2026 жылға қарай өңірде қант қызылшасын 15 мың гектарға дейін көбейту көзделіп отыр. Өткен жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан фермерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде тәтті түбір егілген алқаптың әр гектарынан 420 центнерден өнім жиналып, облыс бойынша 361 мың тонна өндірілген. Бұл – бұрын-соңды болмаған жоғарғы көрсеткіш. Дақыл өсіруде қажырлы еңбек сіңіріп, өнім берекесін тасытқан «Дүйсенбінов», «Әбілқасымов», «Хильниченко», «Нам», «Мұқанов К», «Мұхамади», «Алан» сияқты бір топ шаруа қожалығының еңбегі орасан.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өндірістік шығындарды субсидиялау шаруалардың мол табысқа кенелуіне мүмкіндік берді. Мәселен, тұқым, тыңайтқыш, пестицид және ауыл шаруашылығы техникалары мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуға, суармалы егіске су жеткізу қызметтеріне жұмсалатын шығындарды ішінара өтеуге 25-50 пайыз жеңілдік берілді. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілуіне облыс әкімдігі көп күш салды.
«Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде жаңа технологияның рөлі ерекше. Өткен жылы конвизо смарт жаңа жүйесі 10 шаруашылықта жалпы көлемі 530 гектар қызылша алқабында қолданылды. Нәтижесінде, гектарынан орта есеппен 650 центнерден өнім алынды. Калледония, данута, аламея, иберия, смарт джаконда гибридтерінің өсіп-өну, фотосинтез қарқындылығы байқалды. «Гладиус Қаратал» ЖШС жетекшісі Рахым Каримов 170 гектар егістіктің әр гектарынан орта есеппен 80 тонна түсім, ал жекелеген танаптардан 100 тоннадан артық өнім жинады. Бұл және тағы басқалары жөнінде өткен жылы қазан айында өткен далалық семинарда көрсетілді», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Абулхаир Бексұлтанов.
Жалпы, қант қызылшасы агротехнологиясында толық шешілмей тұрған проблемалардың бірі – егістікті түрлі арамшөптен қорғау, жаз бойы алқапты таза ұстау. Еліміздің оңтүстік-шығыс өңір агрофоны табиғатында арамшөптер тығыз өседі. Бұл жерде бір, екі және көпжылдық, жаздық, күздік, қыстық, тамыр және өзек тартатын рудеральды, сидеральды арамшөптердің 40-тан астам түрі мен тұқымдастары қалың өседі.
«Осы уақытқа дейін арамшөптерге қарсы қолданылып жүрген гербицидтердiң классикалық жүйесі тиімсіз. Тұқым себу алдында топыраққа шашатын дуал голд, фронтьер оптима, вегетация мерзімінде берілетін лонтрел, зеллек супер, бицепс гарант, бетанал арамшөптің 92-95 пайызын жояды. Ал көпжылдық шырмауыққа, кекіреге, повиликаға (сары шырмауық) шамасы жетпейді. Ғылыми анықталған анализ бойынша суармалы өңірде орташа 1 гектар жырту тереңдікте жарты миллиард шамасында арамшөп тұқым қоры жатады, олардың тіршілік мерзімі – 20-30 жыл. Сонда 5-7 пайыз гербицидке жойылмай қалған қурай шөп өскіндері суғарған сайын жаз бойы тағы миллиондап шығады. Көп жағдайда шаруашылықтар егісті қосымша қолмен отап, тәпкілеуге мәжбүр болады. Қант қызылшасы өсімдігінің табиғатынан арамшөптерге төзімділігі өте төмен екенін ескерсек, бұл жағдайда конвизо смарт жүйесінің тиімділігі 99-100 пайыз болғанның өзінде олардың өсу қарқыны жоғары болып тұр», дейді А.Бексұлтанов.
KWS компаниясы тарапынан арнайы өкіл Руфат Наджапов осы жылдар ішінде белсенді жұмыс жүргізді. Көптеген кездесу мен семинар өткізіп, мәселені талқылап, гибридтерді сортсынау негізінде жаңа гибрид-будан (терраново, концертина, смарт гибрид, калидония, иберия, данута, тағы басқалары) аудандастырылып, ҚР мемлекеттік тізіліміне енгізілді.
Бүгінде тозығы жеткен техникаларды жаңалау, субсидияларды ретке келтіру, Көксу, Ақсу қант зауыттырының күзгі өнімді қабылдауға күші жете ме және оның дайындығы қалай деген сауал мазалайды. Бұған қоса қант қызылшасын өсіру мен су шаруашылығындағы түйткілді проблемалар, сапалы тұқымға қол жеткізу, тыңайтқыштарды дұрыс пайдалану, басқа да сұрақтар бойынша біраз мәселе бар. Осының алдын алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жүйелі жұмыстар жасап жатыр. Шаруалармен тікелей байланысып, қажет материалдарды уақытында беруге уағдаласты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнде ылғал жабу, тырмалау, себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізіліп жатыр. Осы жылға 11,5 мың гектар қант қызылшасын себу жоспарланса, оған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым толығымен қамтамасыз етіледі, соның ішінде 9,6 мың себу бірлігі Көксу қант зауытында, 6,1 мың себу бірлігі «Жетісу» ӘКК-де қарастырылған.
«Қазіргі кезде 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Сондай-ақ қоймаларда 3 049 тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 4 124 тонна дизель отыны бөлінді, оның бір литрінің бағасы – 250 теңге. Көктемгі дала жұмыстарына тартылатын 23 мың бірлік техниканың дайындық деңгейі – 99 пайыз. Сол сияқты биыл қант қызылшасын өсіруге бағытталған 8 сервистік-даярлау орталығы құрылды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,5 млрд теңгеге сепкіш, жапырақ жинағыш, комбайн сияқты 62 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынып жатыр. Бұдан бөлек «Қазагроқаржы» филиалына 2,2 млрд теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруашылыққа 1,4 млрд теңгеге 131 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» 61 шаруашылыққа 948 млн теңге несие берді», делінген басқарманың анықтамасында.
Жетісу облысы