Кино • 09 Сәуір, 2024

Кинотуындының тәлімі

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Режиссер Ринат Балғабаевтың «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен түсірілген «Горгона» деректі фильмінің көрсе­ті­лі­мі миллион қаралым жинаған. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Туынды бүгінгі қо­ғам­­ның өзекті тақырыбына айналған сексуалдық зорлық-зом­былық мәселесін қаузап қана қоймай, тағдыры ұқсас кейіп­кер­лердің бойындағы өзіне деген сенімділікті арттыруға үндейді.

Кинотуындының тәлімі

Алдыңғы айда ғана шық­қан деректі фильм әлеу­меттік желілерде қоғам­дық резонанс тудырған. Жария­ланған күннен бері миллион­ рет қаралып, түрлі сарындағы пікірлер тоқтаусыз келіп жатыр. Себебі фильмдегі кейіпкерлер – өз басынан өткізген қиын тағдырын көпшілікке жеткізуге батылы жеткендер. Түсірілімге кейіпкерлермен қатар Қазақстанда гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында жұмыс істейтін сарапшылар да қатысып, мәселенің түп-төркінін түсіндіруге тырысады. Басты мақсат – зорлық-зомбылықты бастан кешірген кейіпкерлердің шынайы оқиғасын көрсетіп, көрерменге ой салу. Ал фильмнің атауына әлеуметтік желілердегі танымал тренд негіз болған екен. Осыдан екі жыл бұрын әлем бойынша мыңдаған қыз зорлық-зомбылық көргенін көрсету үшін Горгон Медузасының суретін жариялады.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйел­дер» құрылымының кеңсе бас­шы­сы­ның міндетін атқарушы Дина Әмрішеваның айтуынша, өз оқиғаларын бөліскен кейіпкерлер – зорлық-зомбылық көргендерді үнсіз қалмауға және қоғамды гендерлік зорлық-зомбылықты жою үшін бірігуге шабыттандыратын батыл әйелдер. Бұл фильм әйелдер құқығы үшін күресте және зорлық-зомбылықтың барлық түрін жоюда маңызды ақпараттық-насихаттық туынды болмақ. Сондай-ақ ол: «Зор­лық-зомбылықты ақтауға бол­майды. Фильмге түскен әрбір кейіп­кер біздің қоғамдағы барша әйелге батылдық сыйлай алды. Зорлық-зомбылықтың түп-төркіні отбасындағы тәрбие мен жауап­кер­шілікте. Біздің қоғам назарына ұсы­нып отырған фильмге қатысты ой-пікірін білдіріп жатқандардың көбі әдеттегідей қыз-келіншектер. Олар­дың үлесі 70 пайыз болса, қалған 30-ы ер адам. Осының өзі біздің кейіпкерлеріміз басынан өткерген қиын жағдайды және өмір­лік оқиғаны жүрекке жақын қабыл­дап, түсінуге тырысатын, батыл­дық танытуға шақыратын еркек­тердің де бар екенін көрсетіп отыр», дейді.

Фильм режиссері әрі продюсері Ринат Балғабаевтың сөзінше, қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар статистикада келтірілген саннан әлдеқайда көп. Себебі қоғамның зорлық құрбанына деген көзқарасы сөгу мен айыптаудан тұрады. Одан қалса елдегі заң нормалары әлсіз. Көптеген қылмыстық іс сотқа жетпейді, ал жеткендер құқық қорғау жүйесінде жиі қиындықтарға тап болады, соның ішінде тергеудің жеткіліксіздігі және біржақты көзқарас қалыптасып қалған. Сондықтан жәбір көргендер бас­тан өткізген ауыр азапты аузынан шығармай, жылдар бойы жасырып қалуға тырысады. Мәселен, фильмді түсіру барысында продюсер жүзге жуық оқиғаны қарап шығып, түсірілімге он екі кейіпкерді шақыртқан. Алайда соңғы сәтте көбі қоғамның көзқарасынан қорқып, шешімдерін өзгерткен. «Сексуалдық зорлық-зомбылықтан аман қалғандарды қолдау эмпатия мен адамгершілік мәселесі ғана емес, қоғамдық сананың жетілуін, әді­леттілік пен теңдік жағында тұру­ға дайындығын көрсетеді», дейді фильм авторы.

БҰҰ-ның дерегінше, Қазақ­стан­да жыл сайын әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мұның себебі көп. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен фильмді түсірушілер мен қолдау көрсеткендерге қо­ғам­ның санасына сілкініс жасап, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзім­ділікті арттыру бағытындағы жұмысы үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, статистиканың артуына қоғамның көзқарасы, заң нормаларының орын­далмауы, құқық қорғау орган­дарының әділетсіздігі де себеп­ші болып отыр. Сол себепті он екіде бір гүлі ашылмаған бүл­дір­шіндер зорлық-зомбылыққа түсіп, қыздарымыздың қанаты ерте қайырылып, тағдыры талқандалып жатыр. Ал қоғамдағы бұл келеңсіздікті тоқтату үшін күшімізді бір арнаға тоғыстырып, жұмыла жұмыс істеу керек екенін айтқан ол: «Отбасындағы зорлық-зомбылық комиссияның күн тәр­ті­бінде тұрған мәселеге айналды. Қазір Парламентте қаралып жатқан әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі туралы заң жобасы көп кідіртуге болмайтын, енді шегеруге келмейтін құжат болуға тиіс. Себебі заң жобасы кейінгі жылдары қоғам қарсылығы мен талқылауынан да өтті. Төрт жыл бұрын бұл заңды қабылдауға бастамашы болғандардың бірі өзім едім. Құжатта бірнеше заң нормасын қатаңдатуға байланысты ұсыныстар бар. Мәселен, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл-желпі зиян келтіргені үшін жауапкершілікті қылмыстандыру, педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру, өз-өзіне қол жұмсауға көндіру немесе жәрдемдесуді наси­хат­тағандарға қылмыстық жауап­кер­шілікті енгізу секілді бірқатар батыл норма енгізіліп отыр. Бірақ заңды қатайту мәселені толық шешпейді. Сондықтан отбасын қолдау кешенді түрде жүру керек. Бұл бойынша да ұлттық комиссия бірқатар бағдарлама енгізіп, жұмыс істеліп жатыр», дейді.

Ұлттық комиссия өкілі сөзін: «Адам­дық қасиеттің азайған жерін­де зор­лық-зомбылықтың шека­расы бол­майды. Сондықтан қыл­мысқа қарсы күрес қоғамдық жұмысқа ай­налуға тиіс. Сонда ғана қазақ қы­­зы­­ның көз жасы нақақтан на­қақ­ төгілмейді», деген пікірмен қорытты.