Аймақтар • 12 Сәуір, 2024

Шымкентте оқушылар қоғамдық көлікте тегін қатынайды

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының оқушылары 1 мамырдан бастап қоғамдық көліктерде тегін жүретін болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков фейсбуктегі ресми парақшасында осы қуанышты хабарды бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте оқушылар қоғамдық көлікте тегін қатынайды

Шаһар басшысының мәлімдеуінше, қоғамдық көліктер І топтағы мүгедектерді, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгісі бар аналарды, Тыл ардагерлерін, зағип жандар мен оларды алып жүретін кісілерді бұл күнде тегін тасымалдайды.

Сонымен бірге қазіргі таңда жеті мен он сегіз жастағы мектеп оқушылары жолақы құнының жартысын төлесе, студенттердің билет бағасы 50 теңгені құрайды. Ендігі ретте жергілікті әкімдік халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатын тағы да арттырмақшы. Сонымен тегін жүру құқы бар жоғарыдағы кісілерден бөлек биыл 1 мамырдан бастап төмендегі азаматтар автобустарда ақысыз қатынайтын болады.

Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағында ұрыс қимылдарына қатысқандар, «Қазақстанның Еңбек Ерлері», ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталғандар, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, саяси қуғын-сүргiн құрбандары, ІІ топ мүгедектері, мүгедектігі бар балалар, 70 жастан асқан зейнеткерлер, мектеп оқушылары.

Өз кезегінде қала әкімі жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен оның сапасы әкімдіктің тікелей бақылауында тұрғанын, осынау қызметті жақсартуға атқарушы билік тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын жеткізді.