Тағзым • 07 Сәуір, 2024

Орны толмас қаза

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орны толмас қаза

«Серік Байхонов қайтыс болды!» деген суық хабар таңертеңнен миымда шыңылдап тұр... Ең алғаш 1971 жылы:

«Серік деген – жай ғана лақап атым,

Халық – менің шын атым, махаббатым!» деп, өр мінезді өлеңімен келіп танысып еді. Содан бірер жылдан кейін «Жалғасым менің – жалғасым менің» деген тырнақалды тамаша повесімен жарқ етіп, проза көгінен көрінді. Әдебиет әлемі жалт қарады. Сол кезде:

«Өлеңді Байбота екеуіңе бердім, мен енді қарасөзбен боламын!», деді. Айтқанында тұрды.

Серік Байхонов содан бергі жарты ғасыр бойы кесек-кесек шығармаларымен қазақ әдебиетінің биігінен түскен жоқ. Қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен шеберіне айналды. Көп жылдарын телевидениеге сарп етіп, саяхатшылық жолын таңдап, Арал тағдыры, Сыр бойы мәселелері туралы соқталы хабарлар түсіріп қалдырды.

«Қаламгерлігіңмен қалың қазағыңды мойындаттың, енді киноактер ретінде бір жарқ етсеңші!», дейтінмін кейде кездескенде. Түр-тұлғасы, сыр-сымбаты Голливуд актерлерін еске салатын көрікті азамат еді.

Жұптары жазылмаған курстасы Ғаби­ден Құлахметті аузынан тастамайтын, Байбота ақынға деген құрметі ерекше болатын. Екеуміздің Өскеменнен келе жатып, Ғабиденмен кездесеміз деп, оның туған Шолпан аулына бұрылып, қонып қалғанымыз бар. Түнімен ұйықтамай, ауыл адамдарымен әңгіме-дүкен құрған. Ол сондай сапардың бәрінде келешек шығармаларына негіз салып жүретін ізденгіштігін аңғардым. Катонқарағайда уақыт бөліп, кержақтың тәуіп кемпірін ат арытып іздеп барып, Алтайдың емдік шөптері мен тамырлары туралы тәптіштеп сұрап, тізбелеп, мұқият жазып алғанына куә болдым. Кейін соның бәрі саяхатшы Пржевальский мен оның сонау Тибетке дейінгі қиын-қыстау сапарларында жолбасшы болған зайсандық қазақ батыры Мырзаш Алдиярұлы туралы романын жазғанда пайдаға асты.

Біз бүгін әр шығармасын әбден ширатып жазатын аса дарынды қаламдас қатарласымыздан қапыда айырылдық. Орны толмас қаза. Жазмыштан –  озмыш жоқ.

Отбасына, ұлы Жалғас бастаған балаларына, туған-туыстарына, қалың оқырмандарына көңіл айтамын. Алдыңнан жарылқасын, қаламдас дос! Нұрың пейіште шалқысын!

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын