16 Маусым, 2010

ӘЛЕМДІ ФУТБОЛ ӘНІ ӘЛДИЛЕП ТҰР

683 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дүйсенбіде футболдан Африкада өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші күні, Е және F тобының алғашқы мачтары өтті. Оларды күтпеген нәтижемен аяқталды деп айта алмаймыз. Е тобында Жапония Камерунды 1:0 есебімен ұтса, Парагвай мен Ита­лия арасындағы кездесу 1:1 есебі­мен аяқталды. Бұл мачта қарсы­лас­тар бір-біріне қарсы жақсы өнер көрсетті. Қазір осы жеңіліс­тен кейін Камерунның жаттығу базасында “ауа райының” чем­пионатқа келердегіден 180 градус­қа өзгергенін, ал ойыншы­лардың көңіл-күйлері әркелкі екенін бай­қау­ға болады. Мұны африка­лық команданың базасында болған жанкүйерлердің бәрі айтуда. Енді Камерунға келесі айналымға шығу үшін Данияны жеңіп, Голландия­ны не ұтып, не онымен тең түсуі керек. Сонда ғана басқа команда­лардың нәтижелеріне қарап, 1/8 финалға шығу мүмкіндігі болады. Ал Жапония болса, келесі айна­лымға жолдама алуға бір табан жақын қалды. Күншығыс елі үшін Камерунмен өткен кездесудегі жеңіс ең үлкен жетістік болып есептелетіні сөзсіз. Өйткені, бұл Жапонияның өз елінде 2002 жылы өткізген әлем чемпионатынан кейін өзге мемлекеттерде өтіп жатқан мундиальдерде жеңген алғашқы матчы болып отыр. Енді Парагвай мен Италияның кездесуіне келсек, бұл ойынның басталар алдында көбінің бүйрегі әлем чемпиондарына бұрғаны сөзсіз. Дегенмен, кездесуде оңтүс­тікамерикалықтар оларға оңай ша­ғы­латын жаңғақ емес екендік­терін көрсетті. Осы матчта Ита­лия­ның ойыншысы Джанлуиджи Буф­фонның кездесудің бірінші жарты­сында қақпаны Федерико Маркет­тиге қалдырып кеткенін білесіздер. Команданың бас бап­кері Марчел­ло Липпи кездесу аяқ­талған соң, қақпашыны ради­кулит мазалағаны, сол себептен оны алмастырғанын айтты. Бірақ, бұл енді Буффон жарысты әрі қарай жалғастыра алмайды деген сөз емес. Ол 20 маусым күні Жаңа Зелан­­диямен болатын ойынға шығады. Қазір Италияның қарсылас­тары­мен тең ойнағанына байла­нысты түрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер оның Парагваймен тең түскенін әлем чемпиондарына лайық еместігін айтса, басқа біреу­­лері “Скуадра Адзурранның” сапында Андреа Пирло, Лука Тони сияқты шеберлердің болма­ғаны Италияның жақсы өнер көрсете алмауына әсер етті деуде. Ал Лип­пидің өзі алдағы екі ойын­да мін­детті түрде команда­ның жеңіске жететініне сенімді екенін білдіруде. Жалпы, осы матчтан кейін дуалы ауыз жанкүйерлер Италия­мен бірге Парагвайдың да ширек финалға шығу мүмкіндігі бар екендігін айтып жүр. Кім білсін, доп домалақ қой дегендей, құра­мында Роке Санта Круз сияқты шеберлері бар, іріктеу турнирінде жалғыз Бразилиядан бір ұпай ғана артта қалып, әлем чемпионатына екінші болып жолдама алған команданың ширек финалға дейін допты шірене тебулері әбден мүмкін. Дүйсенбі күні F тобында Гол­лан­дия мен Дания арасында бол­ған жалғыз ойында алғашқы авто­гол тіркелді. Даниялық қорғаушы Димон Поульсен өз қақпасына абайсызда доп соғып алды. Ал кездесудің өзі 2:0 