Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Мәжіліс депутаттары су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізді

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айна Мусралимова мен Дәулет Мұқаев су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында Ақмола облысының Аршалы ауданына, Целиноград ауданының Талапкер ауылына барды. Бұл туралы Айна Мусралимова желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс депутаттары су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізді

Фото: видеоскрин

Айна Мусралимованың айтуынша, қазір Аршалы ауданының тұрғындары үшін Астана су қоймасы қауіп төндіріп тұр. Ол жерден секундына 300 текше метр су төгіледі. Мұндағы су деңгейі туралы есептер мен басқа маңызды ақпарат штабқа екі сағат сайын хабарланады.

«Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында 226 мың текше метр еріген су сорылып, 850 мың текше метр қар шығарылды. 106 бірлік техника жұмылдырылды. 38 мың қап жиналды және төселді. Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында жағдай күрделі. Ал Целиноград ауданынан 474 мың текше метр қар шығарылды, 22 км су бұру траншеялары салынды, 32 км каналдар мен арықтар тазартылды. Шамамен 1,2 миллион текше метр еріген су сорылды. 3 км жаңа бөгеттер салынды. Нұра, Қозыкөш, Қарасу, Мұқыр, Есіл өзендерінің арналары бойынша жұмыс жүргізілді. 8 эвакуациялық пункт дайындалды. 355 адам, 82 бірлік техника, 57 мотопомпалар жұмылдырылды», деп жазды депутат Facebook желісінде.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде Талапкерді су басқаны туралы хабар тарады. Ол жақта да қажетті шаралар қабылданды. Ауылдың айналасында 3 км қашықтықта өтетін үйінділер мен каналды нығайту бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді, 7 мың қап төселді.

«Тұтастай алғанда, жағдай тұрақты, бірақ егістіктерде жатқан қалың қар енді ери бастады, жаңбыр да жауды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан адамдарға: кент әкімдігінің қызметкерлеріне, ТЖД өкілдеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге алғысымды білдіремін. Талапкер тұрғындарының ауызбіршілігі мол, тату-тәтті екен», деп жазды ол.