Аңызда Корея атауы «таңдай тұнық ел» деген мағына береді. Айтса айтқандай-ақ екен. Экологиясы таза. Табиғаты көркем. Аумағы біздің бір облыс көлеміндей болса да, 51 миллионға жуық халық тұрады. Бірақ тауға, орманға, өзен-көлге бай өлке. Біздің бұл жолғы сапарымызға Кореяның Туризмді дамыту жөніндегі мекемесі демеуші болды. Бұл ұйымның Алматыдағы филиалын Ким Суджин басқарады. Оның айтуынша, аталған мекеме Оңтүстік Кореяның Туризм, спорт және мәдениет министрлігінің қолдауымен жұмыс істейді. Қазір бұл ұйымның шет мемлекеттерде 33 кеңсесі бар, соның бірі Алматыда орналасқан. Іссапар мақсаты – Кореяға баратын туристер санын мектеп оқушыларына арналған бағдарламалар арқылы көбейту. Қысқасы, демалыста оқушыларға Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарын таныстырып, сол жақта білім алуға шақырады. Сапарластарымыздың дені – еліміздегі «Riviera International», «School Astana», «Garden School», «Quantum Stem School», «BINOM», «Spectrum International School», «Shoqan school» секілді Астана мен Алматыдағы бірнеше жекеменшік білім беру ұйымының өкілдері. Бәрі де білім саласының кәсіби мамандары. Шетінен ағылшынша ағып тұр. Шет жұртқа шыққанда ағылшынша білмесеңіз, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалады екенсіз.
Обалы нешік, аталған туризм ұйымы аяғымызды жерге тигізбеді. Қазақша айтқанда, құдадай күтті. Алматыдан түнгі 00.15-те ұшсақ та, Сеулге келгенде күн төбемізді тесердей шақырайып тұрды. Оңтүстік Кореяның халықаралық әуежайы ат шаптырым екен. Бірақ қызмет көрсетуі өте жылдам. Көп аялдаған жоқпыз. Ел астанасы – Сеул әлемдегі үлкен мегаполистің бірі. Қалада ескі мен жаңа стиль ұнамды үйлесім тапқан. Бірақ сапырылысқан көлікті байқамадық. Әр көлік өз жолымен жүйткіп барады. Бір-бірімен иін тірескен адамдар да жоқ. Көшеде көлденең жатқан кесе шөп кездеспейді. Бәрі де мұнтаздай таза. Айнадай жарқырап тұр. Жергілікті халық тазалық пен ұқыптылыққа айрықша мән береді. Тәртіпке мойынсұнған ел екені көзге бірден көрінді.
Кореяда сегіз күн болдық. Осы аралықта жергілікті жұрттың тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, табиғатымен жақын танысуға мүмкіндік туды. Олар да өздерінің бар жақсысын көрсетуге тырысты. Халқы өте мәдениетті. Сыпайы. Қонақжай. Көргеннен басын иіп, сәлемдеседі. Қауіпсіздік мәселесіне алаңдамайсыз. Ұрлық-қарлық деген жоқ. Байқағанымыз, бұл елде логистика керемет дамыған. Бір ғана мысал. Бізді әрі-бері алып жүрген автобустар бір минут кешіккен емес. Дәл уақытымен жүреді. Жолдары тегіс. Автобуста өзіңізді қайықта келе жатқандай сезінесіз. Өзен-көлдердің үстінен салынған ғажайып көпірлерді көріп, қызыға қарадық. Сеулді бірнеше көпір орап жатыр. Соған қарап, көлік жолы керемет дамыған деп ой түйдік. Елді мекендердің арасы бір-бірімен жалғасып жатқандықтан қайсы қала, қайсы ауыл екенін аңғармайсыз. Негізі, Корея таулы өлке болғанына қарамастан 40-50 қабатты үйлер көп. Мәселен, Сеулдің орталығындағы ең биік «Lotte World Tower» ғимаратының 123-қабатына көтерілгенде қала көз алдымызда алақандағыдай көрінді. Сонда олардың жердің әрбір шаршы метрін қалай бағалайтынын байқадық. Сапар барысында Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекарасындағы демилитаризацияланған аймаққа да жолымыз түсті. Бұл аймақ Сеулден небәрі 40 шақырым жерде орналасқан. Оған кірудің өз ережесі бар. Тәртіп қатал. Бірақ табиғаты керемет. Туристерге арнайы орын жасап қойған. Темір сатымен биікке көтеріліп, өзеннің арғы бетіндегі Солтүстік Кореяның шекараға таяу тұрған елді мекендерін дүрбімен көре аласыз. Ел астанасының орталығындағы азаттық күрескерлеріне арналған мемориалдық кешенге де ат басын тіредік. Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағатына қатысып, жастардың заманауи ойын-сауық орталығын тамашаладық. Сондай-ақ Сувон қаласындағы әйгілі «Samsung» компаниясының инновациялық музейіне барып, әлемдік брендке айналған компанияның бай тарихымен таныстық.
