Үкімет • 09 Сәуір, 2024

Штабтың көшпелі отырысы

102 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда Премьер-министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен Су тасқы­нына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөнін­дегі республикалық штабтың көшпелі отырысы өтті. Жиынға бейнеконференцбайланыс режімінде министрліктер мен облыс әкімдіктерінің басшылығы қосылды.

Штабтың көшпелі отырысы

Фото: primeminister.kz

Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің су тасқынына байланысты қазіргі ахуал туралы баяндамалары тыңдалды. Бүгінгі таңда 10 облыста: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режімі сақталып отыр. Қазір жалпы еліміз бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Сонымен қатар отырыста Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ақпараты тыңдалды. Қабылданған шаралардың нә­ти­жесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учас­келерге көшірілді. Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Респуб­лика­лық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1 013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.

«Су тасқынына қатысты жағдай өте күрделі. Президент су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін қойды. Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Тұрғындарды керекті нәрселердің бар­лығымен қамту керек. Бақылауды күшей­тіп, азық-түлік бағасының негізсіз өсу­іне жол бермеуді тапсырамын. Ондай факті­лердің жолын кесу керек. Қазір бірқа­тар өңірде залалды өтеу және өтема­қы төлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс­ты бюрократияға салмай, жедел түрде мүм­кін­дігінше ашық жүргізу керек. Ешкім көмексіз қалмауы керек. Әкімдер жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Коммуналдық кәсіпорындар мен санитарлық-эпи­де­мио­логиялық қызметтер күшейтілген жұ­мыс режіміне көшірілді. Халыққа барлық қажетті қызметтерді сапалы және үздіксіз негізде көрсету қажет», деді О.Бектенов.

Премьер-министр, Штаб жетекшісі Олжас Бектенов келесідей тапсырмалар берді:

- Денсаулық сақтау министрлігі су бас­қан аймақтардағы санитарлық-эпиде­мио­логиялық жағдайды, атап айтқанда, ауызсудың сапасын бақылауды күшейтуі керек;

- Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермей, үй және жабайы жануарларға қажетті ветеринарлық бақылауды қамта­масыз етуге тиіс;

- Ішкі істер министрлігі эвакуа­цияланған халықтың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет;

- әкімдіктер эвакуациялық пункт­тердегі халықты қажетті заттардың барлығымен қамтамасыз етіп, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде оларды уақытша орналастыру мәселесін пысықтауы қажет.

Жұмыс жалғасуда. Елдегі су тасқыны жағдайы – Штабтың тұрақты бақылауында.