Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
«Сатыбалды Гүлмираға және басқа да тұлғаларға қатысты заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі көлемде бопсалау, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған озбырлық жасады деген күдікпен тергеу аяқталды», деді Биғайдаров ведомствода өткен брифинг барысында.
Ол Гүлмира Сатыбалды қамауда екенін атап өтті. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды жалғастырып жатыр. Осыдан кейін олар сотқа беріледі.
Еске салайық, 2022 жылы Гүлмира Сатыбалдыға адам ұрлады және кәсіпорынның акцияларын заңсыз иемденді деген айып тағылды. 2023 жылдың сәуірінде ол кінәсін ішінара мойындады, бірақ ол ешкімді ұрламағанын айтты. Мамыр айында Астана соты оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Маусым айында ол бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін жымқырды деп айыпталып, жазасы сегіз жылға дейін ұзарды.