Айтпақшы, корейлердің ұлттық тағамдарының өзі – бөлек әңгіме. Олар түрлі көкөніс, жеміс-жидек және теңіз өнімдерін көп тұтынады. Тағамдарының дені ащы. Байқамасаңыз, тіліңді қуырады. Ет пен шайды жақсы көретін бізге алғашында оған үйрену қиынға соқты. Нанды аз жейді. Негізгі асы – күріш. Нанды да күріштен пісіреді. Сосын шай орнына суды көп ішеді. Бізге олар дәстүрлі пибимпаб тағамын қалай әзірлеуді үйретті.
Жалпы, жергілікті халық салт-дәстүріне мығым. Бәрі ана тілінде сөйлейді. Тұрғындар үй жануарларын қатты жақсы көреді екен. Әсіресе қанден иттерді бала секілді әлпештеп арбаға салып, сүйретіп жүреді. Қысқасы, Оңтүстік Кореядан алған әсеріміз ұшан-теңіз. Сонда бұл елдің даму құпиясына негіз болған «уақыт, тәртіп, тазалық» деген ойға тірелдік. Халық осы үш қағиданы берік ұстанатын секілді. Дегенмен сапарымыздың басты мақсаты – осындағы жоғары оқу орындарымен танысу. Енді соған көшейік.
Ғаламмадин Асқар KAIST-тің 4-курс студенті
Бізге алғашында Гулия есімді қазақ келіншек аудармашы болды. Өзбекстанда туған. Біраз жылдан бері осында тұрады. Корей тілінде жетік сөйлейді. Сол бізге осындағы білім жүйесі туралы аз-маз мағлұмат берді. Оның айтуынша, Кореяда балаларды балабақшаға 1 жастан қабылдаса, мектепке 7 жастан барады екен.
«Бізде оқушылар бес күн оқиды. Сенбі күні қосымшаға барады. Сабақ корей тілінде өтеді. Бастауыш сынып оқушылары түске дейін оқиды. Олардың сабағы таңғы 9.00-да басталады. Мемлекеттік білім ұйымдарында балаларға түскі ас тегін беріледі. Мұғалімдер оқушыларға үйге көп тапсырма бермейді. Сондай-ақ бізде оқушылардың демалысын мектеп белгілейді. Үш ай каникул деген жоқ. Мәселен, жазғы ылғал мен қыстағы суық күндері оқушылар екі апта немесе 20 күн демалады. Мысалы, менің қызым жоғары сыныпта оқиды. Қыс мезгілінде 20 күн демалды. Сабағы осы наурызда басталды. Сондай-ақ мұнда жоғары оқу орнына түсуге жас шектеуі жоқ. Қазір менің жасым елуде. Биыл бір университетке түсуді жоспарлап отырмын», деді ол.
