«Таза Қазақстан» • 10 Сәуір, 2024

Тазалық – мәдениеттің өлшемі

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама бес аптаға созылмақшы. Жеті күннің өзіндік тақырыбы мен мақсаты белгіленген. Науқанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған.

Тазалық – мәдениеттің өлшемі

Мемлекет басшысы­ Қасым-Жомарт То­қа­е­в облыстар мен қала­­лар­дың әкімдеріне аумақ­тар­ды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қала­лар­дың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. Осыған орай қолға алынған акцияның алғашқы жұмасы «Таза өлке» деп аталып, өңірлердегі тұрғындар мен қоғам белсенділері, мекемелер өз аула-жайын тазартуға кірісті. 20 сәуірге дейін жалғасатын науқанның екінші аптасына «Киелі мекен» атауы берілген. Бұл күндері тарихи-мәдени ес­керткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 27 сәуірге дейінгі үшінші жұмаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қо­йылып, көшеттер отыр­ғы­зылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өне­гелі ұрпақ» дей­тін төртінші аптада ардагер­лер сарайы мен қарттар үй­ле­рінің аумақтарын тазарту көз­дел­ген. Соңғы бесінші аптада «Мөл­дір бұ­лақ» атауымен өзен-бұлақ­тар­дың­ ар­насы қоқыстан тазартыла­ды.

п

«Негізгі мақсат – халық ара­­сын­да қоғамдық және эко­­­ло­­гия­лық мәдениетті қалып­тас­тыру, отан­сүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жана­шырлық пен құрмет құн­ды­лық­тарын дәріптеу. Оның аясында қыстан кейін елді мекен­­дерді тазарту және абаттан­­дыру жұмыстарына азамат­тар­ды кеңінен тарту және осы іс-шара­ларға белсенді жас­тар­дың, еріктілердің әлеуетін жұ­мыл­дыру көзделіп отыр. Жалпы, елді мекендерді абаттандыру жұ­мыстары дәстүрлі түрде жүр­­гізіледі. Бірақ дәл осындай фор­матта акция алғашқы рет ұйым­дастырылып отыр. Іс-шаралар өңірлердің өзіндік жос­парына сәйкес апта барысында өткізіледі. Негізгі екпін – әрбір аптаның сенбісі. Яғни халықтың әртүрлі санатын кең қамтуымен өткізілетін негізгі тақырыптық іс-шаралар дәл осы күні өткізілуге тиіс. Сонымен бірге акция аясындағы аптаның әрбір күні жекелеген өңірдің бас­тамалары жүзеге асады. Мысалы, 8 сәуір – Алматы қаласы, 9 сәуір – Қызылорда облысы, 10 сәуір – Жамбыл облысы, 11 сәуір – Түркістан облысы, 12 сәуір – Шымкент қаласы және тағы сол сияқты», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Жоба елордада 13 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза Қа­зақ­стан. Астана – тазалық пен тәр­тіптің үлгісі» атауымен өтеді. Эко­логиялық айлық аясында қа­ланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық та­зарту, көшелерді, тротуарлар мен аумақ­тарды, саябақтар мен скверлердегі жасыл желектерді күту бойынша мау­сымдық агро­­тех­никалық жұ­мыс­тар жүр­гі­зіледі. Сондай-ақ 270 мың­нан астам ағаш отыр­ғы­зыл­­мақшы.

Бүгінде акцияға өңірлер де бір­тіндеп қосылып жатыр. Мәсе­лен, Алматы қаласындағы алғашқы іс-шара «Алматы – біз­­дің ортақ үйіміз» жалпықала­­лық науқаны аясында өтті. Алып ша­һардың 8 шағын ауданында коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар сая­бақ­тар мен парктерде тазалық жұ­мыстарын жүргізді. Алматы қала­лық мобильділік басқармасы мен аудан әкімдіктері бір айда 480 бағ­даршам, 1 765 аялдама па­вильонын ретке келтіріп, 300 мың шаршы метр жолды жөндеуге кіріседі.

«Біздің қала – біздің аула, біздің үй» апталығында 20 мың­нан астам ағаш пен бұта көше­ті отырғызылады. Ағаш отыр­ғы­замын дегендерге көшет, ал жеке үйлердің қоршауын сыр­лағысы келетіндерге бояу беріледі. Осы кезеңде табиғатты сақтауға арналған түрлі шығар­ма­шылық әрі экологиялық іс-шара өтеді. Оның қатарында дәмханалар мен мейрамханалардан тамақ қалдықтарын жинау, мерзімі өткен дәрі-дәрмекті өткізу сияқты жобалар бар. Мұ­ның барлығы қоршаған ортаны сақтауға бағытталған. Жалпы, науқан бір айға созылады. Оған коммуналдық қызметтің жұ­мысшылары ғана емес, қала тұр­ғындары да, кәсіпкерлер де қо­лынан келгенше атсалыса алады. Осында тұрып жатқан әрбір адам – қаланың бір бөлшегі. Егер бәріміз шаһардың тазалығына, көгалдандыруға үлес қоссақ, Алма­тымыз бұдан да көркейе түседі», деді Алматы қаласы Әуе­­зов аудандық көріктендіру бө­лі­мінің бас маманы Ертай Құрманғалиев.

Ал Түркістан облысында жоба аясында 200 мыңнан аса көшет отырғызылды. Іс-шара «Сенбілік – тазалық айнасы» атауымен ұйым­дастырылып, жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік меке­ме мен кәсіп­керлік ұйымдар, ерік­­тілер, аудан, қаладағы жас­тар орталықтары да атсалысты. Абат­­тандыру, кө­галдандыру және тазалық жұмыстарын сапалы жүр­гіз­беген билік өкілдеріне сын-ес­кертпе де айтылды. Мәсе­ле Түр­кіс­­тан облысы әкімі аппа­ра­ты­ның апталық мәжілісінде арнайы қаралды.

Облыс әкімінің бірінші орын­басары Зұлпыхар Жолда­совтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақ­са­тында 2024–2026 жылы қала­ларды көгал­дан­ды­ру және абаттандыру жол картасы бекітілген.

Акцияны қолдаған Ұлытау облысындағы 437 еңбек ұжымы­нан 6 мыңнан астам ағайы­н сенбілікке шығып, 110 арнайы техника жұмылдырылып, 470 гектар аумақ қоқыстан тазартылыпты. Жаңа қоқыс жәшіктері орнатылып, 965 ағаштың қураған бұтақтары кесілген.

Қоршаған ортаның тазалы­ғына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың басты міндеті. Мұны ескерген шымкенттіктер де «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын бас­тады. Жиылған жұрт көшелерді сыпырып, арықтар мен жол жие­гіндегі қоқыстарды жинап, аял­дамалардың әрін келтірді.