есебімен голлан­диялықтардың пайдасына шешіл­ді. Бұл матчта құрамында қақпашы Михел Ворм, Уесли Снейдер, Арьен Роббен, Рафаель Ван дер Варт, Ибраим Афеллай, Дирк Кейт, Робин Ванперси сияқты ше­бер­лері бар Голландия коман­да­сының қарсыластарынан басым түспеуі мүмкін емес еді. Айтқан­дай, осы ойыннан кейін Голлан­дия­ның қақпашысы Михел Ворм­ның зайыбы дүниеге шекесі тор­сықтай ұл әкелді. Кеше қақпашы бас бапкерінен сұранып Отанына аттанып кетті. Екі күнге рұқсат алған Ворм 17 маусым күні ко­ман­даның сапына қайта қосыла­ды. Сол күні Голландия мен Жапония арасында кездесудің өтетіні белгілі. Әлем чемпионатының төртін­ші күнін қорытындыласақ, мун­диальде қазір мачтардың бәрі қызықты да тартымды өтіп жат­қа­ны­мен, қар­сыластар қақпасының құлпын бұзатын ойыншылардың әлі де аздау екені көрініп тұр. Оны бір жағынан командалар арасындағы бәсекенің жыл сайын артып келе жатқанымен бай­ла­ныс­­тыруға бола­ды. Десек те, биыл­­ғы жарыста мер­гендігімен көзге түсетін шеберлер­дің төбе көрсететініне сенгіміз келе­ді. Осы орайда кейбір маман­дар мун­диаль­дің бас мергені Германия­ның шабуылшысы Миро­слав Клозе болады десе, басқалары ар­ген­тиналық Лионель Месси, испа­ниялық Фернандо Торрес, брази­лия­лық ойыншылардың бір-екеуі болады деген пікір білдіруде. Осы­лардың ішінде әлем чем­пионат­тары тари­хында 15 доптың авторы атанған бразилиялық Роналдо, қар­сыластар қақпасын 13 рет қапы­­­да қалдырған француз Жюст Фонтэн­нен кейін, мергендер тізі­мінде 11 доп соғып, венгр Шан­дор Кочин мен отандасы Юрген Клинс­маннмен бірге тұрған М.Кло­­зенің басқаларға қарағанда мүм­кіндігі көп деуге болады. Ол 2002 жылы бес рет доп соғып, әлем чемпионатының үздік мергені атанған. Сонымен бірге қазір ойындар­дың сыртында букмекерлік кеңсе­лерде биылғы бәсекені қай елдің жеңіп алатыны туралы пікір­талас­тардың ара-тұра бас қылтитып жүр­генін атап өткеніміз жөн. Олар­­дың көбінде осы жылғы чем­пионатты Бразилия, Аргенти­на, Испания немесе Германия құра­ма­ларының біреуі жеңіп алуы мүм­кін деген болжамдар жасалуда. Ал букмекерлік кеңсеге ставка қой­маса да әйгілі Пеле қазір Бра­зи­лия мен Испанияға тең келетін ешкім жоқ десе, Португалияның атақты футболшысы Эйсебио Ис­панияға бәс тігетінін, ал Испания­ның бас бапкері Висенте дель Бос­ке Арген­тина мен Германия­ның әлем чем­пионатын жеңіп алуға мүмкіндігі көп екенін айтуда. Биылғы мундиальге қатысты тағы мына нәрсені атап өтпеске болмайды. Чемпионатта вувузел деген африкалықтардың ұлттық аспабының шуына бапкерлер мен футболшылардың көбі қарсылық білдіруде. Бапкерлердің айтуынша, бұл аспаптың ызыңы ойыншылар­дың жаттығуына, матч кезінде бір-бірімен сөйлесуіне, бапкерлердің кеңес беруіне кедергі келтіруде. Осыған байланысты олар ФИФА президенті Иозеф Блаттер вуву­зел­ге тыйым салу туралы хат жол­дағанында Дүниежүзілік футбол федерациясының басшысы бұл африкалықтардың төл аспабы, ол әлем чемпионатының бір белгісі екенін айтып, оларға қанағат­танарлықсыз жауап қайтарыпты. Дастан КЕНЖАЛИН.