Мұнда әрбір жоғары оқу орны – жеке қалашық. Оған сапар барысында бес университетті аралап көргенімізде көзіміз жетті. Оқу ғимараттары соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кітапханалары оқулықтарға бай. Профессор-оқытушылар құрамының сапасы өте жоғары. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Қазір мұнда соңғы деректерге сәйкес 500-ге жуық еліміздің жастары білім алып жатыр. Солардың бірқатары – Тэджон қаласындағы Korea Advanced Institute of Science & Technology (KAIST) оқиды. Бұл жоғары оқу орны 1971 жылы ашылған. Содан бері Кореяның жоғары технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшыға айналуына зор үлес қосқан. Оның академиялық құрылымында халықаралық ғалымдар тобы жұмыс істейді. Қазір KAIST Оңтүстік Кореяның ең беделді және инновациялық оқу орны саналады. Университетте негізінен инженерия және технология саласына басымдық берілген. Әлемдік білім беру аренасында жоғары беделге ие, оны халықаралық рейтингтер растайды. Айталық, бүгінде бұл оқу орны дүниежүзіндегі үздік 40 университеттің қатарына кіреді. KAIST-тің 4 кампусы бар. Бастысы, Тэджондағы оқу орнының ғылыми қалашығындағы кампус. Ғылыми жобалар мен дәрістердің дені осында өтеді. Сонымен бірге мұнда іргелі ғылыми зерттеу орталықтары орналасқан. Біз KAIST-ке келгенде «құлпынай кезеңі» деген іс-шара өтіп жатты. Студенттердің бәрі университет алаңында құлпынай жеп отыр-ды. Себебі осы кезде құлпынай пісіп, бағасы арзандайды. Біз автобустан түскенімізде қасымызға басына қазақы тақия киген бір бозбала жүгіріп келіп, амандасты. Жүзінен елді сағынғаны байқалады. Есімі – Ғаламмадин Асқар. Осындағы IT мамандығының 4-курсында оқиды. Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген.
«Осы университетке 2020 жылы грантқа түстім. Амандық болса, биыл бітіремін. Әрине, оқу оңай емес. Сабақ ағылшын тілінде өтеді. Үйге көп тапсырма аламыз. Көбінесе кітапханада боламын. Бізге дәріс оқитын профессорлар өте мықты. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік мол. Оңтүстік Кореяда қауіпсіздік деңгейі өте жоғары. Бұл жағынан әлемдегі бірегей елдің бірі деп айтуға болады. Оқу орнында бізге жергілікті студенттермен бірдей жағдай жасалған. Жатақханамыз үй секілді. Бір бөлмеде екі бала тұрамыз. KAIST-те Қазақстаннан 50-ге тарта студент оқиды. Бәріміз бір-бірімізбен жақын араласамыз. Өткен жолы 8 наурызда жиналып, қыздарды құттықтадық. Енді наурыз мерекесін атап өтеміз. Өзім оқуымды аяқтағаннан кейін осында бір-екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинасам деймін», деді ол.
KAIST кампусы өте үлкен. Мұнда студенттерге қолайлы барлық жағдай бар. Кітапхана дейсіз бе, спортзал дейсіз бе, мәдени іс-шара өтетін алаң дейсіз бе – бәрі де қолжетімді. Студенттер сабақтан кешікпеу үшін кампус ішінде велосипедпен жүреді. Сондай-ақ оларға осында қосымша жұмыс істеп, табыс табуға да болады. Ғ.Асқар профессорға көмекші болып істеп, біздің теңгемізбен 100 мың көлемінде айлық алатынын айтты. Көктемгі каникулда аталған туризм мекемесінің ұйымдастыруымен аймақтардағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары да Кореяға келіпті. Солармен осы оқу орнында басымыз қосылды. KAIST мамандары бізге университетті жан-жақты таныстырды. Осында оқитын отандық студенттермен кездесіп, олардың әңгімелерін тыңдадық. Реті келгенде, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің кәсіби кеңес беру бағдаршысы Төлеген Мұратұлын сөзге тарттық. «Біздің мектептен Кореяның жоғары оқу орындарымен танысуға 9-11 сыныпта оқитын 10 оқушы келді. Бұл елдің білім деңгейі жоғары екені белгілі. Бірақ мұнда түсуге конкурс үлкен. Грантқа қол жеткізу қиын. Ақылы оқудың шығыны көп. Бір топтан 1 немесе 2 оқушы түссе соны жетістік деп санаймын. Осында 2021 жылы түскен бір түлегіміз оқиды. Біздің Кореямен байланысымыз бар. Күзгі демалыста да оқушылар келген еді. Енді екінші топты алып келіп отырмыз. Осында оқуға балалардың қызығушылығы жақсы», деді ол сыпайы күлімсіреп.
Одан кейін «Ulsan National Institute of Science & Technology»-ға (UNIST) бардық. Бұл оқу орны 2009 жылы ашылған. Ульсан – әлемге әйгілі автомобиль, кеме жасау және мұнай-химия өнеркәсібі дамыған қала. Сондықтан университет технологиялар саласында үлкен әлеуетке ие. Оқу орнының ашылғанына көп жыл болмаса да, қазірдің өзінде әлемдік рейтингтер бойынша оң нәтижеге қол жеткізген. Мұнда да оқу ағылшын тілінде өтеді. Шамамен 3000 студент білім алады. Университет кампусы шағын таулардың ортасында орналасқан. Қаладан біраз жер. Ульсанға бару үшін бір жарым сағат уақыт кетеді екен. Бірақ профессорлар мен студенттерге барлық жағдай жасалған. Бәрі де қолжетімді. Табиғаты тамаша. Жоғары оқу орнында 70-80-ге жуық қазақ жастары оқиды. Соның бірі – Хадиша Сәлемова. Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген.
«Қазір 1-курстың 2-семестрінде оқимын. Біздің университет KAIST секілді оқу орнымен салыстырғанда шағындау. Олардан бір ерекшелігі – мұнда 1-курста ешқандай бағытты таңдамайсыз. Оны 2-курстан таңдаймыз. Бірақ мен екінші семестрден бастап, биомединженерияны таңдадым. Біздің елімізде осы бағыт енді дамып келе жатыр. Соған өз үлесімді қосқым келеді. Мұнда биомединженерия – өте үлкен бағыттың бірі. Осы сала бойынша тәжірибе жасайтын үлкен зертханалар бар», деді Хадиша.
Кореяның жоғары оқу орындары қазақ жастарына жаңа мүмкіндіктерге жол ашып берген. Оны студенттердің өздері де айтты. Бұл елде біліміңді, ой-өрісіңді, қабілетіңді, талантыңды дамытуға мүмкіндік мол. Алайда жоғары оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде өткенімен корей тілін білу маңызды. Сондықтан осы тілді де толық меңгергендер бар. Олар түрлі танымдық семинарға қатысып, жетекші профессорлармен еркін сөйлесе алады. Бір жағынан, Кореядағы бакалавриаттан кейін АҚШ-та магистратураға түсу әлдеқайда жеңіл. Сондай-ақ беделді жұмысқа да орналаса аласыз. UNIST магистратурасында оқитын Қасымжомарт Айтбек Кореяның қоғам ретінде жақсы дамығанын тілге тиек етті.
«Осы оқу орнына 2022 жылы түстім. Қазір электрлік инженер бағытында оқып жатырмын. Бұған дейін Назарбаев университетінде білім алдым. Магистратурада оқу қиын деп айта алмаймын. Көбінесе зертханада жұмыс істеймін. Бұған профессорлар түсіністікпен қарайды. Бұл жақта корей тілін білген дұрыс. Сондықтан осы тілді үйреніп жатырмын. Болашақта елге ораламын деген мақсатым бар. Бірақ оған дейін мықты маман болып қалыптасуым керек. Біздің елімізде де проблема жетеді. Қазір әлемде жасанды интеллект трендке айналып келеді. Біздің елімізде бұл сала банк жүйесінде жақсы дамыған. Бірақ оны дамыту үшін көп қаржы, білікті мамандар қажет. Бұл – өзекті мәселе. Кореяда уақытты қатты бағалайды. Бәрі де сонымен есептеледі. Бір затқа тапсырыс берсе, уақытында жеткізіп береді. Ұшақтар, пойыздар, автобустар кешігіп көрген емес. Олар бір-екі минут кешіксе, халық талап етеді. Заң жұмыс істейді», деп өз ойымен бөлісті.
