алғы­шарт болады. Бұл энергетика саласын жоспарлау мен инвестицияларды жақсартуға мүмкіндік береді. Осы аспектілерге жіті назар аудара білсе, Үндістан мен Қазақстан екі елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына үлес қоса отырып, мұнай саласында берік және өзара тиімді серіктестік құра алады.

Айта кеткен жөн, сауда-экономикалық қарым-қатынастармен қатар Үндістанмен арада туризм саласында да ілгерілеушілік бар. Мәселен, 2023 жылы еліміздің әуе қатынасының артуының арқасында 75 000-нан астам үнді туристерінің рекордтық көрсеткіші тіркелді. Бір сөзбен, Қазақстан – Үндістан қатынастары жақсы дамып келеді. Екі елдің де алдында ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық даму мен жаңғыруды жүзеге асырудың тарихи міндеті тұр. Екі ел де ортақ мүдделерді бірлесе шешуге, сын, тегеуріндерге бірлесе жауап беруге, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ынталы.