Акушерлік – кез келген мемлекет үшін ана мен баланының амандығы мен денсаулығының кепілі болса, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарының 17-нің алтауында акушерлердің ықпалы атап өтілетіні кездейсоқтық емес.
«Акушерлер денсаулықты нығайтып, аурулардың алдын алуда, ана мен баланы емдеу мен күтуде маңызды рөл атқарады. ДДҰ мәліметтері медбикелер мен акушерлер бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің жартысына жуығын құрайтынын дәйектейді. Акушерлердің көшбасшылығын ілгерілетіп, кәсіби даярлық бағдарламаларының көмегімен тең құқылы және лайықты еңбек жағдайларына қол жеткізуде мүмкіндіктерін кеңейте түсу өте маңызды», дейді ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі Скендер Сыла.
Ал Қазақстанда акушерлік тәжірибені одан әрі дамыту ана мен бала өлім-жітімінің деңгейін төмендетумен қатар, бірқатар өзекті міндеттерді шешуді қамтитындықтан, I Халықаралық конгресс Еуропалық одақ елдерінің мысалында ауылдық жерлерден қалаға дейін акушерлік қызмет көрсету модельдерін талқылау, жүктілік пен босану кезінде іштегі шарананың жағдайын анықтау барысындағы акушерлердің ықпалы, перинаталдық шығындарды сүйемелдеудегі рөлі, перзентханалардағы инфекциялық бақылауға әсері мен басқа да маңызды кәсіби мәселелер сияқты өзекті тақырыптарды талқылап отыр.
Конгреске қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова: «Акушерлік көмек жүйесін одан әрі нығайту үшін оқыту мен даярлықты ұйымдастыруға инвестиция салу, лайықты жалақы, сондай-ақ қолдау мен құрмет көрсетілетін қауіпсіз ортада жұмыс істеу мүмкіндігі қажет. Сондықтан акушерлерді дайындауға қаражат салып, әрбір әйелге өмірінің ең маңызды сәттерінде қажетті көмек пен қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік беретін уақыт келді. Акушер мамандарын дайындық сапасы олардың босану кезінде әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге қауіпсіз әрі тиімді күтім көрсету үшін қажетті білім, машықтар мен дағдылардың бар-жоғына тікелей тәуелді. Жүктілік пен әйелдердің аман-есен босануы акушерлердің тәжірибесіне, білімі мен кәсіби шеберлігіне байланысты екені белгілі. Сондықтан акушерлік көмек жүйесіне салынған инвестициялар әрбір сәбидің қалаулы, әрбір босанудың қауіпсіз болуына тағы да бір қадам жасауға мүмкіндік береді», дейді.
Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің вице-президенті әрі деканы доктор Массимо Пиньятелли: «Акушерлердің халықаралық конгресі әлемдік озық тәжірибелерді жергілікті қажеттіліктермен біріктіру жолындағы маңызды бастама. Халықаралық стандарттар мен зерттеулерді қоса алғанда, біз әрбір ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ұмтыламыз. Бұл конгресс біздің денсаулық сақтау саласындағы біліктілігімізді ілгерілетуге пейілді екенімізді көрсетеді және барлық мүдделі тараптарға пайдасын тигізетін мультидиспинарлық тәсілді қолдануға ықпал етеді», дейді.
Екі күн бойы отандық және халықаралық спикерлері алғашқы медициналық-санитарлық көмек моделінде акушерлік қызмет көрсетудің негізгі тәсілдері туралы баяндап, акушерлік тәжірибеде нақты оқиғалармен қалай жұмыс істейтінін, ғылымға негізделген акушерлік практикадағы шешуші сәттерді талқылады.
Конгресте босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алуда пневматикалық емес шокқа қарсы костюмдерді (NASG) қолдану, жүкті әйелдерге патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделі мен акушерлік практикадағы басқа да өзекті тақырыптар бойынша шеберлік сыныптары өткізілді.
Өз кезегінде І Халықаралық акушерлер конгресінін ұйымдастыруға ұйытқы болған AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әріпрезиденті Айдан Сүлейменова: «Біздің қор – 17 жылдан бері Қазақстанның неонатологиясы мен перинатологиясын дамытуда мемлекетке жүйелі түрде көмек көрсетіп келе жатқан жалғыз қор. Өз жұмысымызда медицина жұмыскерлерінің кәсіби дамуын қолдауға ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын қор таяу және алыс шет елдердің үздік практик мамандарының қатысуымен Қазақстанда тәжірибелік шеберлік сыныптарын өткізеді. Сондай-ақ дәрігерлерді шетелге оқуға, біліктілігін арттыруға жібереміз. Біздің тегін бейне курстары бар «AYALA онлайн-академиясы» платформасында 1,5 мыңнан астам неонатолог және неонаталдық медбике тіркелген. Өткен жылы перинаталдық орталықтардың орта медицина қызметкерлерінің құзыреттілігі мен сараптамасын одан әрі дамытуға оң серпін берген алғашқы Халықаралық неонаталдық медбикелер форумын өткіздік. Биыл Қазақстанда алғаш рет Халықаралық акушерлер конгресін ұйымдастырып отырмыз. Бұл бастама ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз. Тақырыптар мен спикерлердің барлық қатысушылар үшін өзекті әрі қызықты екенін көріп отырмыз. Осы форумда бөліскен білім мен тәжірибе еліміздегі акушерлік тәжірибені жетілдіруге және ұлт денсаулығын нығайтуға көмектеседі деп үміттенеміз», деді.