Жасанды интеллект демекші, оның осы елде айтарлықтай дамығанын байқадық. Бір ғана мысал. Сауда орталығына барғанда кофені бізге робот дайындап берді. Оның қасында ешқандай адам жоқ.
Бізбен сапарлас болған еліміздегі «Kangnam Education» білім беру орталығының негізін қалаушы, директоры Ақерке Бағдатқызының айтуынша, Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарындағы білім сапасы әлемдегі ең озық университеттермен бәсекелесе алады. Мұндағы тағы бір ерекшелік – шетелдік студенттерге өте көп грант және жеңілдік беріледі. Бұған біздің «Pusan National University», «Seoul National University», «Yonsei University» барып аралағанда көзіміз жетті. Бұл елде білім бәсекесі өте қатал. Ал басты бәсекелес – корейлердің өздері. Олар жас кезінен білімге көңіл бөледі. Балаларын бос уақытында қосымша сабақтарға береді. Мысалы, Сеул ұлттық университетінің аумағы 4000 шаршы метрден асады. Бұл әлемдегі ең инновациялық 30 оқу орнының қатарына кіреді. Оқу орны 1946 жылы 22 тамызда Сеулдегі 10-нан аса кішігірім оқу орындарының бірігуімен құрылған. Мұнда 30 мыңға жуық студент білім алады. Олардың үш мыңнан астамы – шетелдіктер.
«Қазақ ұлттық университетінің 3-курсында «тәжірибе алмасу» (exchange program) арқылы Кангнам университетінде (Kangnam University) оқыдым. Маған өте ұнағаны – оқытушылардың студентпен қарым-қатынасы, сабақ өту үдерісі. Сонымен қоса университет студенттерге өте қызықты іс-шаралар өткізіп, оның арасында арнайы шетелдік жастарға Кореяның мәдениетімен, тарихымен таныстыратын тегін туристік бағдарлама ұйымдастырады. Сондай-ақ үздік оқығандарға берілетін жеңілдіктер, ақшалай сыйақылар, бұның барлығы кез келген студентті ынталандырады», деді А.Бағдатқызы.
Ақерке соңғы жылдары Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарына түсуге елімізде қызығушылық танытқан талапкерлер саны көбейгенін айтты. Оның басты себебі – Кореяның ең қауіпсіз мемлекет екені ғана емес, мұнда сапалы білім алу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ басқа мемлекеттердегі жоғары оқу орындарымен салыстырғанда осы елдегі университеттердің оқу ақысы да қолжетімді.
«Арнайы конкурстар жоқ. Бірақ мектептегі 9-10-11 сынып бағаларына мән беріледі. ҰБТ қажет емес. Сонымен бірге міндетті түрде корей немесе ағылшын тілдерінен сертификат болуы керек (IELTS/TOEFL/TOPIK). Алайда оқушы 11-сыныпты бітіргенде аттестат бағалары жақсы болып, бірақ тіл білмесе, алдымен университеттің тілдік курс бағдарламасына түсуіне болады. Грант алу үшін қосымша олимпиада дипломы, халықаралық сертификат болса мүмкіндік жоғарылайды», деді ол.
Бір сөзбен айтқанда, Оңтүстік Кореяға барған сапарымызға көңіліміз толды. Әсіресе білім жүйесіндегі жаңашыл бағдарламалар, игілікті істер бәрімізге көп ой салды. Енді осында оқып жатқан қазақ жастары оқуларын тәмамдағаннан кейін елге оралып, осында алған білімі мен тәжірибелерін ел дамуына жұмсаса дейміз. Солай болады деп сенеміз. Айтпақшы, сапар аясында Кореяның атақты «Hyundai» автомобиль зауытына да жолымыз түсті. Жә, оны келесі мақаламызда сөз етейік.