Ағаш отырғызу «Alma Qala» экологиялық бастамасының 10 жылдығына орайластырылған. Жасыл-желек іс-шарасына аталған жоба бастамашыларының бірі, депутат Ерлан Стамбеков, экобелсенділер мен қала тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, былтыр бастамашы топ Панфилов көшесіне 15 Сиверс алма ағашын отырғызған еді. Бір жылда бұл ағаштар көктеп, қалаға көрік беріп тұр. Сондықтан жылдан-жылға аудандағы жасыл-желектер көбейе береді. Жаяу жүргіншілер алма көшеттері егілген көшемен ертелі-кеш емін-еркін тыныстап, серуендей алады. Осы бастамаға мұрындық болған экобелсенділерге аудан тұрғындарының алғысы шексіз.
Қазір Алматы қаласында «Жасыл аула» акциясы іске асып жатыр. Осы бастама аясында Экология және қоршаған орта басқармасы көп қабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық орындарды көгалдандыруға ниетті алматылықтарға шегіршін, сәнағаш, шаған мен қайың көшеттерін тегін үлестірді.
АЛМАТЫ