Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Қаржылық қолдау ұлғая түсті

186 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тасқыннан зардап шеккен халықты қолдау шаралары үздіксіз жалғасып жатыр. Бұған дейін елдегі ірі қаржылық ұйымдар мен компаниялардың үлкен көлемде ақша аударғанын хабарлаған едік. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) бірлесіп, зардап шеккен азаматтарды, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдайтынын мәлім етті.

Қаржылық қолдау ұлғая түсті

Жергілікті атқарушы органдардың тізіміне сәйкес, зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа несие бо­йынша төлем автоматты түрде 2024 жылдың 1 сәуірі мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады. Әрі осыған байланысты кешіктірілген несиеге айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

Банктер мен МҚҰ мүлікке және жеке шаруашылыққа, қарыз алушылар­дың кірістері мен қаржылық жағдайы­на келтірілген залалдың әсерін бағалау үшін жеке талдау жүргізіп, несие бо­йынша қосымша дербес қолдау көрсету шараларын айқындайды. Бүгінде несие ұйымдарының ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунттарында тиісті өтінішті берудің нақты алгоритмдері және қарызды қайта құрылымдауды жүргізу тәртібі жариялана бастады. Бұл үдерісті жеңілдету үшін банктер мен МҚҰ зардап шеккендердің өтінішін онлайн қабылдауды да жоспарлаған.

Елдегі жекелеген компаниялар мен қор­лар, сондай-ақ кәсіпкерлердің тасқыннан та­рық­қан елге көмек ретінде қомақты қаражат аударуы да үлкен қолдау болып отыр.

Қазір үлкен сомада қаржы аударған компаниялардың ең алдында «Самұрық-Қазына» АҚ тұр. Компания қорынан 15 млрд теңге бөлінген. Одан кейін «Қазақстан халқына» қоры – 5 млрд, «Теңізшевройл» – 2 млрд теңге бөлген. «Шеврон» корпорациясы – 3 млн доллар (шамамен 1,3 млрд теңге), Freedom Holding – 1 млрд теңге, Halyk Bank пен «Халық» қоры көмек ретінде өз қаражатынан 1 млрд теңге бөлу туралы бірлескен шешім қабылдады. «Air Astana» әуе компаниясы – 1 млрд, «Қазақмыс» пен KAZ Minerals 800 млн теңге аударған. Болат Өтемұратов қоры 680 млн теңге бөлді. «Астана Моторс» пен BI Group холдингі 500 млн теңге аударды.

Тағы осы көлемдегі (500 млн теңге) қар­жыны «Allur», «QazTehna» және «Qar­met» компаниялары мен «Eurasian Resources Group бөліпті». Сонымен қатар «Jusan Bank» – 300 млн теңге, «Центр Кредит банкі» – 200 млн теңге, Bank RBK – 150 млн теңге, «Kaspi Bank» – 120 млн теңге «Еуразиялық банк» 20 млн теңге қаржы қарастырған.

Айтпақшы, осынау қиыншылықта ең аз сома бөлген «Kaspi Bank» осы жылдың алғашқы екі айында 69 млрд теңге пайда тапқан. Елдегі 10 ірі банк рейтингінде екінші орында тұрғанына қарамастан, көмек бойынша ең аз соманы бөлді және көпшіліктің сынына қалды. Осыдан кейін тасқынға қатысты тағы 500 млн теңге бөлуге шешім қабылдаған.

Kcell және Beeline ұялы байланыс опера­тор­лары су тасқынынан зардап шек­кен азаматтарға тегін минуттар, интернет және SMS беретінін хабарлады. Ал «ҚазМұнайГаз» инфрақұрылымды қалпына келтіруді өз мойнына алатынын мәлімдеп отыр.

Бүгінде қиындыққа ұшыраған ел тұр­ғындарына қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры да өзге өңірлерден толассыз келіп жатыр. Бұған қоса «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры бірнеше күн ішінде 55 мың ел тұрғынынан 80 млн теңгеге жуық ақша жинаған еді. Қазір бұл сома 100 млн теңгеден асқан.