Су тасқыны • 12 Сәуір, 2024

Тасыған су саябырсып келеді

140 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халқымызда «Су аяғы – құрдым» деген сөз бар. Арнасынан асып, жайылып тасыған су жер бетін жайлап жата бермесі анық. Биылғы межесінен мейлінше көтеріліп, жұртты әбден әбігерге салған су сабасына түсе бастағандай. Мәселен, Қостанай облысындағы су айдындарының деңгейі – орта есеппен 60 см төмендегені байқалады. Ауа райы осы қалпынан айнымаса, жағдай түзеледі деген үміт бар.

Тасыған су саябырсып келеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Алайда батыс өңіріндегі жағдай қалыпты болмай тұр. Күні кеше көршілес Ресей елінің жаңалықтарынан қазақтың алғашқы астанасы болған Орынбор қаласы су астында қалғанын көрдік. Бұл ретте батыс өңірінде жүрген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннен ондағы жағдай жөнінде сұрап көрген едік. Оның айтуынша, батыс өңіріне су қаупі төніп тұрғаны рас, бірақ келе жатқан қауіптің алдын алуға уақыт бар.

«Жайық өзенінің бастауы Ресейден келетінін жақсы білеміз. Қазақстан жеріне кіргенге дейін өзеннің жолын­дағы ең ірі қала – Орынбор. Таңғы сағат 08.00 (Орынбор уақытымен) Жайық дең­гейі 1 м 06 см құраған. Бұл – қауіпті деңгей­ден 1 м 30 см көп. Яғни Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына келетін Жайық өзенінің көлемі де, деңгейі де жоғары болмақ. Орынборға келген өзен суы Оралға 4-5 күнде келеді деп болжанып отыр. Аты­рауға тағы 4-5 күн бар. Уақыт бар, жұмысты күшейту керек. Ирикли су қоймасы су жіберуді 902 текше метр секундына дейін түсірген. Бұған дейін секундына 993 текше метр болған», дейді депутат.

Қауіптің бары рас. Алайда батыстағы ағайын үрейге берілмей, Жайықтың жағасын бекемдеуге бар күшін салып жатыр. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіштің айтысына қарағанда, кейінгі бір тәулікте Жайық өзенінің 10 см көтерілгені байқалған. Қазір оның деңгейі – 7 метр 27 см. Оның қауіпті деңгейі 850 см болып есептеледі.

«Қазір облыста Жайық жаға­сын­дағы елді мекендерді судан алып қалу үшін Жайық жағасын көтеру, қап төсеу, дамбы салу секіл­ді жағажай маңындағы жұ­мыстар қарқынды жүріп жатыр. Орал қаласы мен 4 аудан төңі­­регінде 19 мыңнан аса қап төсел­ді», деді ол.

Ал елдегі жалпы жағдай бо­йынша 11 сәуірдегі ресми дерекке сәйкес Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 524 жеке тұрғын үй, 502 аула аумағы су астында қалды. Бір­лес­кен күштермен 8,8 млн-нан аса текше метр еріген қар суы сорғызылған. Су қаупі бар жерлерге 1,4 млн қап және 1,1 млн тонна инертті материал төселді. 2 750 тұрғын үй мен 1 899 аула аумағы сақталып қалды. Ал зардап шеккен өңірлерге 170 635 кг гуманитарлық көмек жеткізілді.

«Су тасқыны басталғалы бері 97 852 адам, оның ішінде 32 856 бала құтқарылды. Әуе кемелерімен 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құт­қарылды. 7 173 адам, оның ішінде 3 494 бала уақытша пункт­терге орналастырылды. 88 561 мың ауыл шаруашылық жануары қауіпсіздік жерге көшірілген. «Жедел желі» телефонына 1 294 қоңырау түсті, мамандар зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек көрсетіп жатыр», деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар 112 жерден автожолды су шайған екен, оның ішінде 9 көпір бар. Көлік қатынауы үзілген 68 елді мекенге жергілікті әкімдіктер халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын жеткізіп жатыр. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардан 24 225 адам, 2 881 бірлік техника, 482 су сору және 122 жүзу құралы, 15 әуе кемесі жұмылдырылған.

«Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 84,6%. Бұқтырма мен Шүлбі су қоймалары да толып барады. Осы аптада су тасқыны ықтимал. Ақмола облы­сының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 99%. Екі нысан да транзиттік режімде жұмыс істеп жатыр. Мұн­да да су деңгейінің көтерілу қаупі басым. Сағат са­йын бақылау жүргізіліп отыр. Ақтөбе облысында екі ірі су қой­масы 98% толды. Қазір бұл ай­мақта су тасқыны аяқталып, жағ­дай тұрақталды. Он­дағы су қой­маларына 218 млн тек­ше метрден аса су жинал­ды. Ал­­дағы уақытта жинал­ған су ауыл­­шаруашылық қажеттілік­теріне пайдаланылады», деді Су ре­­сурстары және ирригация минис­трлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Су қаупі Астана маңына да төніп тұрғаны бай­қа­лады. Кеше Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төраға­сы Арсен Жа­қан­баев Есіл өзенінің жоғарғы ағысынан Ақ­мола облысы Цели­но­град ауданы Талапкер ауылына дейінгі су деңгейін бақылай келе Жібек Жолы кентінің шағын аудан­дарын су басу қаупін азайту мақ­сатында су жіберу көлемін секундына 50 текше метрге дейін ұлғайту туралы шешім шығарған.

Ал су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда үзілген байланыс қалпына келтіріліп жатыр. Еліміздегі су тасқыны салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Атырау және Ақмола облыстарындағы ұялы байланыс операторлары желілерінің жұмысы тоқтап қалған еді. Мәселен, Құлсары қа­ласында 5 базалық станса су ас­тында қалды, қазір олар бас­қа бай­ланыс стансалары есебі­нен қам­тамасыз етіліп жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркә­сібі ми­нистрлігінің ресми өкілі Альбина Атен мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүздеген маман су тасқыны аймағын­да жүр. Көмек сұрау, су басқан аудан­­дарда жақын адамдармен ха­бар­ласу, эвакуациялау немесе су тас­қынымен күресу бойынша бір­лес­кен жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар кезінде байланыста болу өте маңызды.

Қорыта айтқанда, елдегі су проблемасы екіұдай күйде тұр. Үміт те бар, үрей де жоқ емес. Бастысы, адам аман болса, дүние-мүлік қалпына келер. Үкімет те ешкім көмектен тыс қалмайды деп сендіріп отыр. Ал осынау қиын-қыстау кезеңде ел азаматтары тасқын судан зардап шек­кен ағайынға жан-жақты қол­дау көрсетіп, жағдайды реттеу­ге атсалысып жатыр. Тіпті күні кеше әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген су басқан елді мекен­дерді аралап, өзі өскен өлкедегі халықтан хал сұрай бар­ға­ны мұңай­ған жұрттың жіге­рін жанып, рухын көтерді.